Абдурашид Мумади: Ұлттарды біріктіретін іс-шаралар көбірек ұйымдастырылып, ақсақалдар жастарға ақылдарын айтса

25 Маусым 2019, 12:26 3630

Ел тыныштығы мен мемлекеттің қауіпсіздігін сақтау – әр адамның борышы. Ал қоғамдық тәртіпті сақтауда, қылмыспен күресуде, мемлекет пәрменін орындауда полицияның рөлі айрықша. Бүгінде Қазақстан полициясына жиырма үш жыл. Бұл жылдарда Қазақстан бейбітшілікті қолдайтын көпұлтты мемлекет болып қалыптасты. 

Бүгінгі сұхбатымызда Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері, майор Абдурашид Мумадимен полиция қызметіндегі еңбек жолы жайында әңгімелестік. Он жылдан астам қызметінде үздік маман атанған ол бүгінгі таңда Павлодар облысының шешен-ингуш этномәдени орталығының төрағасы. Қазақстан Республикасының ел бірлігін нығайту, бейбітшілік пен келісімді сақтау және рухани мәдениетті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін ҚХА қоғамдық «Бірлік», «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Астана 20 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл», «ҚХА 20 жыл», «Павлодар облысына 75 жыл» төсбелгілерімен, сонымен қатар Елбасы – ҚР Тұңғыш Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

— Абдурашид аға, әңгіменің әлқиссасын өзіңізді оқырмандарға таныстырудан бастасақ...

— Мен 1958 жылы Шешен Республикасында тудым. Сол жақта 10 сыныпты бітірген соң Павлодар облысында тұратын жақын ағайыма қонақ болып келдім. Менің үлкен аталарым жер аударылған жылдары елмен бірге Қазақстанға келген болатын. Олар Павлодар облысының Май ауданында тұрды. Кейінде тарихи отандарына қайта оралды. Ағай осы жақта қалды. Ол экономист мамандығы бойынша біраз жерде қызмет етіп жүрген еді, маған «осы жаққа оқуға түс, сенен математика мұғалімі шықпас, бірақ математика өміріңде керек болады» деді. Тілін алып Павлодар педагогикалық институтының физика-математика факультетіне түстім. Оны 1981 жылы бітіріп шықтым.

Сол уақыттарда партиялық, комсомолдық жұмыс дүркіреп тұрған кез, мен аудандық комсомолға жұмысқа тұрдым. Одан кейін бір-екі жылда мемлекеттік қауіпсіздік қызметі, ішкі істер жұмысына комсомолдықтарды тарта бастады. Менің үш бірдей әріптесім қауіпсіздік қызметіне ауысып кетті. Мен бағымды сынап көріп едім, өтпей қалдым. Өйткені әскерге бармағанмын. Содан өзім өтініш жазып, Жезқазған облысындағы Приорзерск қаласында бір жарым жыл әскери борышымды өтеп келдім. Ол кезде отбасым, балам бар.

Келген соң қауіпсіздік қызметіне баруға деген қызығушылығым су сепкендей басылып, №3 мектепке мұғалім болып жұмысқа орналастым. Алайда екі-үш айдан соң жұмыстан шығып, полицияның қылмыстық іздестіру саласына кетіп қалдым.

Бірден өзім қылмыстық іздестіру бөлімінің басшысына барып, осы бөлімде жұмыс істегім келетінімді жеткіздім. Ол болса мектебіме қайта оралуымды айтты, бірақ алған бетімнен қайтпайтынымды таныттым: «Егер жұмысым ұнамайтын болса, қолымнан келмесе, қай күні орныңды босат дейсіз, сол күні кетемін» дедім. Әйтеуір менің жұмысқа деген ынтам мен қабілетім ұнаған болар, осы салада тұрақтадым. Бұл 1984 жыл еді.

Солай полицияның қылмыстық іздестіру бөлімінде жедел қызмкеткер жұмысын атқардым. Он жылдан астам уақыт қызметімде бір тәртіп бұзушылығым болмаған, салауатты өмір салтын ұстандым.

1995 жылы өзімнің қалауыммен қызметтен кеттім де, өз бетіммен жұмыс істей бастадым. Кәсіпкерлікпен, шаруашылық қожалықпен айналыстым.

Қазіргі уақытта жолаушылар, автокөлік тасымалдарымен айналысамын, «Мерседес» көліктеріне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, оларға тапсырыс аламын. 2010 жылдан бері қоғамдық жұмысқа кірдім, Павлодар облысының шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасымын.


— Қоғамдық жұмыс кез келген адамға тапсырылмайды. Көпшілік білікті, белсенді адамға иек артады. Он жылға тарта төрағалық қызметінде жүргеніңізге қарағанда, тұшымды қорытынды жасаған да боларсыз?

— Дұрыс айтасыз, қоғамдық жұмыс жанашыр, жауапты адамның қолына тапсырылады екен. Бірлестік мүшелері мені сондай жан деп білсе керек, кезекті сайлауда мені бірауыздан сайлап жіберді.

Мұнда бірлестік жұмысы үшін, оның әр мүшесінің игілігі үшін өз тарапыңнан демеушілік көрсетесің. Жұмысыңның басы-қасында жүресің, бос уақытыңды осыған барынша арнайды екенсің. Алдағы уақытта жастарға беріп, бұл орталықтың ардагері, ақсақалы болып жүрсем бе деген ниетім бар. Негізінде мен 1995 жылы құрылғаннан бері төрағаның орынбасары болып жүрдім, ол кезде де жаным қалмай көмектесіп жүретінмін.

Біздің орталық облыстағы белсенді жұмыс істейтіндердің бірі. Қазақстан бойынша бізде ғана «Жандану» ұлттық мектебі бар, онда екі мұғаліміміз балаларға тіл үйретеді.

Қазақстанда тұрып жатқан барлық этностар үшін жағдай жасалған, Елбасымыз этностардың дамуына бар мүмкіндіктерді берді. Достық үйіміз бар, материалдық жағдайымыз қарастырылған. Тек жұмысыңды істей білсең болды.

Кеңес үкіметі кезінде Ұлттық қатынас министрлігі болатын, қазір оның қажеті болмас еді. Себебі, әр этнос өзін-өзі дамытуда үлкен жұмыс атқарып жатыр. Менің жеке пікірім бойынша, біз бұл міндетті жоғары деңгейде атқарып отырмыз деп ойлаймын, оның ішінде Павлодар облысы.

Облысымызда этносаралық даулар, кикілжің болған емес, бәріміз бір-бірімізді жақсы білеміз. Достық үйіндегі жиырма төрт бірлестік бір шаңырақтың астында тұрып жатырмыз.

— Абдурашид аға, сұхбатымыздың негізгі тақырыбына оралсақ, полиция қызметіне келген соң өз таңдауыңызға күмәнданған кезіңіз болды ма?

— Жоқ, күмәнім болған емес. Жалпы өмірде жауапты адаммын. Бір қадамға бармастан бұрын, жеті рет өлшеп, бір рет кесемін. Қолымнан келмейтінін сезсем, аттап баспаймын. Ішкі істер қызметін істей алмайтынымды білсем, өзімді ұсынбас едім.

Мен осы салада істеген жылдарда ІІМ жедел іздестіру бөлімінде үздік қызметкер болдым. Менің бағытым мүлік ұрлығын ашу болатын, ол кездері пәтер тонау, көлік, оның дөңгелегін ұрлау деген көп болды. Әсіресе пәтер ұрлығы басым еді. Жұмыс бабында ең бастысы – іскерлік және тіл табысу. Мен барлығымен бірдей сөйлесіп кете беретінмін.

Өз жұмысымды жақсы көрдім. Бір ұрыны ұстасаң, оның мойнында бірнеше қылмыс тұрады. Алдыңғы пәтер ұрлығының ізі ашылып, үй иелеріне хабарлайсың. Қылмысты ашқаныма мен де риза, ұрының ұсталғанына жәбірленушілер де риза. Өзгелерге көмектесіп, оларға пайдаң тиіп, алғысын алғаныңа қуанасың.

— Саналы түрде келген жаңа салаға қандай дайындық қажет?

— Мен үшін бейтаныс сала болғанымен, өзімнің жүрек қалауым болғандықтан, бірден сіңіп кеттім. Әрине толқу болды, бірақ жеңе білдім. Қызмет істеп жүріп, ҚР ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағандының заң институтына сырттай бөлімге оқуға түстім.

Жұмыс барысында теориямен қатар тәжірибені қатар алып жүрдім. Дегенмен заң орнында жұмыс істеп жүргендіктен, арнайы білімің болуы шарт. Жалпы қай салада істесең де, арнайы мамандығын алған дұрыс. Теория тәжірибемен астасқаны – жемісті еңбектің кепілі болады.

— Полиция қызметін атқару үшін қандай дағдыларды иелену қажет дейсіз?

— Әуелі полиция қызметін жаныңмен қалауың керексің. Сол ісіңді кәдімгі сүюің керек. Өйткені жұмысы мазасыз, белгілі күн тәртібі жоқ. Кез келген кезде, түн ортасында жұмысқа шақыртады. Не істеп жүргеніңді өзің түсінбесең, қателікке ұрынасың. Саналуан адаммен тіл табысу, қылмыстың ізін ашу, құпия мәліметпен жұмыс істеу – ептілікті қажет етеді. Яғни, білімді, білікті, стратег, епті, терең ойлы, сабырлы, сақ болу керек.

Сондай-ақ жауапсыздық, шыншылдық, төзімділік адам бойында болғаны дұрыс. Өйткені ол жерге адамдар өз бастарына түскен ауыртпалықтармен келеді. Оларды тыңдап, істің анық-қанығын біліп, қалай көмектесуге болады, қылмысты қалай ашуға болады деп стратегия құруың керек. Жұмыста жеке басыңның мәселесін емес, өзгелердің қамын ойлайсың. Бірде бір тәулік кезекшілігімді атқарып, үйге қайтар уақытта мені шақыртты. Сөйтсем, бір жәбірленушінің үйіндегі кептерлерін ұрлап кетіпті. Мен оған «бір тәулікте тоғыз пәтер ұрлығы болды, ал сен маған кептеріңді айтып отырсың, өздері ұшып кетсе, өздері қайтып келеді» дедім. Кептер деген ірі ұрлықтың жанында не, тәйірі?! Содан үйге қайттым, түс уақытында мені бастық қайта шақыртып жатыр екен, келсем, басшы екеумізді жоғары жаққа шақыртқанын білдім. Кептерлердің иесі сол жаққа барған болуы керек. Ол арыз жазып, бұл іспен мен айналыссын деген екен. Содан істі қолыма алып, бесінші күні ұрлаған адамның соңына түсіп, ұрлықшы кім екенін таптым. Айтпақшы, кептерлер ұшпайтын, сән үшін ұстайтын тұқымы еді. Ұрлаған жәбірленушінің өз бауыры болып шықты. Ол кезде Ташкентке ұшатын рейс болатын-ды, сол жаққа, өзбектерге сатып жіберген екен. Жәбірленуші өз бауыры екенін білген соң, істі тоқтатуды сұрап, кептерлер иесіне қайтарылды. Ал енді ұрлықшыны қалай тапты десеңіз, ол уақытта сән үшін ұстайтын кептерлер тапшы болатын. Оны сонымен айналысатындар ғана кімде бар екенін білетін. Топшылай келе, өз ішінен шыққанын сездім.

Бұл оқиға істің қаншалықты қиын, оңайына қарамай, бәріне бірдей қарау керек екенін ұқтырды.

— Әр адамның бойында бір немесе бірнеше талант болады. Ішкі істер саласында істеп жүріп шығармашылықпен айналысып, қандай да бір салада өзіңді дамытуға бола ма?

— Әрине, болады. Мысалы, менің жұмысым қалыпты емес. Бір күнде қолыңда төрт немесе одан да көп іс болуы мүмкін. Шамаң келгенше істі ашып, жылдамдатуға тырысасың. Үнемі олай да бола бермеуі мүмкін. Қолың қалт етсе, жаның қаласа, сүйікті ісіңмен шұғылдануға болады. Жеке басыңның дамуына уақытта әрдайым табуға болады.

— Өз басыңызда қандай талант бар?

— Өзімді жазу-сызуға, ән-күйге бармын деп айта алмаймын, бірақ көлік жөндеуді ұнатамын. Саймандарын шұқылап, шашып тастап, қайта жинау деген қолымнан келеді. Бұл да талант шығар.

Спортты, оның ішінде футболды жақсы көремін. Осы жасыма дейін футбол ойнаймын. Футболдың үздік ойыншысы – Мессидің жанкүйерімін.

Айтқандай, біздің этномәдени орталықта «Вайнах» футбол командасы бар, жыл сайын орталықтар арасында өтетін жарысқа қатысамыз. Оны өзім бастамашы болып ұйымдастырғанмын. Жастарды салауатты өмір салтына бейімдеп жүрмін.

 

— Балалық шағыңыз Шешенстанда өтті дедіңіз, туғандарыңыз қазір сол жақта ма? Қазақстанда қалуға ата-анаңыз қарсылық білдірген жоқ па?

— Иә, сол жақта өстім. Айтып өткендей, оқуды бітіріп, ағайға қонақтап келіп, Қазақстанда қалдым. Үйде бес баламыз – екі ұл, үш қыз. Оларға жиі барып тұрамын.

Қазақстанда қалатынымды үй ішіне оқуға түскен соң айттым. Олар «не қазақша, не орысша білмейсің, ол жақта қалай болмақ жағдайың, бір өзің ғана, бауырларың, туғаның жоқ» деп, уайымдарын білдірді. Егер оқуға түспей тұрып айтқанда, онда олар «қайт» дер еді. Бізде үлкендердің сөзіне құлақ аспауға болмайды.

Содан не керек, менің төрт жас үлкен ағам сол жақта Ауылшаруашылық институтында оқып жүрген еді, соны оқудан шығарып алып, Павлодарға жібереді. Ағам да менімен бірге физика-математика факультетінде оқып, өмір бойы мектепте жұмыс істеді. Мектеп директорына дейін қызметі өсті. Қарап отырсаңыз, мен үшін мұғалім болыпты.

— Отбасыңыз туралы айта отырсаңыз.

— Біздің отбасы – көпұлтты. Жұбайымның ұлты – орыс, үш балам бар. Балаларым менің жолымды таңдаған жоқ. Үлкені нотариус, ортаншысы тілші, кенжем биыл жоғары оқу орынын бітірді. Олар мамандықтарын өз қалауымен таңдады. Ешқайсысын бетінен қаққан жоқпын. Қайта қай жаққа барып оқу оқимын десе де қолдайтынымды айттым.

— Көпұлтты отбасы – бұл екітүрлі мәдениет, дін, діл. Сіздер екеуін біріктіріп отырсыздар ма?

— Жұбайым ислам дінін қабылдады. Екі адам отбасын құрғанда, өзара бір келісімге келуі керек. Осы уақытқа дейін ештеңені бөліп-жармадық. Балаларымызды ислам шартымен тәрбиелеп өсірдік.

Қазақта «Екі жақсы қосылса, ай мен күндей жарасар. Екі жаман қосылса, ырылдасып таласар» деген жақсы сөз бар, жақсылығымызды асырып, тату-тәтті отбасы болып отырмыз.

— Бала арманыңыз?

— Балалық шағымда заң саласында жұмыс істеу туралы арман ой тереңінде бұғып жататын. Бірақ қай жағында, кім болып деген нақты көрінісі болмайтын.

Өзім айтқандай, үлкеннің сөзі заң, әуеліде ағайдың айтуымен педагогиканы меңгеріп, мұғалімдікке ыңғайым болмайтынын түсініп, мінезіммен полицияда жұмыс істеу керек деген шешімге келдім. Сөйтіп менің бала арманым орындалып, өзімді таптым.


— Жұмысыңыз несімен қызықты болды?

— Маған қылмысты ашу қызықты болды, соған қатты құмарттым. Қызмет істеп жүрген кезімде бір адам келіп, өзінің атасының бір апта бұрын сатып алған су жаңа көлігі ұрланғанын айтты. Мен қылмыс орнына барып, зерттей бастадым. Ұрлаған адам көлікжайдың есігін домкратпен ашып алып кеткен екен. Әлгі жәбірленуші маған күнде келетін, қатты қиналды. Ол уақытта көлік алу үшін кезеккке тұрады, жылдар бойы қаражат жинайды. Содан ана кісінің уайымынан менің де ұйқым қашты. Әйтеуір таптым.

Осындай сәттерде бекерге жүрмегеніме қуанып, өз жұмысыма риза боламын. Менің осы құмарлығым үздік полиция қызметі деп танылуға сеп болды.

— Жұмыс бабында түрлі адамдармен араласасың, олармен тіл табуға тырысасың дедіңіз. Осы тұста ұлтаралық қатынас жайында сіздің пікіріңізді біле отырсам.

— Қазақстанда жалпы көптеген ұлттар татулықта, келісімде тұрып жатыр. Егер бір келеңсіз жағдайлар болып жатса да, бұл ішімдіктің кесірінен туады. Оны екі жақтап үлкендер қойғызып, ақыл айтуы керек.

Ассамблея ұлттар бір шаңырақтың астында өмір сүрсін, бір-бірінің ұлттық болмысын танысын, тілін білсін, дінін, ділін танысын, мәдениеті мен тарихын білсін деген мақсатпен құрылған ғой. Мен «Ассамблея – достық пен бейбітшіліктің бесігі» дер едім.

Ниеті қаралар шағын дауды дардай қылады. Облыста біздің ұлттың тарапынан бұзақылық жасалса, әкім маған хабарласады. Мен сол жерде істің мәніне, байыбына барып, кінәлілер үшін кешірім сұрап, оны тәртіпке салып, дұрыс қарым-қатынас орнатамыз. Ұлтаралық татулық ақсақалдардың, ел ағаларының данышпандығының арқасында тұрақтайды.

— Ұлтаралық татулықтың мызғымас берік болуы үшін қандай шаралар қолдану керек деп ойлайсыз?

— Көбірек ұлттарды біріктіретін іс-шаралар ұйымдастыру керек. Ақсақалдар жастарға ақылын айтып, өнегелі істерді көбірек тындыру қажет. Кейбіреулер Ассамблея той тойлап, би билеп, ән салатын ұйым деп ойлайды. Иә, мәдениетімізді жандандырамыз. Бұл жасырын емес. Бұл үшін Елбасына мың алғыс!

Ғасырлардан келе жатқан бабаларымыздың мәдени мұрасын сақтап, оны көбейтеміз. Бірақ көпұлтты Қазақстанның бірлігі мен берекесі тарқамасын деп, шаңырағы шайқалмасын деп барша қазақстандықтар ел ішіндегі маңызды оқиғаларға қатысып, әркім үлесін қосып жүр. Оны елдің хал-ахуалына мән бермеген түсіне қоймас.

Қазір Достық үйінде әр демалыс күндерінде этномәдени орталықтар есептік концерттерін береді. Бас кезінде қызығушылардың, көрермендердің қарасы кем еді. Қазір қала тұрғындары өздері іздеп келеді. Яғни, адамдарға қызықты. Мәдениет арқылы адам ұлтты таниды. Бірден барлық шешендер бұзақы деп ойлаудан бұрын, олардың мәдениетін біл, көр, сосын қорытынды шығар.

— Көпті көрген полиция қызметкерінің пәлсапасы...

— Кім болмасаң да, қандай жерде істемесің де, адам болып қал. Сеніміңді жоғалтпа.

— Полиция қызметі қаншалықты қоғам үшін маңызды?

— Ең маңызды қызмет – осы. Адамдар ішкі істер органдарының қызметіне қай уақытта болса да жүгініп отырады. Сондай-ақ полиция қызметкері де халықтың мүддесін қорғайтын қорғанышы болуы тиіс.

— Сіздің уақытыңыздағы полция қызметі мен қазіргі уақыттағы полиция қызметінің айырмашылығы бар ма?

— Айырмашылығы зор. Бұрын қарапайым еді, жедел қызмет көрсетіп, қылмыстың соңында ашылғанша ұйқы-күлкі көрмей жүретін едік қой. Ал қазір полиция қызметкерлерінің саны артып кеткен. Қала тұрғындарының саны сол қалпы, ал полиция екі есеге артқан. Жеделдік баяулап қалған. Қит етсе, бейнеге түсіріп, қып-қызыл жіліктеу, бөлшектеу болып жатады. Қатаң тәртіпті нығайту керек сияқты.

— Абдурашид аға, әңгімеңізге рақмет, Полиция күнімен құттықтаймыз!

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Нұргүл ШАТЕКОВА
Бөлісу: