Семей қаласының 11-сынып оқушысы Нұрлыхан Маратов қалалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бірегей AR-веб қосымшасын жасап шығарды. Бұл инновациялық жоба «Ақылды қала» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, қаланың инфрақұрылымын жобалау және жоспарлау тәсілдерін түбегейлі өзгертуді көздейді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
AR технологиясына негізделген қосымша болашақта құрылыс жұмыстарын аз шығынмен жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Пайдаланушылар мобильді құрылғылар арқылы жобалардың 3D-модельдерін қарап, QR-кодты сканерлеу арқылы болашақ ғимараттардың немесе ескерткіштердің үшөлшемді моделін шынайы ортада көре алады. Сонымен қатар олар нысандардың әрбір элементін барлық жағынан бағалай алады. Ол арқылы тұрғындар қала құрылысы шешімдеріне қатыса алады. Мысалы, ескерткіштер мен ғимараттардың құрылысын қолдап, дауыс беруге және оларды жүзеге асыруға қаржылай қолдау көрсетуге мүмкіндіктері бар.
Мен бұл жобаны тек технологияларды дамыту үшін емес, адамдардың өмірін жақсарту үшін де жасадым. Қала тұрғындарының өз қаласымен тығыз байланыс орнатып, оның дамуына қатысуы өте маңызды деп санаймын. Қосымшада қаланың көрікті жерлері туралы ақпараттық және ойын-сауық мазмұндағы виртуалды гид-чат-бот бар. Бұл функция қалалық инфрақұрылыммен өзара әрекеттесуді жеңілдетеді: қолданушылар кафелерде алдын ала орын алып, емханаларға жазыла алады және туристік нысандарды тамашалау мүмкіндігіне ие болады. Сонымен бірге қосымша ауа райы болжамын, жол қозғалысы туралы өзекті ақпаратты ұсынады, - дейді Нұрлыхан.
Нұрлыханның жобасы әлі де даму үстінде. Жақын арада «Ақылды көлік» жүйесімен интеграциялану және қосымшаны Қазақстанның басқа қалаларында қолдану мүмкіндіктері кеңейтіледі. Сонымен қатар сәулет, дизайн және қалалық жоспарлау салаларына арналған білім беру құралдарына қосымшаны енгізу жоспарланып отыр.
Айта кету керек, Нұрлыхан бұған дейін QEFO.KZ, TableTech жобаларының және Discover Abai туристік қосымшасының авторы ретінде танылды.