Абай облысының әкімі Берік Уәли Курчатовқа жұмыс сапары барысында шаһардағы жылу қазандығы мен қалалық аурухананың жұмысымен де танысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Облыстық әкімдік мәліметінше, қалада 4 жылу қазандығы бар. Аймақ басшысы шаһардағы 30 көп қабатты тұрғын үй, 1 әлеуметтік нысан, 4 бюджеттік мекеме мен 3 коммерциялық ұйымды жылумен қамтамасыз ететін №1 қазандықта болды. Өткен жылы қазандықтағы 4 пешке ағымдағы жөндеу жүргізіліп, 2 ескі пеш ауыстырылды.
Облыс әкімі Курчатовтағы қалалық аурухананың тыныс-тіршілігімен де танысты. Бүгінде медициналық мекемеде 153 адам еңбек етеді. Оның 24-і - дәрігер. 2024 жылы аурухананың бірінші қабатына күрделі жөндеу жүргізілген. Биыл медициналық мекемелерді жаңғырту бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен аурухананың 4-қабатын күрделі жөндеуден өткізуге қаражат бөлінген. Аурухананың бас дәрігері аймақ басшысына 5 маманның жетіспейтінін айтып, кадр тапшылығы мәселесін шешуге көмектесуді сұрады.
Денсаулық сақтау саласына жас мамандарды тарту маңызды. Оларды баспанамен қамтамасыз етуді қала әкіміне тапсырамын. Аурухананы толық жаңғырту керек. Тұрғындар Семейге бармай, осы жерде сапалы ем алу үшін тиісті жұмыстарды қолға алуымыз қажет. Тиісті ұсыныс беріңіздер, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы сондай-ақ Ядролық технологиялар паркі мен радиациялық технологиялар кешенінде болып, ұлттық ядролық орталықтағы музейдің жұмысымен танысты.