Абай әндерін тұңғыш нотаға түсірген музыкант

20 Қазан 2015, 08:55

Абай әндерін ең бірінші нотаға түсірген Бимбоэс Альвин

Абай әндерін ең бірінші нотаға түсірген Бимбоэс Альвин Эрнестович (1878-1942), музыкант, этнограф. ХХ ғасырдың 2 жылдары қазақ ауылдарын аралап 100-ге тарта халық әндерін жазып алған. Солардың ішінде Абайдың «Сегіз аяқ», «Татьянаның хаты» әндері бар. «Татьянаның хатының» 2 түрін Нәзипа Құлжанованың айтуынан жазып алыған. Осы әндерді 1925 жылы Санкт-Петербургте  Н.Ф.Финзейденнің редакторлығымен жарық көрген «Музыкалық этнография» жинаққа енгізді. А.Э.Бимбоэс Ақмолада тұңғыш балалар музыка мектебін ашқан.

Александр Викторович Затаевич  (1869-1936), музыкант-этнограф, композитор, Қазақ АССР халық артисі (1923). 1920 жылдары Орынборда тұрған кезінен бастап халық әндерін жинау мен жүйелеу ісіне кіріседі. Ол 2300 форльклорлық музыка туындыларын жазып алып, «Қазақтың 1000 әні» және «Қазақтың 500 әні мен күйі» атты ерте замандар мен 1930 жылға дейінгі қазақ музыка фольклорының антологиясын жарыққа шығарды. А.Затаевич бұл еңбектеріне Абай Құнанбаевтың әндерін кіргізген. Қазақ халықының ән қазынасын зерттеп, ел арасынан теріп алған А.Затаевичтің «Қазақтың 1000 әні» жинағы 1925 жылы Орынборда басылып шыққан. Саналы ғұмырының соңғы он үш жылын қазақ музыкасына арнаған А.Затаевич жинақтың алғысөзінде: «...что некоторые казахские песни, впервые тогда мною услышанные, поразили меня своею красотой и свежестью, что и утвердило меня в сказанном намерении, и я приступил к работе», - дей келе, кімдерден жазып алғандарына тоқтала кетеді. Ол санатта ең алдымен қазақ зиялылары саяси және қоғам қайраткерлері Ә.Жангелдин, О.Жандосов, М.Саматов, С.Сейфуллин,  А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Дулатов,  Б.Майлин, Н.Құлжанова, С.Мұқанов, С.Есова, Т.Жүргенов, А. Оразбаева сынды және басқа да танымал тума таланттарды ерекше ықыласпен атап өтеді. Бұл адамдармен етене араласқандығының арқасында қазақ ән – музыкасы әлеміне терең бойлаған, сол адамдар арқылы ел арасындағы кеңінен тараған «ауылдың алты ауызынан» бастап, терме, жыр, толғау, арнау, күй, жоқтау, дауыс, сарындарды да естіген қалпында нотаға түсірген кезінде анықтама беріп отырған. 

А.Затаевич Семей губерниясынан жинаған әндерінің ең көбін (29 ән) Ж.Аймауытовтың айтуы бойынша жазған. Ж.Аймауытов халық әндерімен қоса Абайдың, Мәдидің, Кәрібайдың әндерін, Ақан серінің «Балқадиша», «Мақпал», Әсеттің «Ардақ», «Ырғақты», Иманжүсіптің «Сармойын» әндерін салып қана қоймай, өзі де бірнеше ән шығарған.

А.Затаевич Семейлік ағайынды Белослюдовтарға аса құрметпен қараған. Ағайынды Белослюдовтар: Николай Николаевич (1880-1943), Виктор Николаевич (1883-1916), Федор Николаевич (1885-1944), Алексей Николаевич (1887-1939) – төртеуі де педагог, суретші, өлкетанушы, қызметкер ретінде революцияға дейінгі Сібір өлкесіндегі орыс зиялыларының қарапайым халықтық бағыттағы абзал азаматтар. Семей қаласында туып-өскен ағайындылар жалпы қазақ әдебиеті, этнографиясы мен фольклорлық деректерді жинақтап қара қоймай туған өлке тарихына мейілінше қызығушылықпен һәм жанашырлықпен үлес қосқан. Николай Николаевич Орыс географиялық қоғамы Семей бөлімшесі мен педтехникумында кемеңгер Мұхтар Әуезовпен бірге қызмет атқарған. Абай шығармаларын орыс тіліне аударып бастыру мәселесін батыл көтерген.  Інісі Виктор Ниолаевич Мәскеудегі Строганов атындағы Көркемсурет училищесін бітірген суретші, ол Семей қаласының (1598-1882 жылдар аралығындағы) тарихын жазған, өлкетанушы, зерттеуші.  Борис Герасимов Виктор Николаевич Белослюдов үш қоғамға – Батыс сібір Императорлық Орыс Географиялық қоғамының Семей бөлімшесіне, музыка жанкүйерлері қоғамына, бастауыш білім туралы попечительдер (қамқоршылар) қоғамына мүше болғандығы жөнінде және оның бойында ақындық қабілетінің болғандығы жөнінде де ақпарат берген.

Жастайынан қазақтармен араласып, тілді, әдет-ғұрыпты жақсы біліп өскен Белослюдовтар Абай шығармалары төңірегінде пікір айтып, өлеңдерін аударуға Николай Николаевич тәуекел еткендігі жөнінде М.Мырзахмет «Абайтану тарихы» монографиясының бірінші тарауында кеңінен тоқталады. Осы еңбекте (56 бетте) М.Мырзахмет Абайдың музыкалық шығармашылығына қатысты қызықты дерек береді. Николай Николаевичтің 1909 жылдың 9 наурызында інісі Виктор Николаевичке жазған хатындағы мына жолдарға шұқшия назар аударады: «Абай жайында, малорос сарыны ол Семейде Малоростардан естіген деп атайды», - деген өте қысқа хабарда мағынасы ғажап терең пікірде айтылады. Әрине, мұндағы малорос сарыны деп отырғаны Абайдың өлеңі туралы емес, шамасы ол шығарған «Айттым сәлем, қаламқас» өлеңіндегі мелодиялық саз жайлы болса керек-ті. Өйткені Абайдың «Айттым сәлем, қаламқас» әнінде ескі дәуірдегі орыстың «Карие глазки» деген халық әніне үн-сазы жағынан іліктестік барлығы жөнінде жазушы Тәкен Әлімқұлов та айтқан еді. Т.Әлімқұлов берген осы деректерді зерттей келіп, музыка маманы профессор Б.Г.Ерзаковичтің «Бұл ән «Карие глазки» деп аталатын орыстың ертедегі тұрмыстық романсына әуен жағынан аса жақын. «Карие глазки» Абай орыс достарының бірінің үйінен естуі мүмкін. Бұл романстың сібір мен Қазақстанда ғана емес, Ресейде де кең таралғанын сыншы Тәкен Әлімқұловтың хабарлаған қызықты фактісі дәлелдейді», - дей келе, Николай Николаевич хабарлап отырған жоғарыдағы пікірді өзіне бөгде біреудің айтқанын арнайы ескерткен де, бірақ ол адам Николай Николаевичке мәлім болса да, біздерге беймәлім. Ол кім, музыкант па, әлде әнші не ғалым ба? Кім де болса славян халықтарының әндерін жақсы білетін көне құлақты білгір кісі болар. Осы беймәлім кісінің хабарлауынша, Абай әнінде малорос сарыны бар деп нақтылы пікір айтуы да музыка тарихын зерттеушілерге оқыс ой саларлық пікір. Өйткені хаттағы малорос деп отырған украиндықтар екені, қазақ жеріне алғаш қадам басқандардың ішінде олар да болғаны белгілі ғой. Сол себепті бұл ғажап құбылыстың украин халқының ән тарихынан іздестіру керек шығар», деп, Борис Григорьевич шұқшия қадалып, соны ой тастап, музыка зерттеушілерінен Абай Құнанбаевтың композиторлық қырынан сүбелі ой, тұшымды тұжырым беретін   қомақты еңбекті талап етеді.

Енді осы пікір барысында ой өрбітпекпіз. Бұл айтылған жайларды ескере отырып, украин халқының тұрмыс-тұрпатынан ақпарат жеткізетін,  ең алдымен мекен еткен жеріндегі тарихи жәдігерлердің бәдіз-бедерінен, ондағы наным-сенім айғақтарынан көптеген сырларды суыртпақтап, дәйекті дәлелдер айтып жүрген археолог ғалымдардың еңбектерін шолып өте келе, айналып келіп түрк дүниесіне тірелдік. Қырым түбегіндегі – қырымшақтар, қарайлар, қырым татарлары мен басқа да түрк халықтарымен қошына тұрған малоростардың өзара араласу, қарым-қатынас мүмкіндігіне шүбә келтірмейміз. Жалпы музыка жанры аса нәзік те, аса күрделі жанр. Біржақты пікірге теліп, тұжырымдай салу мүмкін емес. Кеңестік дәуірде территорияларды белгілі бір халыққа еншілеу барысында, сол жерлердің байырғы тұрғындары аз халықтар санатында тасада қала берген-ді. Мәселен, Ресей Федерациясындағы тыва, шор, саха, хақас, шүлім, долған, телеуіт және тағы да басқа түрк халықтарының  аты-жөндері толықтай орысшаландырылып кеткендіктен, олардың шығарған әндері де орыс композиторларының әндері болып қабылданып келді. Бұдан түйетініміз, түрк сарындары бірте-бірте өз тамырынан жылыстап, өзге халықтың қазынасына айналу үдірісін назардан тыс қалдырмау керектігі. 

Абайдың өзі шығарған әндері деп Ғ.Бейсенова «Песенное творчество Абая» деген монографиясында  «...нақ осы кезде Абайдың 60 әні (варианттарын қоса есептегенде) белгілі» деп 25 өлеңді көрсетеді де, осы еңбекте 35 ән нотасын толығымен береді. 

Абай Құнанбаевтың музыкалық мұрасына қатысты арнайы зерттеу  еңбектерді Ғ.Бейсенова, В.П. Дернова, Т.Ж.Егінбаева сынды ғалымдар орыс тілінде жазған. Күні бүгінге дейін Абай сөзіне жазылған әндер 200 ден асады.

Абай өлеңдеріне ән жазған Қазақстан композиторлары: С.Мұхаметжанов, Ғ.Жұбанова, Н.Тілендиев, Қ.Мусин, М.Қойшыбаев, Е.Рахмадиев, Ғ.Құрманғалиев, Ә.Еспаев, Е.Есетов, Т.Базарбаев, С.Кәрімбаев, К.Күмісбеков, М.Маңғытаев, Н.Меңдіғалиев, Ж.Дәстенов, Т.Мұхамеджанов, С.Әшімбеков, О.Сейітқазы, А.Бейсенбеков, К.Назарбек  және т.б.

«Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған...», -деп, өзі айтқандай, Абай Құнанбаевтың дүниеден өткеніне ғасырдан асса да, Абай әндері қазақ музыка тарихында орны бөлек, халықтың сүйіп айтатын, рухани дүниесімен астасқан тәбәрік.


Сымбат Мүталапхан,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ

«Білім тарихы» музейінің меңгерушісі, өнертанушы-этнограф.

 

Бөлісу: