"Абылай ханның арманы" қойылымының тұсаукесеріне Мемлекеттік хатшы қатысты!

10 Ақпан 2015, 03:49

«Абылай ханның арманы» атты тарихи драмасының тұсаукесері болды.

2015  жылғы  7 ақпанда  Қазақстан  Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Астанадағы Қ.Қуанышбаев  атындағы  Мемлекеттік  академиялық қазақ музыкалық  драма  театрында  болып,  «Абылай ханның арманы» атты  тарихи драмасының тұсаукесеріне қатысты.

Аталмыш қойылымды көруге мемлекеттік хатшы Г.Н. Әбдіқалықовамен бірге Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, сенат және мәжіліс  депутаттары,  елордадағы  зиялы  қауым өкілдері келді.

«Абылай ханның арманы» көрермендерге жаңа нұсқада ұсынылды, онда  өткен мен бүгінгі күннің арасындағы үзіліс таппас рухани байланыс бар.  Қойылымның  авторы белгілі жазушы-драматург Думан Рамазан, қоюшы-режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері - Болат Ұзақов.

Шығарма Абылай ханның жоңғар шапқыншылығынан қазақ халқын қорғауынан  басталады. Онда Абылай ханның қазақ халқын өмір өткелдерінен  қалай аман-есен алып шыққаны, ханның көшбасшылық қасиетімен бірге, адами болмыс-бітімі, қайраткерлігі, саясаткерлігі, ақыл-парасаты,  ержүрек батырлығы мен кемеңгерлігін жан-жақты ашып көрсетеді.

Қойылым соңында Мемлекеттік хатшы Г.Н.Әбдіқалықова  тарихи тақырыптағы аталған спектакль Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақ хандығының 550 жылдығын мемлекеттік деңгейде мерекелеу жөніндегі тапсырмасы бойынша қойылып отырғанына ризашылығын білдірді.

Гүлшара Әбдіқалықова Қуанышбаев атындағы театр труппасының еліміздің рухани-мәдени өміріне,  Қазақстанның тарихын зерделеп, жете тануға қосып отырған елеулі үлесін  аса ризашылықпен атап өтті.

Мемлекеттік хатшы театр өнерінің Отансүйгіштік асқақ сезімді қалыптастырудағы, қазақстандық патриотизмді, өз халқының тарихын тереңдеп танып білудегі рөлін ерекше екеніне тоқталды.

Естеріңізде болса, «Абылай ханның арманы» атты  тарихи драмасы өткен жылы сахналанған болатын. Ол кезде бұл қойылым Абылай ханның 300 жылдығына арналып қойылды. Бұл тарихи қойылым көпшіліктің ықыласына бөленіп, Болат Ұзақовтың режиссерлігін жоғары бағалады. Енді биыл Қазақ Хандығының 550 жылдығына орай бұл қойылымды өзгеше нұсқада қайта ұсынып отыр. Қойылымды тамашалаған жандар бұл жолы да рухани байып, қазақтың ұлы ханы Абылаймен тілдесіп қайтты. 

Абылай заманындағы шынайы көрiнiсiн суреттейтiн туынды тек елiмiзде ғана емес, сонымен қатар қаны бiр туыс­қан ел – Түркияда да қойылып өнерсүйер жұртшылықтан өз бағасын алды.


Әзірлеген: Досжан Ділдабай.

Бөлісу: