Абиба Әбужақынова жүлдесін 40 күн бұрын қайтыс болған құрбысының рухына арнады

25 Қыркүйек 2023, 09:14 1131

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан ХІХ жазғы Азия ойындарында дзюдодан әйелдер арасында 48 келіге дейін салмақта күміс жүлде алған отандасымыз Абиба Әбужақынова жарыстан тілшілердің сұрағына жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Дзюдодан Қазақстан қыздары Азия ойындарында бұған дейін бір рет ғана финалға шыққан. Ол – 1998 жылы Бангокта күміс медаль Варвара Масягина. Араға 25 жыл салып, Абиба сол жетістікті қайталады.

Финалда Әбужақынова Жапония мықтысы, үш дүркін әлем чемпионы Натцуми Цунодамен кездесті. Былтыр Ташкентте Абиба дәл осы балуанға есе жіберген. Осы жолы да шамасы жетпеді. Бәлкім, финалда қарсыластың атақ-дәрежесі психологиялық рөл ойнады ма деген сауал болған.

Мен татамиге шыққанда ешкімнен қорықпаймын. Өзім барлығына дайын болдым. Жарақат алып, үш ай жарыстарға шыға алмадым. Жарақаттан жазылғаннан кейінгі алғашқы финалым. Жапон қызымен кездесетінімді білдім. Былтыр Ташкентте жолымыз түйіскені бар. Әккі балуан, онымен жақсы таныспын. Егер Париж Олимпиадасында кездесетін болсақ, есе қайтарамын. Соған дейін бар күшімді салып дайындаламын, - дейді Абиба Әбужақынова.

Спортшы теледидар алдында ата-анасы, туған-туыстары жанкүйер болып,  тақымын қысқанын айтты. Сонымен қатар финалдан кейінгі эмоциясымен бөлісті.

Өзіме іштей ренішім бар, себебі алтын медаль бізде ешкім алмаған. Алтын медальді алғым келген, - дейді ол.

Абиба  «Азия ойындарының Азия чемпионатынан қандай айырмашылығы бар?» екен деген сұраққа «барлығы сол қарсыластар» деп жауап берді.

Жапон қызының қандай осал тұсы бар, соған да қысқаша тоқталды.

Жұлқа тартып алатын болсам, ештеңе жасай алмайды екен. Оның әдісіне түскен жоқпын. Оның әдісін білемін, - дейді спортшы.

Жақында 26 жастағы балуанның жол апатынан құрбысы қайтыс болыпты. Ол бұл жүлдесін соған арнайтынын айтты.

Осы медальды жан құрбыма арнаймын. Құрбым жол апатынан қайтыс болды. Жақында қырық күндік асын өткіздік. Азия ойындарының алдында соған қатысып келдім. Екеуіміз спорт-интернатта бірге оқығанбыз, - дюздошы.

Сөз соңында жанкүйерлерге тілегін де айта кетті.

Әлеуметтік желіде құттықтау өте көп. Барлық жерде жазып жатыр. Сондықтан жанкүйерлерге алғысымды білдіремін. Қазақстанның туын көтеруге әрқашан бар күш-жігерімді саламын, - деді Әбужақынова.

Бұл ақпараттың жарық көруіне қолдау жасаған «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» КҚ.

Бек Тулеуов
Бөлісу: