Абай облысындағы өрт 3,5 мың гектарды шарпыды

25 Мамыр 2023, 09:38 1034

Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс Абай облысының Бородулиха ауданындағы ірі табиғи өртті жою мәселесі қаралды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Өңір әкімі Нұрлан Ұранхаевтың баяндауынша, орман өртінің жағдайы қазіргі таңда ерекше бақылауда, өртті сөндіру үшін жедел штаб жұмылдырылды.

Өрт ошақтарын сөндіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, алайда желдің екпіні мен батпақты жерлер жұмысты қиындатуда.

Өрт шарпыған аумақтың ауданы 3,5 мың га құрайды. Өртті сөндіруге 201 техника, 8 тікұшақ, 1 өрт сөндіру пойызы және жеке құрамның 852 адамы жұмылдырылған.

Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ, алайда қауіпсіздік мақсатында қосымша 277 адам өз бетінше туыстарына эвакуацияланған.

Тонау фактілерінің алдын алу үшін эвакуациялау орнында полиция қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылған.

Сонымен қатар бүгін Бородулиха ауданында төтенше жағдай жарияланады.

Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі генерал-майор Ибрагим Күлшімбаев хабарлағандай, өртті сөндіруге ТЖМ, ІІМ, ЭТРМ, ҚТЖ, ЖАО және облыстың коммуналдық қызметтерінің күштері мен құралдары жұмылдырылған. Жағдай бақылауда, өртті оқшаулау және жою бойынша барлық мүмкін шаралар қабылданып жатыр.

Премьер-министр өңірлердің өрт қауіпсіздіне дайындық мәселесі өткен Үкімет отырысында ғана қаралғанын еске салды.

Көріп отырғанымыздай, қауіп өте жоғары. Ең бастысы, елді мекендерге қатер төніп тұрған жоқ. Өрт толық бақылауға алынды. Енді оны оқшаулап, толығымен сөндіру керек. Бұл – әкімдік пен Төтенше жағдайлар және Экология министрліктерінің ортақ міндеті, – деді Әлихан Смайылов.

Ол сондай-ақ Абай облысына өрт сөндіру күштері мен техникаларын жіберіп, көмек көрсеткен өңірлерге Үкіметтің атынан алғысын білдірді.

Экология министрлігі Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, өрт ошақтарын толығымен жойып, келтірілген залалды бағалау үшін «Семей орманы» резерватының аумағына тексеру жұмыстарын жүргізуі қажет, – деп атап өтті Үкімет басшысы.

EL.KZ
Бөлісу: