Абай облысындағы өрт: 277 адам эвакуацияланды

24 Мамыр 2023, 09:14 2438

Абай облысындағы өртке байланысты Березовка шипажайы мен Березовка подхозынан 277 адам эвакуацияланды, олар туыстарының үйіне орналастырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұған дейін 22 мамырда сағат 15:25-те Абай облысының Бородулиха ауданында, Ауыл станциясынан 7 км қашықтықта (Алтай өлкесі РФ аумағынан Новенькая ауылынан өтті) құрғақ шөп жанып, қызыл жалын кейіннен «Семей орманы» аумағына көшкенін хабарлағанбыз.

Қызыл жалын шарпыған аумақ 1500 гектарға жетті.

ҚР ТЖМ мәліметінше, Березовка шипажайы мен Березовка подхозында 15 адам кезекшілік жасап жатыр.

Орман өртін сөндіруге барлығы 100 бірлік техника (оның ішінде 1 өрт пойызы) және 2 тікұшақ, сондай-ақ 402 адам жұмылдырылды. Қосымша Астана қаласы, Павлодар және Қарағанды облыстары ТЖД күштері мен жеке құрамнан 133 адам және 26 бірлік техника жіберілді. Сондай-ақ «Қазавиақұтқару» АҚ-ның МИ-8 тікұшағы (экипажы 4 адам) Қарағанды қаласының әуежайынан ұшып шықты. Екі тікұшақпен тәулігіне барлығы 59 157,5 тонна су төгілді, - делінген мәліметте.

Сонымен қатар оқиға орнына вице-министр генерал-майор М.Күлдіков барған. Өрт орнында командалық-штабтық машина (КШМ) жұмыс істеп жатыр.

ТЖМ дағдарыс орталықтарында Абай облысының ТЖМ және ТЖД жедел штабтары жұмыс істейтінін алға тартты. Сенім телефоны ашық.

«Қазгидромет» деректері бойынша 24-26 мамырда Бородулиха ауданында Абай облысында екпіні 15-20 м/с дейін солтүстік-шығыс жел соғады деп күтілуде.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: