3 Қыркүйек 2014, 13:30
Соңғы кезде, әсіресе, Құлсары батырды «Абылайдың барлық ісін хабарлап отыратын патша өкіметінің жансызы» деген жаңсақ пікірлер айтылып жүр.
Рас, Құлсары батыр өзінің анты бойынша патша өкіметіне адал қызмет етті. Мұны теріске шығаруға болмайды. 1742 жылдың 2530 тамызында үш жүздің 128 батыры мен билері, старшиндары Ресей мемлекетінің бодандығын мойындап, адал қызмет етеміз деп қолдарына ұстаған Құрандарын сүйіп, Алла атынан ант бергенін тарихтан білеміз (Присяжный лист хана Абульхаира, султана Ерали, батыров, биев и старшин Малого, Среднего и большого жузов. АВПР. Ф.122, 1742 г., д.л.л. 158-169).
Олардың арасында Орта жүздің батырлары мен билерімен бірге Құлсары мен Құлеке де Құдай атынан ант берді. Сондықтан діндеріне берік Құлеке мен Құлсары да анттарын бұзбай, патша өкіметіне адал қызмет етуге тырысты. Мұны архив құжаттарынан анық байқауға болады. Ислам діні бойынша да адамдардың өзі өмір сүрген қоғамына қарсы шықпай, сол қоғамға қызмет етуді теріске шығармайды. Ресей елі үстемдік еткен, кешегі Кеңес өкіметіне беріле қызмет еткен адамдарды сатқын деп жазғырып жатқан ешкім жоқ қой.
Екіншіден, Абылайдың айлакерлік сыртқы саясатын түсінбеушіліктен де болу керек, Құлсары Қытаймен байланысқа қарсы болды. Жалғыз Құлсары батыр емес, Абылайдың немере туысы Салтамет сұлтанның, бұдан кейін старшын болған оның баласы Орыс сұлтанның да Абылайдың жүрістұрысын Ресей өкіметіне хабарлап отырған хаттары архивте бар. Сондықтан бұл старшындардың бәрін Ресей өкіметінің жансыздары деуге болмайды.
Абылайдың Қытаймен қатынасын бақылап отыруды көбіне Құлсарыға тапсырған, оған төмендегі құжат дәлел бола алады. 1760 жылдың 18 шілдесінде жазылған Ресей Сыртқы істер алқасының жарлығынан үзінді келтірейін: «Абылай сұлтан да жоңғар жерлеріне көшуді ниет етулі. Алайда, Абылай сұлтанның қарауындағы қазақтарды жоңғар жеріне көшіп кетуден Құлсары батыр тежеп отыр... Орта жүз жөніндегі саясатымыз: оларды Қытай қарауына өтіп кетуден тежеп ұстау және қазақтардың Қытаймен байланысын үнемі бақылап отыру керек. Ол үшін Абылай сұлтанға, Құлсары және Құ леке старшындарға жалақы тағайындау керек» («ХVІ-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ-орыс қатынастары». – Алматы, 1961 ж. №236, 607-бет).
Бұл құжаттан Құлсарының қазақтардың Қытайға емес, Ресейге тәуелді болғанын қалағаны көрініп тұр. Бұл үшін Құлсарыны Ресейдің жансызы деп айыптау – аруаққа жасалған қиянат. Бұл арада қазақтардың Қытайға емес, Ресейге бағынғанының озық рөл атқарғанын айтып жатудың қажеті жоқ. Құлсары мұны сол уақытта білген деуге болады.