20 Тамыз 2014, 04:00
Абырой – ар-намыстың тазалығы және адамгершілік, еңбек, шығармашылық т.б. қызмет арқылы көпшілік тарапынан сый-құрметке ие ететін адамның қадір-қасиеті, қоғамдық бейнесі, беделін білдіретін іргелі этикалық категория. Абырой арабша «аб» – «су», және «рой» – «бет, жүз» дегенді білдіреді. Қазақы дәстүрлі ортада А.-дың жеке басқа қатыстылығынан гөрі ол жалпы қауымдық сипатқа ие болатын тұстары мол.
А. көшпелі ортада қауымның ойлау қабілеті, мәдени қалыптасқан нормалар мен құндылықтарға, дәстүр-салтты «ата жолын» қаншалықты берік ұстанатындығына байланысты болады (толығырақ қ. Ата-баба жолы). Жеке бас пен рудың (қауымның) абыройы (мәртебесі) сынға түсетін кездерде қауым өкілдерінің зиялылық пен парасаттылығы, дәстүрлі жосын-жоралғыларды ұстанатындығы ескеріледі. А. ұғымы өте кең және ой, сана, зерде, зейін, ұят, ибалық, айбын, алғырлық, қылық, көшелілік, азаматтық, көрегендік, намыс, ұждан, пайым, ізгілік, бедел сияқты сан алуан ұғымдар мен категорияларға тікелей қатыстылығы бар.
А. қаншалықты биік, әрі ұзақ уақыт бойы тірнектеп жиналғанымен, бір сәтте ғана, сын сағатта шалыс басқан қадамнан оған кесір келуі мүмкін. Сондықтан да ел арасында берілетін батада «Абыройлы бол!» деген принцип орын алған. Ал сын сәтте абыржыған кезде «А, Құдай, абыройымнан айырма!» деп жалбарынады, оның азай- мауын тілейді. Яғни қазақ баласы үшін А.-дан айырылудан асқан жаза жоқ. Халық «абыройыңды жасыңнан сақта» деп ұдайы ескертеді, елдің абыройын қорғаған күрескерлерді құрметпен ардақтайды, олардың өнегелерін жыр-аңыз етіп, мұрат тұтады. «Абырой атақ шығарады, даңққа жеткізеді», – деген нақыл сөз осыны меңзейді. Қазақтар қыз абыройына да ерекше мән берген. Қыз баланың тәрбиесінде, өзін күйеуге шыққанға дейін ер адамнан сақтауын қазақтар: абыройы өзінде, абыройын сақтаулы, – дейді.
Әдеб.: Ф.Л.-ий. Свадебные обряды у киргизов Оренбургского ведомства // МВ., 1862. №№151, 154, 158; ҚӘТС. 1-том. Алматы: Арыс, 2006; Шаңбай Т. Абырой // Шәкәрім. Энциклопедия. Семей: Тенгри, 2008.
Атақ-абырой – «төртеу түгел болса» дегенде айтылатын «төртеудің» бірін білдіретін моральдық-этикалық категория. Бұл жеке тұлғаның қоғамдық беделін, өзіндік бағасын, жақсы атын, даңқын, яғни жағымды әлеуметтік бағасын білдіретін жиынтық ұғым. Мұның ең қарапайым алғышарты қазақ ұғымында жақсы ат (атану), жаман ат деген қарапайым ұғымнан басталады және жас баланың жаман атқа ие болмауын қадағалайды. Адамның жеке басының дәстүрлі ортадағы жөн-жосықты білуі ғана емес, қысылтаяң шақта елдің бірлігі мен ынтамақ- берекесі жолында оң ұстануы қауымның мүддесі, көшпелі ортадағы қалыптасқан үрдіс, нормаларға сай келуі шарт.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»