Абай облысының туризм саласы дамып келеді

4 Қараша, 17:26 375

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстың туристік әлеуетін арттыру бойынша атқарылатын жұмыс туралы баяндады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әкімнің айтуынша, Абай облысына келетін туристер аз емес. Осы облыстағы Қоңыр әулие кесенесіне шетелдік қонақтар да жиі келеді.


Семейде көне ғимараттары бар тарихи қала. Туристік нысандар көп деп айтуға болады. Облыста туризм саласы дами бастады. «Жидебай-Бөрілі», Құнанбай әулетінің ата қонысы Ақшоқы мекені, Абай-Шәкәрім мемориалдық кешеніне апаратын жолдар жақсы деңгейде. Өздеріңіз білетіндей, қазақ халқында екі ғашықтар тарихы бар және соның екеуі де біздің облыста. Қозы Көрпеш – Баян сұлу кесенесіне жастар, жаңадан үйленген жас отбасылар келіп тағзым ететін, неке қиятын арнайы орын ашсақ па деген ой бар. Әлемде ғашықтар күні болса, қазақта Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні бар. Сол 15 сәуір күні кесенеге арнайы пойыз жүргізуге де болады. Себебі, ол жақтағы көлік жолының жағдайы мәз емес. Ал Мұхтар Әуезов «Еңлік-Кебекті» жазған Ойқұдықта ашық аспан астындағы театрды ашуды жоспарлаудамыз. Осы мақсатта инвестор тартуымыз керек. Ойға алған жоспарлар көп. Алайда, оған кедергілер де жоқ емес. Ең бірінші бізге электр қуатының тапшылығы қиындық тудырып отыр, – деді Нұрлан Ұранхаев.

Ынтымақ Толқын
Бөлісу: