9 Қыркүйек 2014, 10:24
Құлшыораз батырдың туған інісі Барақ батырдың жауынгерлігі аса мықты адам болған ғой. Бабамыздың өзі қажырлы, қайратты, өте бетті, батыр тұлғалы, ұзын бойлы, кеуделі, қабағы түсіңкі, сұсты, қара сұр түсті адам болған екен. Екі сөйлемейтін тапқырлығы да бар екен. Абылай Барақты біршама жорыққа ертіп барып, әртүрлі сынға салады. Бір күні екеуара әңгімелесіп отырады. Бұл Абылайдың отыздан асқан, Барақ батырдың елуге келіп қалған кезі еді дейді. Содан Абылай отырып шау тартқан Барақ батырдан:
- Сен осы Кіші жүздің қайсысың, - деп сұрапты.
- Кіші жүз, Тамамын. Таманың өзі Әліп, Жөгі деген атадан тұрады. Соның Әліп атасынан шыққан Дәулеткелді Барақ деген мен боламын, - дейді Барақ Абылайға басын иіп.
Сонда Абылай Барақ батырға түсін жылытып:
- Иә, болсаң – боларсың. Өміріміз жортуылмен, жорықпен өткен соң, баршамыз қазақ баласымыз десіп, кейде достығымызды, ұрандастығымызды көңілімізге медет қылып, қай елдің баласысың деп сұраспайды да екенбіз. Сұраған күннің өзінде барлығында жадымызда ұстай бермейтініміз тағы да бар. Біздің негізгі өміріміздің өзі ылғи-ақ жортуылмен өтіп келеді. Міндетіміз – елге басшылық ету, ел арасының бірлігін, ынтымағын қалыпқа келтіру. Сенің де осы іске атсалысқаныңды қалаймын, - деп Барақ батырды қасына ертіп алған екен. Барақ өзінің қалтқысыз қызметімен, тапсырылған тапсырманың уақытылы орындауымен, артық қимыл, артық сөзге бармайтын тындырымдылығымен Абылай сұлтанның сенімінен шыққан екен.
- Ал, бауырым Барақ! Бір жүріп, бір тұрайық. Дос болайық, - дейді Абылай қолқа салып. – Менің қол астымда бол. Қолбасшы боласың. Менің айтқан тапсырмамды мүлтіксіз орындау – тек сенің қолыңнан келеді, - деген екен. Абылай қасына нөкерлерін қосып беріп, талай бір қиын істерге жұмсаған екен. Барақ батыр Абылайдың тапсырмасын ылғи да мүлтіксіз орындап келіп жүреді. Кейіннен Абылай хан атанып, бүкіл қазақтың ханы болды. Бұл кезде де мосқал тартқан, қарттық ауылына бет түзеген Барақ батырды қасынан тастамай ертіп жүреді екен. Тағы да бір елдің тыныштығы жолындағы, ағайынның бірлігі турасындағы түйткілді, түйінді қиын іске бой салдырып араласуын тапсырып Барақты жұмсайды. Ханның досы, қимас жаны болып саналған батыр төре ауылына ғана тән осы жұмысты абыроймен, ыждақаттылықпен орындап келеді. Абылай бұл іске ерекше мән беріп, Барақтың қалтқысыз қызметіне зор баға береді. Хан ордасында отырған бір отырыста Абылай хан былай деген екен:
- Қазақ сахарасында талай азаматтармен бірге жүріп-тұрдық қой. Атымның шығуына талай азаматтар еңбек сіңірді. Соның бірі – мына отырған қараша кісі. Бұның аты – Барақ. Менің сенімімнен шығып, айрылмас дос болған едік. Тағы да қайталап айтайын. Менің андам – осы кісі. Достығымызға осы отырған ел куә болсын, - деп екеуі кеуделерін жалаңаштап шешініп, ел алдында төс қағысып, бір-бірінен жан аяспайтын дос болғандығын танытқан екен дейді. Анда деп – туыстығы жоқ екі қимас жанның бірін-бірі бауыр санап, әріде бір жүргісі келсе, саусағының ұшын, болмаса білегін кесіп қан шығарып, оны сүтке немесе қымызға қосып ішіп, қанымыз қосылған жанбыз, бұдан былай туыспыз десуін айтады. Абылай мен Барақ осындай анда еді десетін. Хан киініп орнына отырған соң, Барақ батырға батасын береді:
- Ей, Қара Барақ! Қарқаралы қыздай – Барақсың-ау, сен! Хан жоқ жерде – хан Барақ болуға лайықсың-ау, сен! Хан бар жерде, қарқаралы қыздай болатын-ақ адамсың сен. Қаладым сені, бақыттың шылауына ілік, азаматым! Аллаһуакпар, - деп бетін сипаған екен. Осыдан соң хан батырға достығымыздың мысалы, нұсқасы болсын деп бірталай әңгімелер айтады. Әңгімесі аяқталған соң, шамалы ойланып отырып хан былай дейді:
- Сен маған ұнадың. Кейінгі ұрпақтарға сабақ болсын. Ұнат-қанымның белгісі болсын, мен саған бір сый жасайын, - деген екен.
- Тақсыр, мен не істесем де, сізден сый дәметіп істемедім, - дейді Барақ ханға қарап.
- Неғыласың, сен сұрамағаныңмен, мен ұсынғаннан соң, - деп Абылай есік жаққа қарапты. Есіктен кірген екі қызметші Барақ батырдың алдына сүтке малып алғандай, екі бірдей аппақ күшік алып келеді. Тырнағы мен башайына дейін аппақ. Аппақ денелерінде тек тұмсықтары мен көздері ғана мөлдей қап-қара екен. Бірінен-бірі өтіп жұтынып тұр. Содан соң назарын екі күшікке аударып:
- Мен достықтың нышаны болсын деп, осы екеуін сыйға тартайын деп отырмын. Мына екі күшік италақаз (кейбіреулер – сарыалақаз деп те атайды) деген қара-ала құстың балапаны болады. Бұл италақаздың тұмса тууы кезінде, алғашқы басып шыққан жұмыртқасынан құмай тазы туады. Өзі ұяға емес, елсіз жердегі іннің ішіне, қасқырдың немесе аюдың ескі апандарына, я болмаса таудың үңгірлеріне балапандайды. Өзі жылына екі-ақ жұмыртқа салады, соның бірінен күшік шығады екен. Бір италақаз өмірінде бір-ақ рет күшіктейді. Егер де италақаз қай жұмыртқадан күшік шығарын білсе, енесі оны уыз күйінде жарып тастайды. Егер жара алмаса, қабыршықтан шыққан күшік көзін аша салысымен-ақ аңға ұмтылады. Әрі жүйрік, әрі күшті болғандықтан арыстан, жолбарыстан бастап алмайтын аң болмайды дейді. Соны естігеннен соң саяткерлерімді бір жыл аңдытып алған күшіктер еді. Қазір бұлар жасқа толды. Мынасының аты – Ұшар. Мынаның аты – Сұңқар. Ұшар – қанаты барды алады, жерден көтерілгенше. Сұңқар – тұяқтыны алады, тұяғын сермегенше. Айрықша қасиеттерін таныған соң, аттарын осылай қойып едім. Менің саған деген ықыласымның белгісі – жасалып отырған осы тартуым болсын, - деген екен. Барақ батыр ханның бұл сыйлығын қабыл алып, осы екі құмаймен талай мәрте аңға шығып, қанжығасын қандаған екен. Кейіннен пенделік шіркін қалған ба, өзі сыйға тартқан Ұшар мен Сұңқардың толысқан шағында алдынан қашқан аңды жібермейтін қасиетін естіп те, көріп те жүрген Абылай хан «Бір мәрте аңға алып шығайын» деп адам жіберіп, екі құмайды Барақ батырдан сұратып алдырады. Құмайлардың жүйріктігіне, алғырлығына қызыққан хан оларды иесіне қайтара қоймайды. Барақ батыр мен ханның арасы басқа да себептер болды ма екен, біртіндеп суи береді. Бізге беймағлұм себептермен, көңілі суыған Барақ батыр ханның ауылынан жырылып көшіп кеткен екен, - деп Төлежан атам әңгімесін аяқтаған еді.
Нұрлан Рахымжанов
Жетіқоңыр: Жиделі және Жайылма