Абыл Аяш: Қазақ эстрадасына «этнобардизм» деген жаңа бағыт алып келмекпін

21 Ақпан 2017, 14:59 25265

Тау алыстаған сайын биіктейді

Өзім өнерге бірінші ақындық жағынан келдім. Сондықтан, менің жазған әндерімнің бірінші бағытқа сөздің айналып кетуі.
Бард деп елді, халықты шошытудың қажеті жоқ, Ол қайдан кіріп кетті біздің арамызға деп. Бардтық өнердің негізі - біздің бір кездегі жыраулық өнер. Бардтықтың ерекшелігі бірінші планда сөздің тұруы. Екінші планда әннің тұруы. Әннің сөзді ойнатуы. Ән арқылы жүрекке сөзді енгізу.

Табылды Досымов

Қазақтан шыққан тұңғыш бард ақынның дүниеден өткеніне биыл жеті жыл толады. Өзі жоқ болса да, өлмейтұғын артынан сөз қалдырған Табылды Досымовты халық ұмытқан жоқ. Керісінше жыл өткен сайын оның өлеңдері халық арасында жиі естіліп жүр. Табылды Досымовты еске алу кешінің бірінде сөз алған белгілі журналист Әлібек Қайыров, жастай өмірі үзілген талантты еске алып мұңайып отырған қауымға:

- Ал мен сіздерге көңілімде жүрген ойымды айтайын, "Табылды 1-2 жылдай босқа жүріп қалды, өмірден 2 жыл бұрын кетуі керек еді" - дегенде жиылған жұрт абдырап қалды.

- "Егер 2 жыл бұрын өлгенде Табылдыға табынушы да, іздеуші де бұдан екі есе көп болар еді" - деп сөзін әрі қарай жалғады. Айтылған пікір сөзсіз орынды. Ақынның рухына арнап жыл сайын өткізілетін еске алу кештері, ақындардың арнаулары, сағыныштан жазылған жазушылардың естеліктері сөзімізге дәлел.

Табылды Досымовтың артынан қалған отбасы қай қалада өмір сүруде? Ақынның ізін жалғаушы бар ма? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде El.kz сайты ақынның ұлы Абыл Аяшпен сұхбаттасқан болатын.    

— Табылды Досымовтың отбасы қай қалада ғұмыр кешуде?

— Тұрғылықты жеріміз Атырау облысы Индер ауданы. Екі үлкен әпкем тұрмыста. Біреуі Атырау қаласында, екіншісі Алматыда үйлі-күйлі болып отырған жайы бар. Өзімнен кейінгі кіші қарындасым Алматыда білім алуда. Мен де Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «эстрада» бағыты бойынша білімді шыңдаудамын.

— «...Мен өлермін бəрін де талақ қылып,

Мен өлермін аспанға қарап күліп.

Біреу айтар: жарықтық от еді деп,

Қыршын ғұмыр - жасымды санап тұрып» - деп, жырлаған ағамыздың дүниеден озғанына жеті жыл толады екен. Әкеңнің мінезі қандай еді? Бала тәрбиесіне қатал болды ма?

— Шынын айтқанда, «үйде Табылды Досымов жүр» деген секілді сезім болған емес. Біз қарапайым қазақтың отбасымыз. Әкем отбасымыздың тірегі еді. Қатал болатын жерде қатал бола білді. Бала тәрбиесіне үлкен мән беретін. Өнер адамы болғандықтан мінезінде нәзіктік те болды ғой. Әсерлі дүниелерді көрген кезде көзіне жас алатын кездері де болатын. Ал жалпы өмірде қатты адам болғанын көбі біледі.

— Өзің айтқан қатты мінезі өнеріне кедергі келтірген жоқ па?

— Өнеріне кедергі келтірген тұстары да болған шығар. Бірақ сол тік мінезін сыйлайтын адамдар да көп болды. Менің ойымша әкемнің мұндай мінезін халық «еркелік» деп қабылдады деп ойлаймын. «Табылдың еркелігі ғой» деп айтатындарды да естіп жүрдік.    

2004 жылы Астанада өткен кешімнен бір фото. Табылды марқұм сол кездегі Атырау облысы әкімі Аслан Мусиннен құттықтау хат әкеліп тапсырып тұр. Әкімінің атын ұмытып қалып, "кім еді әкіміміз?"деп, жұртты күлкіге қарқ қылған кезі...                                                           

Елена Мажитқызы

— «Табылды Досымов көзі тірісінде бағаланбады» деген пікірлер де айтылып жатады. Осыған не айтар едің?

— Тау алыстаған сайын биіктейді дейді ғой. Мұқағалиді де, Шәмшіні де тірісінде қадірлеген жоқ. Ондай кісілерді өлгеннен кейін қадірлейді деп есептеймін. Бір қуаныштысы әкем өз елінде, өз жерінде еркелеп, алшаң басып жүрді ғой азамат ретінде. Халық та оны еркелете алды деп айта аламын.

— Атырау мен Алматының арасында жүрсің ғой. Қай өңірде әкең жайлы көбірек айтады?

— Уақыт өткен сайын әкемнің танымалдығы артып келе жатыр. Әсіресе Атырауда қазір барлығы дерлік Табылды Досымовтың кім екенін біледі. Бұл сол өңірдегі ағаларымның еңбегінің нәтижесі дер едім. Мені де «Табылдың баласы» деп көтермелеп, отырыстарда төрге шығарып жатады. Алматы облысының өзінде байқағаным, әкемнің замандастары, ол кісінің өнерін тыңдағандар әлі күнге естеріне алып жүреді.

Табылдының бір үйдегі жалғыз бала екенін сонау сексенінші жылдардың басында жақын танысқан күндерден бастап білетін едік. Бірақ анасы осы ұлын әлгі «Бары да осы, нары да осы» дейтіндей-ақ, балпанақтай қылып туыпты. Оның тағдыры талайлы перзент екені өмірге келмей жатып-ақ белгілі болса керек. Анасының Табылға жүкті кезінде оқыста қайық аударылып, зорға аман қалғаны туралы әңгімеден құлағдармыз. Осы оқиғадан кейін дүниеге аман-есен қошқардай болып келе қалған сәбиге ауылдағы әлдебір аузы дуалы қария алғаш «Тарланбөрі» деп есім береді. Алайда үйдегі үлкендер метірке алғанда мұндай атты қолайсыздау көріп, «Табылдыға» тоқталған секілді…

Құлтөлеу Мұқаш

Абыл, талай қазақтың таланттарын шығарған өнер академиясында білім алады екенсің. Демек, әкеңнің ізін жалғауды мақсат тұтқаның болды ғой?

— Менің ойымша әкесінің өнерін биікке шығарып кету әр баланың арманы. Әкемнің салған ізін жалғастырып, оны кеңейтіп, үлкен дәрежеге жеткізсем, одан асқан арманым жоқ. Сондықтан, ұстанған бағытым, өнерге келуіме, музыкалық білім алуыма себепкер болған — әкем. Табылды Досымовтың өнерін халыққа насихаттап, оның атына кір келтірмей өмір сүру — одан артық арман жоқ менде.  

— Есіңде қалған әкең жайлы естеліктермен бөлісе отырсаң?

— Әкем туралы естелік дегенде қызық бір оқиға есіме түсіп отыр. Ол кісінің өміріндегі үлкен бір қуанышқа толы сәттердің бірі деуге де болады. 2000-шы жылы Атырауда мәдениетті қолдау жылы болып, Иманғали Тасмағамбетов  әкеме гитара сыйлаған болатын. Жай ғана гитара емес, арнайы тапсырыспен Испаниядан алғызған қымбат гитара екен. Сол кезде әкемнің қуанған, достарына сүйінші сұрап барған сәттері есімде қалып қойыпты. Ол гитараға әкем «сүлік қара» деп атау беріп, жолдасынан жақын көретін аспабына айналған. Ол гитараны біз әлі күнге дейін қадір тұтып, төрімізде ұстап отырмыз.

Құрметті Қарлығаш Басарқызы!

Аяулы да, асыл жарыңыз, танымал ақын, әнші әрі сазгер Табылды Аяшұлының мезгілсіз қайтыс болуына байланысты қайғыңызға ортақтасып, көңіл айтамын.

Табылды қазақ дәстүріндегі сал-серілік өнердің сорабын жаңғыртып, оны бүгінгі заманға өзінше лайықтап, ерекше өнерімен жалпақ жұртқа кеңінен танылған сегіз қырлы, бір сырлы жан еді.

Өзі туып-өскен топырақтың мәдениеті мен руханиятына адал қызмет ете жүріп, айрықша талантының арқасында қалың елдің ерекше ықыласына бөленді, құрметін арқалады.

Ғұмыры қысқа болғанымен, соңында қалған көркемдік мұрасы, ықыласқа кенелген әні өнер сүйер қауымның жадында мәңгіге сақталады. Жасамаған жасын, көрмеген қызығын ұрпақтарына берсін.

Марқұмның жатқан жері жарық, топырағы торқа болып, нұры пейіште шалқығай.

Иманғали Тасмағамбетов

— Әкеңе жақын болып өстің бе?

— Ашығын айтқанда, отбасымызда үш қыз бала және жалғыз ұл болғандықтан мен ата-әжемнің қолында өстім. Ата-әжем күні кешеге дейін тірі болғандықтан, әкем мені ешқашан балам демепті. Қасына ертіп алып жүрген кездерінде, достарына қалжыңдап «Бұл менің інім. Абыл екеуміз қызға ғана бірге барған жоқпыз. Қалғанының бәріне бірге барып келеміз» деп отыратын еді. Бала күнімнен інісі секілді серік қылып қасына ертіп жүретін еді...

— Гитарада ойнауды үйреткен әкең бе, әлде..?

— Мен әкеме гитарада үйретші деп өтінген кездерім болды. Бірақ ол кісі менің өнер адамы болғанымды қалаған жоқ па, әйтеуір гитарада ойнауды үйреткен емес. Бірақ әкем гитара тартып отырған кездерінде — есіктен сығалап, саусақтарына қарап өз бетімше үйреніп кеттім. Ал арнайы «сен бала гитарада ойнап үйрен» деген емес. Бүгінде бірнеше аспапта кәсіби түрде ойнай аламын.

— Атасы, өзі және баласы туралы өлеңнің шығу тарихын білсек деп едік?

— Сіз «әулет диалогы» деген өлең жайында сұрап отырған боларсыз. Бұл өлеңде атасы, әкесі, өзі және баласының атынан қоғамның проблемаларын қозғайды. Қателеспесем, бұл өлеңді әкем студент кезінде шығарған. Әр дәуірдің жағдайын жиырма жасында-ақ асқан шеберлікпен көрсете білген деп есептеймін.

Табылды Досымовпен жақын араласқан адамдар оның Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін сүйіп оқығанын айтады? Өзің екі ақынның арасындағы рухани байланысты байқадың ба?

— Иә, дұрыс айтасыз. Өнер адамдарында рухани байланыс болады. Бір ғасырда өмір сүрмесе де олар өлең арқылы сөйлескен. Мүмкін әкем өзіне жетпей жүрген рухани азықты сол кісінің өлеңдерінен тапқан болар. Жалғыз Мұқағали ғана өмес, өзіне дейін өмір сүрген Марат Отарәлиев деген Атыраулық ақынмен өлең арқылы сырласқан.

Неше күн барып жүріп, Мұқағалидың зиратын əзер тауып едік. Мұқаңның тас мүсініне қарап тұрып өлең оқыдың.

...Мен өлермін бəрін де талақ қылып,

Мен өлермін аспанға қарап күліп.

Біреу айтар: жарықтық от еді деп,

Қыршын ғұмыр -жасымды санап тұрып.

Біреу күлер жеткенің осы ма деп,

Біреу жоқтап, қайғырар басыма кеп.

Ей, дүние, бірақ та саған қарап,

Күліп қалған бейнемнен шошыма тек!

Енді өзің де тас мүсінге айналдың, тау - Табыл! "Күліп қалған бейнеңе" сағынышпен қарап отырмын...

Арман Сқабылұлы

— Өзіңнің алға қойған мақсатың қандай? Атақты әнші болғың келе ме?

— Әкемнің әндері қазір көп насихатталып жүр. БАҚ өкілдерінің қызығушылық танытуы, естеліктерінің жарық көріп жатқаны мені қатты қуантады. Алдағы уақытта Табылды Досымовтың бұрын-соңды жарық көрмеген елуге тарта өлеңін күйтабақ етіп шығаруды жолпарлап отырмын. Бір жылдың төңірегінде дайын болып қалады деген ойдамын. Мұнымен қоса, қазақ эстрадасына «этнобардизм» деген жаңа бағыт алып келмекпін. Бұл қобыз, домбыра секілді ұлттық аспаптармен бардтың қосындысы. Бұл жаңа бағыт әкемнің өнерін кеңірек насихаттауға көмектеседі деген ойдамын. Менің мақсатым бүкіл Қазақстан танитын атақты әнші болу емес. Бұйырса шығарайын деп отырған әкемнің әндерін — шағын аудитория ғана тыңдап жатса, мен ренжімеймін. Шым мәнінде, әкемнің әндері кішкентай ауылда жатып-ақ барша Қазақстанға тарап жатты ғой. Сондықтан, әр жерден бір жылтыңдап жүргім келмейді.

Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңе рахмет!  

Бөлісу: