«Абайдың ұлы жұмбағы» атты деректі танымдық фильмнің тұсауы кесілді

6 Тамыз 2015, 06:11

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұылының 170 жылдық мерейтойы қарсаңында үлкен жұмыстар атқарылып жатыр.

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұылының 170 жылдық мерейтойы қарсаңында үлкен жұмыстар атқарылып жатыр.

Шығыс Қазақстан облысында Абай Құнанбайұлының 170 жылдығында «Абай әлемі» http://abaialemi.kz/ атты тұңғыш энциклопедиялық порталының және «Абайдың ұлы жұмбағы» атты деректі танымдық фильмінің тұсауы кесілді. Биылғы жылғы мерейтойда Абайды танытуға және ұлағатын сезінуге басты екпін жасалуда, деп хабарлайды Ақпараттық орталық.

 «Абай әлемі» атты тұңғыш энциклопедиялық порталы Елбасының қолдауымен, Мемлекеттік тілді дамыту қорының тапсырысымен ашылған. Жоба аясында «Абайдың ұлы жұмбағы» атты деректі фильмі түсіріліп, көрерменге жол тартты. Игі бастама Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа бейбітшілікті сақтауда және дамытуда қосқан елеулі үлесі үшін табысталған әлемдік «Жібек Жолы» сыйлығының қаражатына жүзеге асырылған. Деректі фильмді түсірген «Серпер» жастар сыйлығының, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты Ақберен Елгезек пен «Tengri Films» кинокомпаниясы. Жаңа туындыда көрермен қауым Абайдың жаңа қырын біліп, алған білімі, шығыс тәрбиесі жайлы құнды деректермен танысады.

– Абайдың 170 жылдығын өткізуде негізгі екпінді мағыналық, тәрбиелік жағына қоюдамыз. Елбасымыз «Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз» деп айтып өткен. Осы орайда Абай шығармаларын көптеген тілдерге аударып, тың мәліметтер жинап, халыққа таратып, жастардың санасына сіңіріп, Абайды дәріптеу арқылы, қазақ халқын дәріптейміз. Сондықта, биылғы 170 жылдық мерейтой осымен ерекшеленеді, – деді ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омар.

Семей қаласында өткен тұсаукесер рәсіміне шетелдік жетекші әдебиеттанушылар, философ, тарихшылар, тіл мамандары мен Абай шығармаларын әлем тілдеріне тәжімалаған шетелдік аудармашылар қатысты.

«Абай әлемі» тұңғыш энциклопедиялық порталында ақынның өмірі мен шығармашылығы жәйлі 13 айдар жұмыс істейді. «Өмірбаяны», «Абайдың шығармашылығы», «Абай – әлем тілдерінде», «Абай әндері», «Абай туралы естеліктер», «Абай жолы» роман-эпопеясы», «Абайтану», «Абайтанушы ғалымдар», «Абай бейнесі», «Абайдың айналасы», «Абай мұражайы», «Фотогалерея» және «Абай ескерткіштерінің картасы».

Абайдың өлеңдері әлемнің бірнеше тілдеріне аударылған. Ағылшын, орыс, француз, қытай, түрік, парсы тілдеріне аударылған шығармалары ұлы ақынды әлемге танытуға жасалған қадам. Ол туралы зерттеулер, зерттеушілер де өте көп. 


Әзірлеген: Досжан Мейірім.

Бөлісу: