Абылай ханның Қанды қарағай туралы айтқаны

23 Ақпан 2015, 03:47

Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан «Бабалар сөзі» атты 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлермен бөлісейік.

«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан «Бабалар сөзі»  атты 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлермен бөлісейік. Бұл 100 томдықта еліне қорған болған хандардың өмірі туралы да деректер беріледі. Соның ішінде Абылай ханға байланысты жазылған тұстарын жариялайық.

Ақмола, Атбасар, Көкшетаудың орталығында кең байтақ жатқан дала мен «Қанды қарағай» деген бұрын Атығай, Қарауыл, Қаржас, Алтайдың жайлаулары болып еді. Абылайдың хан болып тұрғанда, қазақтың көп батырларымен кеңесіп отырғанда бір салт адам асығыс кіріп келіпті.

– Отырыңдар, бұл асығыс не қылған адам? – деп жөн сұрапты.

Сонда жігіт айтыпты: –Мен бір жолаушы қазақ едім, жолда қалмақтың жолына кездесіп қалдым. Олар мені тонап алды да, менен жөн сұрады. «Абылай қайда? Оның жанында қазір қандай батыр бар? Қай бетке жорыққа шықпақшы?» деп сұрады. Мен айтпадым. Сонда бір батыр: «Ұйқымның ашылмай тұрғанын қарашы. Абылайдың, не оның батырларының қанын ішпей» – дейді. Біреуі тұрып: «Тезінен қан ішеміз» дейді. Мені олар мазақтап қоя берді. Мен қаным қызып, олардың қолынан босаған соң хабар берейін деп келдім, – деді.

Хан:Батырлар, «жау жоқ деме жар астында» деген қапы болып жауды, елді беріп жібермейік. Өзі де ендеп келіп қалған екен, – деп жігіттен жөнін сұрап алып, ту көтеріп, аттанысады. Сол бетімен шыққаннан кешқұрым жау шетіне ілінеді. Көз ұшында от көрінеді. Жортушылар байқап: «Осы алдымызда қалың қарағай бар еді, от содан шығады» десті. Түнде жауға тию қиын болады деп күзетті жан-жағынан қойып, түнді  өткізеді. Жан-жақтағы елге «дайын болсын» деп хабар да берісті. Таң ата жортушылар «жау қозғалды» деп хабар береді. Абылай туын көтеріп жауға қарсы жүрді. Жау да өзінің көк ала туын көтеріп қарсы жүрді. Бұл қалмақтың Қалдан ханының Шеріш деген батыры екен. «Кім екен? Кімді іздейді екен?» деген елші жіберіпті. Абылайдың елшісі барып еді: -Мен, Шеріш батырмын, – дейді ол. – Біз Абылаймен тату тұрайық деп бірнеше рет елші жіберіп едік, Абылай көнбек болса да, көндірмеген Андығожа, Аңғал деген батырлары бар дейді енді бізге Абылай да, оның сол екі батыры да керек. Бізге сенбеді ғой, енді олардың қанын ішпей тоқтамаймыз, – дейді ол.

Сұрастырса, бастап келген қолда Андығожа, Аңғал жоқ екен.

Жау ішінен біреу: – Аталы жауым едің, қанша кешірсем де көнбедің, енді қаныңды қолымнан өлтіріп ішейін, деп, Абылайға тап берді. Екеуі ат үстінен жағаласып, қылыштаса кетеді. Сол бетімен ұрыс қалың думан қарағайдың ішінде басталады да кетеді. Бірер уақытта Абылайдың әруағы билеп, жау батырының аты етпетінен  құлайды. Абылай жауды өлтіріп, қалың қолға араласқан жауын ұрыста жеңіп, жауды қуып, бет-бетімен орманмен даланы беттеп кеткен екен. Абылай туын көтеріп бір төбеге шығып, маңындағы ерлерін сол жерге жинайды. Қалмақтың ту көтерері қалмайды. Жиналған ерлер қалмақты быт-шыт қылып, қалың қарағайдың ішінен паналатпай далаға қуып, ақыры жеңіпті. Абылайдың қолы сол жерге түнеп, жауды жеңгенін жан-жақтағы елге хабарлап, сол жерде жаудан қолға түскен олжаны бөлісіпті. Олжаны бөліп алған соң, көпшілік бұл жорықты қандай жорық деп атаймыз деп шуласады. Сонда Абылай: «Бұл жорықтың аты «Қанды қарағай қан болды, жол болды болсын» деген екен. Содан бері осы өлке сол атпен кетті.  

Бөлісу: