Абай облысында жіті ішек инфекциясының таралуы артқан

Кеше, 22:29 537

Абай облысында 2025 жылдың алғашқы тоқсанында тіркелген сальмонеллез бен жіті ішек инфекцияларының саны өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өскен. Бүгінде өңірде аталған инфекциялық аурулардың алдын алу бойынша жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Абай облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұржан Ноғайбаев мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Спикер өз бандамасын сальмонеллез ауруына түсінік беруден бастады. Айтуынша, сальмонеллез асқазан-ішек жолдарын зақымдайтын жіті инфекциялық ауру болып табылады. Оның инфекция қоздырғышы - сальмонелла тұқымдасына жататын микроорганизмдер.. Инфекцияның қоздырғышы сыртқы ортада ұзақ уақыт өміршең болып келеді. Бұл - ұсақ қозғалмалы бактериялар. Олар ашық су қоймаларында 120 күнге дейін, шұжық өнімдерінде 130 күнге дейін, сонымен қатар жұмыртқа және мұздатылған етте 13 айға дейін ұзақ мерзімде сақталады. Ал сүт өнімдерінде: соның ішінде сүтте - 20 күн, айранда  2 айға дейін, сары майда 4 төрт айға дейінгі мерзімде микроорганизмдер өмір сүре алады.

Ауру әдетте интоксикация белгілерімен басталады. Яғни, бас ауруы, әлсіздік, дене температурасының көтерілуі және де асқазан-ішек жолдарының бұзылуымен байқалады. Сонымен қатар жүрек айнуы, құсу, іш қату, жүрек айну сияқты белгілермен басталады.

Инфекцияның негізгі көзі - бұл ауру адам, сонымен қатар үй жануарлары бактерия тасымалдаушылар болып табылады. Бактерия  науқас адаммен байланыста болған кезде немесе сальмонелламен ластанған тағам өнімдері, шикізат, сонымен қатар  пайдаланатын заттар: мысалы, орамал, сүлгі, ойыншық заттары немесе тұрмыстық заттар арқылы жұғады. Бұл  аурудың инкубациялық кезеңі 6 сағаттан 7 күнге дейін болады.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы  Нұржан Болатұлы өз сөзінде өңірдегі ахуалға тоқталып өтті.

Бүгінгі күні біздің облысымызда эпидемиологиялық жағдайға келетін болсақ, өңірімізде биылғы жылдың алғашқы үш айлық мерзімінде, яғни бірінші тоқсанында сальмонеллездің 11 жағдайы тіркеліп отыр. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда бүгінгі күні 1,8 есеге өсім байқалады немесе 5 жағдайға артық тіркеліп отыр. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны - 8 жағдай, яғни 72,7 пайызды құрайды. Бүгінгі күні сальмонеллез анықталған барлық ошақтар тексерілді. Соның ішінде инфекция көзі негізінен жұмыртқа және құс өнімдері, дұрыс өңделмеген, яғни термиялық өңдеуден өтпеген құс өнімдері болып табылды. Оның бәрі зертханалық дәлелденген және де барлық ошақтарда қорытынды дезинфекция шаралары жүргізілді,-деді департамент басшысы.

Облыста жалпы жіті ішек инфекцияларының саны да өткен жылмен салыстырғанда артқан. Нұржан Ноғайбаев өсім болғанымен, өңірде бүгінгі күні эпидемиологиялық жағдай  бірқалыпты деп отыр. Мәселен, 2025 жылдың бірінші тоқсаны бойынша жіті ішек инфекциясының 87 жағдайы тіркелген.  Оның басым көпшілігі  14 жасқа дейінгі балаларда анықталған. Нақтырақ айтар болсақ, бұл 66 жағдай немесе 75,8 пайыз. Былтыр тіркелген жіті ішек инфекциялары жағдайының саны 53 болған, яғни өткен жылмен салыстырғанда биыл өсім бар.

Департамент басшысы облыста жіті ішек инфекцияларының алдын алуға бағытталған шаралар тұрақты жүргізіліп отыратынын атап өтті.

Департамент және оның аумақтық басқармалар тарапынан бірнеше алдын алу іс-шаралары жүргізіледі. Ол айтып кетсек, жіті ішек инфекциясы мен сальмонеллездің алдын алу бойынша ведомствоаралық және де тамақтану объектілерімен өзара іс-қимылға арналған кешенді жұмыс жоспары құрылған. Бүгінгі күні сол жоспардың  орындалуын және жүргізілуін қадағалаудамыз. Күнделікті, апталық және айлық мониторинг жүргізіледі. Сонымен қатар ошақтағы жұмыстар 100 пайызға орындалып отыр. Эпидемиялық маңызды объектілерде, яғни психоневрологиялық диспансерлер, балалар үйлері, жаңағы тағы да басқа жабық нысандарда ауруханаішілік аурушаңдықтың алдын алу мақсатында санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау іс-шаралары жүргізіледі. Жоспарлы тексерулер бар, жоспардан тыс бар және атап өткен кешенді жоспардың орындалуын қадағалаймыз,-деді спикер Нұржан Ноғайбаев.

Баспасөз мәслихатында сөз алған екінші спикер - облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тамақтану объектілерін бақылау бөлімінің жетекші маманы Мәдина Бөкеева тағамнан улану түрлеріне тоқталып, олардың негізгі себептерін түсіндіріп өтті.

Тамақтан улану бұл асқазан-ішек жолдарына тамақпен немесе сусындармен зиянды бактериялардың түсуінен, ішкі органдарының жұмысының бұзылуы болып табылады. Жалпы тамақтан улану микробты және микробсыз болып екіге бөлінеді. Тамақтан уланудың микробты түріне сипаттама беретін болсақ, көп жағдайда жеке гигиенаны сақтамағаннан және де бұзылған өнімдерді пайдаланғаннан пайда болатын ауру түрі. Тамақтан уланудың микробсыз түріне құрамында улы химиялық заттары бар, яғни улы өнімдер, улы өсімдіктер, соның ішінде саңырауқұлақтар сияқты өнімдерді пайдаланғаннан пайда болатын ауру түріне жатады. Тағамнан уланудың жалпы белгілері: ол жүрек айну, құсу, бастың ауруы, еңбекке қабілеттіліктің төмендеуі, әлсіздік, дене температурасының көтерілуі, тыныс алу және де жүрек соғысының жиілігі, сондай-ақ қан қысымның төмендеуі және іштің ауруы болып табылады. Тамақтан улану кей жағдайда бірден, кей жағдайда біраз уақыттан кейін біліне басталуы мүмкін... Жалпы ас ішу арқылы біз өзіміздің ағзамызға көптеген пайдалы дәрумендер алатынымыз сөзсіз. Бірақ дегенмен, кей жағдайда ас пайдалану кезінде біз өз ағзамызға өзіміз зиян тигізіп алуымыз мүмкін. Сол себепті де  тамақты тұтынар алдында міндетті түрде оның сапасына  қарауға кеңес беремін,-деді жетекші маман.

Айта кетейік,  қоғамдық тамақтандыру саласы ол қоғам өмірінде аса маңызды рөл атқарады. Сол себепті де қоғамдық тамақтану орнындағы әр кәсіпкер қызмет көрсету барысында  жұқпалы аурулардың алдын алу жөніндегі санитариялық және профилактикалық іс-шараларды жүргізуге міндетті. Қоғамдық тамақтану орындарына қойылатын талаптар 2022 жылғы 17 ақпандағы №16 санитариялық қағидалармен реттеледі. Қағидалар жер учаскесін таңдау, жарықтандыру, сумен, жылумен жабдықтау, өндірістік бақылау сияқты аспектілерді қамтиды. Жалпы тамақтан улану немесе қандай да бір заң бұзушылықты көрген жағдайда  тұрғындар Е-өтініш онлайн порталы арқылы немесе әкімшілік-процессуалдық кодексіне сәйкес  басқарма немесе департамент мекен-жайына келіп қолма-қол  өтініш қалдыруға құқылы. Өтініште  міндетті түрде негіздеме, яғни дәлелді дәйектер, фото, видеолар міндетті түрде болуы қажет.  

Жетекші маманы Мәдина Бөкееваның айтуынша, биыл өңірде қоғамдық тамақтану объектілерінде тамақтан улану жағдайы тіркелмеген. Ал негізінен жауаптылар тұрғындар өтініші бойынша тексерістерге тұрақты түрде шығып тұрады.  Яғни,  қандай да бір заң бұзушылық болған жағдайда Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабына сәйкес   заңды және жеке тұлғалардың өтініші негізінде  жоспардан тыс тексерулер  жүргізіледі. Егер де өтініш түскен жағдайда және де жоспардан тыс  тексеру барысында өтініште көрсетілген  бұзушылықтар айқындалса, міндетті түрде айыппұл салынады. Сондай-ақ жоспардан тыс тексерістерден бөлек тамақтан уланудың алдын алу үшін профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі. Оның асында  бірлескен  рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады.

Брифинг барысында спикерлер сальмонеллездің және жіті ішек инфекцияларының алдын алу үшін әрбір азамат сақтауы тиіс шараларды ұсынды. Оларға тоқталып өтсек, бастысы - жеке бас гигиенасын қатаң сақтау. Яғни, тамақ дайындамас бұрын, тамақты ішер алдында, дәретханадан кейін немесе көшеден келгеннен кейін  қолды міндетті түрде  сабын пайдалану арқылы сумен жуу қажет. Екінші негізгі мәселе - тез бұзылатын тағамдарды сақтау шарттарын қатаң қадағалау. Сонымен қатар шикі тағамдар мен дайын тағамдарды бірге сақтауға тыйым салынған. Сауда орындарында рұқсат етілмеген  ет, құс, сүт өнімдерін, сонымен қатар жұмыртқа сатып алмау, жартылай шикізат тағамдарын жеуге болмайды және ет тағамдары мен құс тағамдарын дайындағанда температуралық режимдерін қатаң сақтау керек. Бұдан өзге салаттар және басқа да термиялық өнімдерден өтпейтін тағамдарды дайындағаннан кейін  бірден тұтынған жөн. Оны ұзақ уақытқа сақтауға тыйым салынады, дүкеннен  жемістерді, көкөністерді, қауын-қарбыз, сондай-ақ тауық жұмыртқаларын үйге әкелген соң міндетті түрде мұқият жуған абзал. Сонымен қатар мамандардың айтуынша, үй жабдықтарын мұқият тазалап, шикі және пісірілген тағамдарды кесу, бөлшектеу кезінде бөлек-бөлек тақтайларды  пайдалану керек.

Инфекциялық аурулардың белгілерді байқалуы кезінде бірден медициналық көмекке жүгінгеніңіз дұрыс. Дәрігерді үйге шақырғаныңыз дұрыс. Әр азаматтың денсаулығы - өз қолында. Сол себептен жеке бас гигиенасын сақтауларыңызға кеңес береміз,-деді департамент басшысы Нұржан Ноғайбаев.

Айта кетсек,  жіті ішек инфекциялары – түрлі бактериялар, вирустар және паразиттер арқылы таралатын аурулар тобы. Олар көбінесе ластанған су мен тағам арқылы жұғады. Қазақстанда бұл инфекциялар әсіресе ауылдық жерлерде жиі кездеседі. Мысалы, 2021 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында ауыз судың ластануынан 130-дан адам жіті ішек инфекциясымен ауырғаны тіркелді.

Жіті ішек инфекциясы дамушы елдерде балалар өлімінің басты себептерінің бірі болып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әлемде жыл сайын 1 миллиардтан астам адам жіті ішек инфекциясымен ауырады екен.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: