Абай облысында су тасқыны кезеңіне дайындық талқыланды

Кеше, 22:29 308

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында азаматтық қорғаудың аумақтық күштері мен құралдарының көктемгі су тасқынына, сондай-ақ қажет болған жағдайда халықты эвакуациялауға дайындығы мәселелері қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Отырыста гидротехникалық құрылыстардың жай-күйі, су басудың алдын алу шаралары және қираған нысандарды қайта жаңарту жұмысы талқыланды.  

Өткен жылы жалпы ұзындығы 2 шақырым болатын жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының 24 учаскесі тасқын су астында қалған болатын. Облыста 3 көпір бүлінді. Соның ішінде Кіндікті ауылына апаратын жолдағы көпір қайта қалпына келтірілді. Тассай ауылындағы көпірге жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Бозай ауылындағы көпірге ЖСҚ әзірлеу биылға жоспарланған.

Автомобиль жолдарындағы су тасқынының салдарын жою үшін «Семей Жолдары» ЖШС мердігерлік ұйымы «Ақсуат – Шыбынды – облыс шекарасы» жол учаскесінде 6 су өткізу құрылысын орнатты.  

Ықтимал төтенше жағдайдың алдын алу үшін 70 арнайы техникасы бар 7 авариялық бригаданың тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылған. Қажетті материалдар қоры жасақталып, 1000 текше метр құм, 1047 текше метр ПГС, 260 текше метр тасты топырақ жиналды. Мотопомпалар, күрек, етік және басқа да жабдықтар сатып алынды.  

2024 жылғы су тасқынын талдау негізінде «Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Боғас» автожолдарының учаскелерінде су өткізу құбырларын жөндеу жоспарланған. Жұмысты аяқтау 2025 жылдың тамызына жоспарланған. Сонымен қатар, Семей қаласындағы Ертіс өзені арқылы өтетін автогуж көпірін қайта жаңарту жалғасуда. Қазіргі уақытта «Integra Construction KZ» ЖШС мердігерлік ұйымы 9 тіректің 5-ін тұрғызды, су деңгейіне күнделікті мониторинг жүргізілуде.  

Барлық іс-шараларды іске асыру су басу қаупін азайтуға, су тасқыны кезеңінде жол инфрақұрылымының қауіпсіздігін және көліктің үздіксіз қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған. Отырыста көтерілген мәселелер бойынша облыс әкімі басқарма басшылары мен әкімдерге тиісті тапсырма берді,-делінген облыс әкімдігі баспасөз қызметіне берген мәліметте.

Асқар Таудай
Бөлісу: