Әбу Насыр әл-Фараби тұлғасының белгісіз тұстары (2-бөлім)

26 Қазан 2022, 22:27 4685

Әл-Фараби 941 жылы жасы 70-ке келгенде Шам өңірінің Дамаск қаласына бағыт алады

«Ақылына қоса азат жігері бар адамның басты міндеті – өзінің ақылға негізделген еңбегінің арқасында бақытқа жету», - деген әл-Фараби өзі бақытқа жете алды ма? Ортағасырлық биографиялық еңбектер оның тұлғасы, өмір сүру салты, сол кездегі Бағдат қаласындағы өмір туралы не дейді?

920 жылы Ислам халифатының астанасы Бағдат шаһарына келуі. Ұлы ойшыл туралы жазғандар ол Бағдат шаһарына, жалпы алғанда, Халифаттың қалаларына білім іздеп барған деп көрсетеді. Алайда бұл – қате тұжырым. Фараби ол жаққа білім іздеп барған жоқ, өзінің білімін көрсетуге барған.

 Иә, Халифат жеріне жетісімен логика, тіл білімі, медицина бойынша сол заманның мүйізі қарағайдай ғалымдарынан дәріс алған. Бірақ оны дәріс алу емес, білімін жетілдіру деп бағалау керек, себебі мұсылман тарихшыларының өздері Ұлы ойшыл қысқа уақыт ішінде ұстаздарынан асып түсті деп жазады. Ойлап қарасақ, әл-Фараби Бағдат шаһарына табан тірегенде жасы елуде болған. Елу жас ол кезде өмірдің қарттық кезеңі саналған. Бағдат шаһарына дейінгі өмір жолы белгісіз Ұлы тұлға Халифат жеріне кемелденген шағында келген.

Ислам халифатының Аббас әулеті билік құра бастаған тұста 751 жылы Самарқанда қағаз шығару ісі қолға алынады. Бұл ақпараттық революцияға тең оқиға ғылым мен білімнің түрлі салаларын кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді. Тері мен папирусқа жазу әдіре қалып, арзан бағалы Самарқан қағазы жарты әлемді жаулап алады. Халифат аумағында жылына мыңдаған қолжазбалар дүниеге келіп, олар ғылыми ортада тез таралады. Қасиетті Құранды тек қана қолмен жазу керек деген догма кітап басу ісінің кенжелеп қалуына әкелгенімен, оның есесіне құсни хат – каллиграфия адам айтқысыз түрде дамиды. Бұл өз кезегінде ақпарат алмасуды тездетіп, айтары бар ғалымдарды ғылым орталықтарына жетуге асықтырады. 

Ұлы ойшыл Харран қаласына атақты дәрігерге барып, қысқа мерзім ішінде Бағдат қаласына қайтып келеді де, сол жерде 20 жылға жуық тұрады. Шығармаларының негізгі бөлігін осы жерде жазады. Атағы кең тарай бастаған Ұлы ойшылдың төңірегіне шәкірттер жинала бастайды.

Әл-Фараби 941 жылы жасы 70-ке келгенде Шам өңірінің Дамаск қаласына бағыт алады. Ары Каир қаласына өтіп, одан қайтып келіп, Дамаскіде тұрақтап қалады. Бұл заман Аббас әулеті билеп тұрған Халифаттың әлсіреген тұсы еді. Түрлі иеліктердегі билік сол жердегі белгілі топтардың қолына көше бастайды. Ұлы ойшыл Дамаскіге келгенде бұл аймақты Хамадани әулетінің атақты өкілі Сейфуддаула басқарып тұрады. Ақындар мен ғалымдарды ерекше ұнататын осы билеуші Ұлы ойшылдың бір жиында ғұламалардың бәрінен асып түскендігін өз көзімен көріп, оған ықыласы ерекше ауады (Хамадани әулеті шииттік династия болғандықтан, француз шығыстанушысы Анри Корбенге әл-Фараби де шиит болған деуге негіз берген). 

Қазіргі заманғы отандық фарабитанушылар әлі күнге дейін кеңес кезінде қол жеткен ғылыми зерттеулерді айналсоқтап жүргендей әсер қалдырады. Оған кейбір фарабитанушылардың (аты-жөндерін жазбай-ақ қояйын) Ұлы ойшыл Араб халифатына барған, араб қоғамына қатты сіңген, «қарапайым бағбан» болып істеген деген үстірт сөздері айғақ болады.

Араб халифаты тарихта болмаған. Бұл – кеңестік шығыстану ғылымының ойлап тапқан қитұрқы термині. Тіпті араб ұлтшылдарының өздері Халифатты олай атауға ауыздары  бармайды, себебі оның ресми атауы: әл-Хилафа әл-исламия, яғни Ислам халифаты. Іс жүзінде, шариғатқа негізделген Ислам халифаты 622 жылы құрылып, оның байрағы 1259–1517 жыл аралығында қыпшақ мәмлүктерінің, 1514 жылдан 1924 жылға  дейін Осман сұлтандарының қолында болды. Егер бастапқы халифатты Араб халифаты деп атасақ, онда одан кейінгісін Қыпшақ халифаты, одан соң Түрік халифаты деуге тура келер еді. Бұл – бір.

Екіншіден, әл-Фараби көрген Бағдат шаһары – алып мұсылман мемлекетінің астанасы, түрлі ұлттар тұратын аудандардан құрылған ірі мегаполис еді. Мұсылман үмбеті түрлі тілдерде, оның ішінде араб, парсы және түркі тілдерінде сөйлеген, бірақ оларды ортақ дін біріктіріп тұрған. Оның үстіне Аббас әулетінен шыққан халифа әл-Муғтасамның (833–842) анасы түркі болғандықтан, оның Мәуаранахр – Өзеннің ар жағындағы жерлерден – Самарқан, Хорезм, Шаш құл базарларында сатып алынған түркілерден арнайы үлкен әскери топ құрғаны тарих ағымына үлкен өзгеріс әкелді. Тіпті халифа олар үшін Бағдаттың іргесінен жаңа қала салып, сол жерге түркі жауынгерлерін орналастырады. Қаланың атын Самара деп атайды. Арабша «сарра ман раа» деген сөйлемнің ауызекі тілде қысқарған түрі, қазақшаға «көрген адам қуанған» деп аударылады. Түркі мәмлүктерінің саптама етіктерінің табаны тиген, адам көрсе қуанатын көркем қаланың Шығыршық мұнарасы осы күнге дейін сақталған. Сондай-ақ Халифаттың үкімет пен әскер басшылығындағы арабтар мен парсылар арасындағы ашық та жасырын бәсеке түркілердің күшеюіне тағы бір себеп болады. Тарихшы Абу Шама: «Арабтың менмендігі мен парсының билік құмарлығынан таза, жастай әкелініп, арнайы әскери тәрбиеден өткен түркі мәмлүктерінің Халифаттың саяси өміріндегі орындары күннен-күнге күшейіп, олар көп ұзамай мемлекетті басқару ісіне араласа бастайды. 861 жылы халифа әл-Мутауаккил өлген соң Халифаттағы билік олардың қолдарына біржолата көшеді. Халифалар олардың қолында тұтқын секілді еді. Олар оны қажет деп тапса, тақта қалдыратын, қажет деп таппаса, тақтан түсіретін немесе өлтіретін», – деп жазады. Көзі тірі итальяндық шығыстанушы  Ф. Кардини бұл жөнінде: «Ислам әлеміндегі гегемония арабтардан түркілерге көшкен еді. Араб тілі Ислам дінінің қасиетті тілі болып қала берді, бірақ кейбір функцияларын парсы тіліне беруге мәжбүр болды. Құнарлы жерлердегі қалаларда тұратын саны шектеулі арабтар мен көшпелі тайпалар есепке алынбайтын. «Араб» сөзі «бәдеуи» сөзінің синониміне айналған еді», – деп жазды.

Әл-Фараби, міне, осындай кезде Бағдат шаһарына келді және оның мақсаты – арабқа сіңу немесе гастарбайтер (бағбан) болып істеу емес, сөзін  бағалайтын ғылыми ортаны табу еді. Жоғарыда әл-Фараби елу жасында Бағдатқа барды деп айттық. Әл-Фараби: «Жас кезіңде білім байлығын жина, қартайғанда сол байлықты шаш», – деген Низамидің ұстанымымен өмір сүрген. 

Иә, әл-Фарабидің Бағдат шаһарына келген себебі Харун Рашид халифа кезінде құрылған Бейт әл-Хикма (Даналық үйі), қазіргі тілмен айтсақ Мұсылман әлемінің ғылым академиясында өз білімін паш ету еді. Даналық үйі бастапқыда түрлі ғылым салаларындағы кітапхана, ескі дүниенің кітаптарын араб тіліне аудару орталығы болса, әл-Фараби заманына қарай ғылыми ізденіс, білім алу, аударма, қолжазба шығару, түптеу, тарату орталығына айналды. Академияның қасында кезбе ғалымдар үшін жатақхана да болған.

Басқа жұмыс істегендігіне келсек, әл-Фарабидің философ екендігін ұмытпауымыз керек. Ол кездегі философия практикалық және теориялық болып екіге бөлінген. Теориялық философияға логика, құдайтану, табиғаттану, медицина, химия, арифметика, астрономия, геометрия, музыка, метафизика жатса, практикалық философияны   экономика, саясат, этика, грамматика, риторика құрайды. Көріп отырғанымыздай, осы салалардың барлығында дерлік зерттеулер жүргізген Ұлы ойшылдың басқа жұмыс істеуге, оның ішінде бағбан болып істеуге уақыты да жоқ еді. Айтпақшы, әл-Фараби Бағдатқа келген алғашқы жылдары қазы – судья болып істеген, бірақ ғылыми жұмысына кедергі болған соң одан қол үзген. Тарихшылар Ұлы ойшыл сулы, ағашы бар жерге қоныстануға тырысқан деп жазады. Ондағы мақсаты – елден жырақ болу, ғылыммен алаңсыз айналысу еді. Ибн Халликан: «Адамдармен мәжіліс құрып отырмайтын, суы, ағашы бар жерді ұнататын. Сондай жерлерде шығармаларын жазатын, сол жерде істейтіндер оған сыртынан қарап жүретін», – деп көрсетеді. 

Бұған дейін Әбу Насыр әл-Фараби тұлғасының белгісіз тұстары туралы мақаланың бірінші бөлімін жариялаған болатынбыз.

 

Қайрат Сәки,

ҚР дипломатиялық қызметіне еңбек сіңірген қызметкер

Қайрат Сәки
Бөлісу: