Абай облысындағы жағдай әлі де күрделі – Ақтоты Боранова

12 Маусым 2023, 11:14 957

ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова баспасөз брифингінде Абай облысындағы жағдай әлі де күрделі екенін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Өрт болып жатқан аймақтарда төтенше жағдай қызметкерлерімен бірге құқықтық тәртіпті қорғау органдары және Ұлттық ұланның қызметкерлері де атсалысуда. Жергілікті тұрғындарды ұйымдасқан түрде эвакуациялағаннан кейін полиция өз үйлерінен кеткен халықтың материалдық құндылықтары мен жеке мүлкін қорғауды жүзеге асырады, – дейді инспектор.

Сондай-ақ ол Бородулиха ауданына қосымша күш жіберілгенін тілге тиек етті. Көліктің барлық түрінің қозғалысын ұйымдастыру және реттеу, төтенше жағдай режимін азаматтар мен көлік құралдарының келу және кету тәртібін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс жалғасып жатқанын айтты.

Абай ауданындағы өртенген жердің көлемі әлем бойынша ең ірі табиғат өрті болып саналып отыр. Өрт салдарынан Семей орманы қорығының 14 жұмысшысы қаза тапты. Тілсіз жаудан қайтыс болғандардың жақын туыстарына көңіл айтып, қайғыларына ортақтасамыз, – деді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: