30 Маусым 2014, 11:58
Мырзан, Абай атамыздың «Будданың сөзi қандай терең едi, жасымда кез келмедi-ау!» деген өкiнiшiне бiз қалмауымыз керек, қолымыздан келсе басқаларды да қалдырмауға тиiстiмiз. Мұны Мұхтар Әуезовтiң өзi де жақсы түсiнген. Әйтпесе, Лев Толстойдың «Будда» атты әңгiмесiн жиырмадан асар-аспас жасында аудармас едi ғой! Және бұл аударма Әуезовтiң тәржiма саласындағы тұңғыш еңбегi болып табылады (М.Әуезов, «Жиырма томдық шығармалар жинағы», ХIҮ-том, Алматы, 1983, 173-177-бб).
Мырзан, мақалаңның тағы бiр жерiнде сен менi «Ал Әмiрхан Балқыбектiң осының бәрiн әдеби шығармадағы буддизмге телiмек болып, қазақтың қазiргi ең дарынды ақынының бiрi Есенғали Раушановтың «Еркiн дүние-ай» деген, өзi «Жас перi» деп ат қойған Алмас Темiрбай деген ақынның «Аруақ» деген өлеңiнен «буддизм элементтерiн еркiн қолдану» тәсiлдерiн iздеуi де ойға қона бермейдi. Тiптi кез келген ақынның «өмiрге қайта келсем, не iстер едiм?» немесе «осы мен бұрын да өмiр сүрген сияқтымын» деген қиялынан туған жолдарды буддизмге тели берсек, бәрiмiз де не Будда, не Әмiрхан болып кетуiмiз хақ» деп кекетесiң.
Тағы айтамыз, тек Алмас Темiрбай емес, Есенғали Раушанов өлеңiнiң де өн бойынан буддизм элементтерiн тап басып тануға болады. Көзiң жетсiн, ол өлеңдi тағы да мысалға келтiрейiн:
– Еркiн дүние-ай, ен далам,
ерен далам,
Мына ғалам шынымен
бөлек ғалам.
Бiр ғұмыр аз мен үшiн, екеуiн бер,
Жоқ, екеу де аз. Мәңгi өмiр
керек маған.
«Дүние – жалған» дейдi жұрт.
О не деген,
Жердi өз басым мәңгiге егеленем.
Сессияға келетiн депутаттай,
Қайта-қайта өмiрге келе берем.
Бұрын да өмiр сүргем мен.
Бұлақ болғам.
Бiр көргеннен керемет ұнап
қалған
Сол қыз қайтып соқпады. Ерегесiп
Қаңғып өлдiм, кеттiм де
жыраққа әрман.
Бұрын да өмiр сүргемiн,
төбе болғам,
Асқар шыңдар тұратын
менен әрман.
Мен ешқашан тау бола
алмасымды
Түсiнген соң ұзамай өле қалғам.
Аң патшасы болғанмын,
сауық ерi,
Бақты менi орманның қауым елi.
(Бауырым, сен «бастығым мисыз»
дейсiң,
Дұрыс. Бұрын себебi ол
тауық едi).
Қартайдым деп, жастықтан
жырақпын деп,
Ой, қайтесiң бiреудi
сыбап күндеп...
Кетiп бара жатсың ба,
оқасы жоқ,
Ертең қайтып келесiң.
Бiрақ кiм боп?
Бiз танитын Есенғали Раушанов – көп дүниеден хабары бар, өте бiлiмдар ақын. Тышқанның iнi секiлдi тар танымының ауласынан ғана төңiрекке көз салып отыратын өзiң секiлдi қара жаяу емес, жақсыны бiлмекке құмар Абай жолымен жүрiп келе жатқан санаулы, қадаулы ақындарымыздың бiрi. Өз пайымдауымызда, ХХ ғасырдың екiншi жартысында дүниеге келген қазақ поэмаларының iшiндегi екi үздiгi – Олжас Сүлейменовтiң «Қыш кiтабы» және осы Есенғали ағамыздың «Ғайша бибiсi» болып табылады. Олай болса, Абай бiлген Будданы Есенғали Раушановтың бiлмеуi мүмкiн емес. Ең құрығанда қалмақ досы Кирсан Илюмжиновпен Будда туралы сан мәрте әңгiме шертiскен шығар. Сосын, қалмақ поэзиясының ақсақалы Давид Кугультинов дүниеден өткенде жоқтау айтқан жалғыз қазақ ақыны да осы Есенғали Раушанов едi. Сол жоқтауда көз жасына шыланған қалмақ жырын қазақша төгiлте сөйлеткенi де есiмiзде. Ал мұндай қалмақтың тiлiн де, дiлiн де бiлетiн ақынды «ол халықтың дiнiнен хабарсыз едi» деп бейшара кейiпке түсiру, тағы да Мырзан Кенжебайға қаратып айтамыз, «көрмес түйенi де көрмес» тек сен секiлдiлердiң ғана қолынан келедi.
Иә, сен Есенғали Раушановты қазақтың ең дарынды ақындарының бiрi дейсiң. Бiлiп айттың ба, естiп айттың ба, әйтеуiр, мұныңа да тәуба. Ал менiң ХIХ ғасырдың аяғындағы Франция немесе ХХ ғасырдың басындағы Ресейдегiдей ақындар патшасын сайлау үрдiсi бiзге де келетiн болса, Есенғали Раушановтың жастар арасында 95 пайыз дауыс жинайтындығына титтей де күмәнiм жоқ. Бiрақ Есенғали Раушанов билiк құратын бұл патшалықтан саған орын тие қоятынына күмәндiмiз.
Мiне, бiр жорамалымыздың қалай туғанын жалғыз саған түсiндiрiп беру үшiн өзiң айтқандай тағы да көл-көсiр мақала жазуға тура келдi. Сен түсiнбесең, басқалар түсiнедi ғой деген ниетпен. Ниет әрдайым ақ болғай!
Мырзан Кенжебай мақаласының тағы бiр жерiнде: «... жауыр болған сөздерiне, айтып отырған дәлелдерiнiң құр долбарлығына қарап, редакция басшыларынан «Осыны қоя тұршы» дейтiн бiреудiң табылмағанына да ренжисiң» дейдi. Мұны бiз жалғыз мақалаға ғана емес, тұтас газетке, оның ұстаған позициясына көлеңке түсiру әрекетi деп қабылдадық. Бiз – айтыс-тартыстан қашпаймыз. Бiрақ ол бойынан ойы аспайтын, бәкене дау-шар, мысықкөмбе тiрлiк емес, негiзi мығым, ниетi түзу интеллектуалдық пiкiрталас болуы тиiс деп санаймыз.
2006 ж.
Әмiрхан Балқыбек, «Қасқыр құдай болған кез»