Абу Ханифаның ерекше сипаттары мен жомарттығы (5-бөлім)

4 Қараша 2022, 11:36 2529

Бірде қарулы хариджиттер Абу Ханифа отырған мешітті басып алып, одан тәубеге келуді талап етеді

Абу Ханифа – Ислам дінінің біздің ата-бабаларымыз ұстанып келе жатқан ханафи мазһабының негізін қалаған оқымысты. Абу Ханифа қазақ даласында «Имам ағзам» деген атпен белгілі болған. Қазақтар Ислам дінін қабылдағаннан осы күндерге дейін түрлі әдет–ғұрыптарын, жеті атадан бері қыз алыспайтын салтын, қымыз, жылқы етін қастерлі тамақтарының бірі ретінде сақтай алса Имам ағзамның ілімінің арқасында болды.  

Абу Ханифа келбетті, әдемі киінетін, мырза, адамдарға жылы қарайтын адам еді. Абу Ханифа өзінің түріне, киіміне ерекше көңіл бөлетін және басқалардан соны талап ететін. Талғаммен қымбат маталардан тігілген киім киіп, хош иісті иіс суларды пайдаланатын. Бірде ол мәжіліске келгендердің ішінде жыртық–жамау киім киген адамды көреді де, одан мәжілістен кейін кетпей күте тұруды сұрайды. Ел тарқап кетіп екеуі қалғанда оған: «Жайнамазды көтеріп, оның астындағыны ал», – дейді. Адам жайнамазды көтеріп қалса астында мың дирһам жатыр екен. Абу Ханифа оған: «Осы ақшаны алып, үстіңді өзгерт»,  – дегенде ол адам: «Мен бай адаммын, бұл ақшаға мұқтаж емеспін», – дейді. Сонда Абу Ханифа: «Шынында, Алла өзінің берген нығметінің іздерін құлдарының үстінен көргісі келеді – деген хадис саған таныс емес пе? Қасыңдағы досыңның сен үшін ұялмауы үшін үстіңді өзгертуің керек», – дейді.

«Тариху Бағдад» шығармасында Абу Ханифаның өмірі туралы түрлі риуаяттар бар. Ұлы Имамның мырзалығы туралы келесі оқиғалар баяндалады. Бірде Имам ағзам науқастың көңілін сұрауға бара жатқанда өзіне 10 мың дирһам қарыз бір танысын көріп қалады. Имам алға жылжыған сайын қарыздар адам онымен бет–бет келуден тайсақтап, тығыларға жер таппай қалады. Имам оған жақындап келгенде одан неге тығылуға тырысқанын сұрайды. Қарыз адам: «Қарызымды өтей алмағандықтан сізбен кездесуге ұялдым» ,– дегенде Имам ағзам: «Қарызды қайтара алмағаның өзіңді осылай ұстауға құқық бермейді», – деген екен.

Бірде Имам ағзам Абу Ханифа қасына Абдулла деген бір оқымыстыны ілестіріп қажылыққа шығады. Ұзақ жолда бір жерге тоқтаған кезде бір бәдеуи келіп, Абдулланың қолына жармасып, оның бұрыннан берешегі бар екенін айтады. (Бәдеуилер тікелей тонауға, қарақшылыққа жүректері батпаса, осындай қулықпен ақша табуды кәсіп еткен сахараның еркін ұлдары еді). Сонда Абу Ханифа бәдеуиден қанша қарыз екенін сұрағанда, ол 40 дирхам деп жауап береді. Имам: «Іс насырға шауып бара жатыр, мыналар (бәдеуилер) 40 дирһам секілді болмайтын зат үшін жанжалдасуға дайын», – деп өз қалтасынан ақшаны шығарып көшпендіге ұсынады.

Куфаның бір тұрғыны төрт мың дирхам қарыз болып, оны қайтара алмай жүреді. Досына жаны ашыған серігі оған көмектесу үшін елден, қазақша айтсақ, жылу жинайды. Біреуден бір, біреуден бес дирһам дегендей. Сол адам Имам ағзамға көмек көрсету өтінішімен келгенде Абу Ханифа досы қанша қарыз деп сұрап, жауабын естігінде: «Осындай болмашы сомаға бола сонша халықты мазалап не керек?» – деп қарызын толық өтеп береді. 

Имам ағзам Абу Ханифа дәулеті мен байлығына, муфти ретінде қоғамдағы маңызды орнына қарамастан барынша сыпайы және мінезі жайлы адам еді. Бірде шәкірттері мен пікірлестері ортасында отырған Имам ағзамға бейтаныс адам келіп, бір сұрақ қояды. Имамның жауабын алған бейтаныс адам атақты сопы, ғұлама Хасан Имам әл–Басри басқаша пікірде деп қарсылық білдіреді. Имам ағзам оған: «Хасан әл–Басри қателеседі», – дегенде топтың ішінде отырған сопының жақтасы: «Сайқалдың баласы, қалай Хасан әл–Басри қателеседі деп айтасың?» – деп дауыстайды. Имам ағзамның шәкірттері Имамға тіл тигізген адамның сазайын беруге ұмтылғанда, Имам оларды тоқтатып, мешітте тыныштық орнағанда Имам өзіне тіл тигізген адамға: «Бәрібір Хасан әл–Басри бұл мәселе бойынша  қате қорытынды жасаған», – деп дұрыс хадисті мысалға келтіреді.

Имам ағзамның көршісі етікші жас жігіт еді. Етікші жұмыстан кейін достарымен үйіне жиналып, шарап ішіп, музыка аспаптарында ойнап, түнімен шуылдап шығатын. Түнін намаз оқумен өткізетін Имам ағзам жас жігіттің шулы басқосуларының куәсі болып жүреді. Бір күні қоғамдық тәртіпті бақылаушы оның үйінің қасынан өтіп бара жатып жиынның үстінен түседі де етікшіні қамауға алады. Ертеңіне Имам ағзам қасындағы шәкірттерінен бүгін тыныш болды деп таңғалғанда олар етікшінің қамауға алынғанын айтады. Көршісінің қамауға түскенін естіген Имам ағзам дереу Куфа қаласының уәлиіне барады. Уәли атақты Имам ағзамның өзі келгеніне қуанып, құрметпен қарсы алады. Имам: «Мен өте маңызды іспен келдім, Етікшілікпен күн көретін жас жігіт, көршім түнде қамауға алынды Соны босатуды сұраймын», – дейді. Уәли қамаудағы жас жігітті алдырып, Абу Ханифаға ертіп жібереді. Жас жігіт ат үстіндегі Абу Ханифаға еріп үйіне қайтады. Сол күннен бастап ол жаман әдеттерін тастап, Имам ағзамнан дәріс ала бастайды, кейін дін негіздерін жетік білетін фақиһ деңгейіне көтеріледі.       

Әдеттегідей шәкірттеріне дәріс беріп отырған кезде бір адам Абу Ханифаның сөзіне араласып, оған тіл тигізе бастайды. Имам ағзам оған көңіл аудармай, шәкірттеріне де оған мән бермеуді сұрап дәрісін жалғастыра береді. Сабақ аяқталған соң үйіне бет алған Имамның соңынан сол адам қалмай түрлі кінәларды жауып, түрлі сөздер айтып ілесіп келе жатады. Біраздан соң олар Имамның үйінің алдына келгенде Абу Ханифа оған бұрылып: «Бауырым, міне біз менің үйімнің есігінің алдына келдік. Тағы айтатының болса тезірек айтып қал, қазір мен үйіме кіремін де сенде одан соң ондай мүмкіндік болмайды ма деп қорқамын», – деген екен.

Тарихшылар Абу Ханифа өзінің телегей теңіз білімін орнымен және айламен қолдана білген, небір қиын тығырықтан қарсыласын мақтамен бауыздап, шарасыз қалдырып, қиналмай шығып кете алатын деп көрсетеді.

Бірде қарулы хариджиттер Абу Ханифа отырған мешітті басып алып, одан тәубеге келуді талап етеді. Неден тәуба жасайын деген сұрағына олар «Төрелік сотқа (арбитраж) жол бергенің үшін тәубаға кел» – дейді. Абу Ханифа «Бірден өлтіресіңдер ме, әлде дәлелдейсің бе?» – деп сұрайды. Ол дәлелдеймін дегенде Абу Ханифа «Екеуміз диспут жасаған кезде кім екеуміздің ортамызда отырсын?» – деп сұрайды. Ол ойланбастан «Кімді қалайсың соны таңда» – дегенде, Абу Ханифа онымен бірге мешітке келген біреуге «Сен ортамызға отырып, егер екеуміз келісе алмасақ үкім ет» – дейді де, қарсыласына «Екеуміздің ортамызға осыны қабыл аласың ба?» деп сұрайды. Ол «Иә» – деп жауап бергенде Абу Ханифа оған «Сен өзің қазір ғана төрелік сотқа рұқсат бердің ғой» – дейді.

Куфа қаласының бір тұрғыны халифа Осман жебірей еді деп айтып жүреді. Ғұламалар оны райынан қайтаратындай ештеңе дәлелдей алмайды. Сонда Абу Ханифа оған барып: «Құда түсе келдім» – дейді. Оның кімге деген сұрағына «Қызыңа құда түсе келдім. Күйеу жақсы адам, дәулетті, мырза, Құранды жатқа біледі, түндерін ғибадат жасаумен өткізеді. Алла–тағаладан қорыққандықтан көзінен жасы кетпейді» – дейді. Ол «Уа, Абу Ханифа, онсыз да қабыл алдым» – дегенде Абу Ханифа «Оның бір ерекшелігі бар» – дейді. Оның «қандай» деген сұрағына «жебірей» – деп жауап береді. Ол «Құдай сақтасын, маған қызыңды жебірейге бер демекшісің бе?» – деп ашуланғанда Абу Ханифа саспай: «Бермейсің бе?» деп қайта сұрайды. «Жоқ» деген жауап алған Абу Ханифа: «Пайғамбар ғалейһи салам қызын жебірейге – Османға берген ғой» – дегенде ол кісі: «Астағфиралла, мен құдайдың алдында тәубеме келдім», – деген екен. 

Абу Ханифа жолаушылап кеткенде бір адам қайтыс боларының алдында оны өзінің мұрагері ретінде атап кетеді. Абу Ханифа сапардан қайтып келген соң куәларды алып Куфа қазиына мұраны алу үшін барады. Бірақ Имамды ұнатпайтын қази тиесілі мұраны Имамның алуына іштей қарсы еді, сондықтан мұраны Имамға бермеуге жол іздейді де: «Куәларың шындықты айтып тұрғандығына ант бере аласың ба?» – деп сұрайды. Имам ағзам Абу Ханифа: «Мен ол жерде өз басым болмағандықтан ант беруге міндетті емеспін» – деп жауап қайтарады.  Қази «Сенің логикаң қате» – дегенде Имам ағзам «Ал онда соқыр адамды біреулер соққыға жығып кетсе, оны екі куә растаса сен не дер едің? Зағип кім ұрғанын көрмесе де куәлардың шындықты айтып тұрғандығына ант ішуі керек пе?» – деп жауап береді. Қази лажсыздан Абу Ханифаға тиесілі мұраны оған беруден басқа амалы қалмайды.

Абу Ханифа туралы бұл оқиғалар мен риуаяттар оның жеке басының қасиеттері және ризық көздерін көрсетеді.

Бұған дейін Имам Абу Ханифаның өмір жолы туралы мақаланың бірінші,  екінші бөлімі және үшінші, төртінші бөлімі жарияланған болатын.

Қайрат Сәки,

ҚР дипломатиялық қызметіне еңбек сіңірген қызметкер

 

 

Қайрат Сәки
Бөлісу: