Абылайхан Жұбаназар Ташкент турнирінің қола жүлдесі үшін күреседі

2 Наурыз, 15:39 928

Ташкентте өтіп жатқан Grand Slam жарысының екінші күнінде Абылайхан Жұбаназар қола жүлде үшін күресуге мүмкіндік алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.  

81 келіде Ресей балуаны Давид Карапетянды ұтқан Абылайхан Жұбаназар 1/8 финалда мароккалық Ашраф Моуитиді қапы қалдырды. Енді ол жартылай финалдың жолдамасы үшін Омар Бажаблимен сынға түскен еді. Алайда есе жіберген ол жұбаныш белдесуіне мүмкіндік алды. Маңызды сәтте әлем чемпионы, израильдік Саги Мукиді ұтқан А.Жұбаназар енді қола медаль үшін жапониялық Таканори Нагасемен күреседі.

73 келіде белдескен Данияр Шамшаев іріктеу кезеңдерінде Қырғызстан және Словения балуандарын ұтқан болатын. Ал ширек финалда ресейлік Махмадбек Махмадбековтен басым түсті. Алайда жартылай финалда Ресей балуаны Данил Лаврентьевке есе жіберді. Енді қола медаль үшін өзбек балуаны Обидхон Номановпен күреседі.

Бұдан бөлек, 73 келіде Асқар Нарқұлов Польша балуанына жол берсе, 81 келіде Руслан Мұсаев Өзбекстан балуанынан ұтылып қалды. Әйелдер арасында 63 келіде Кристина Сотникова Италия балуанынан айласын асыра алмады. Осы салмақта күресуі тиіс болған Есмигүл Құйылова татамиге шыққан жоқ. Ташкент турнирінің алғашқы күнінде 48 келіде қазақстандық Абиба Әбужақынова финалға шығып, күміс жүлдеге ие болған еді. Сонымен бірге, Олимпиада Ойындарының екі дүркін жүлдегері Елдос Сметов жарысты 7-орынмен аяқтады.

Айта кететін жайт, бүгін жарыстың финалдық бөлімі сағат 17:00-де басталады.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: