5 Мамыр 2016, 04:40
Абдусамат Абдухалықов, подполковник:
— «Құкық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» деген медальмен марапатталған екенсіз. Мұндай мәртебелі атақты қандай ерлігіңіз үшін алдыңыз?
— 2014 жылы оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан болатынбыз. Қатардағы жауынгер Құрманғалиев сынақтардан өту кезінде граната абайсызда окопқа түсіп кетті. Жарылғыш заттың құлаған орнын байқаған мен, жауынгерді дер кезінде шетке итеріп, құлап жатқан сарбазды денеммен жауып қалдым.
— Болған оқиғадан кейін қандай әсерде болдыңыз? Жалпы ерлік дегенді қалай түсінесіз?
— Мен мұны «ерлік жасауым керек» деген оймен жасаған жоқпын. Бұл менің парызым еді. Жас сарбаздарды әскери шеберлікке үйретіп қана қоймай, олардың өміріне жауапты екенім санама сіңіп қалған. Меніңше, «ерлік» деген тек қана біреудің өмірін құтқарып қалу емес. Кез-келген адам ерлік жасайды. Тек оның ауқымына қарай кейбірін біз байқамаймыз. Сондықтан әскери адам үшін күнделікті жұмысын қатесіз, адал атқару — Отан алдында жасаған ерлігі деп білемін.
— 7 мамыр — Отан қорғаушылар күнін қалай өткізбексіз?
— 7 мамыр — барлық ер-жігіттер үшін ерекше күн. Өйткені Қазақстанның әрбір ер азаматы елінің тірегі. Ал өз басыма келер болсам, бұл күні қызметте боламын. Әскери адам үшін бейбітшілікте өткен әрбір күн — мереке!
Алмас САУДАНБАЙ