Абай облысында резервтегі әскери қызметшілерге дайындық сабақтары басталды

21 Шілде, 12:49 561

Әскери жиындар аясында бір жарым мың резервші үшін әскери дайындық сабақтары басталған Семей қаласына Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - Қарулы күштердің Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов келді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әскери міндеттілер "Шығыс" оқу-жаттығу полигонына Павлодар, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарынан келген. Бұл жерде барлығы 41 әскери-есептік мамандық өкілдері өз білімдері мен дағдыларын жетілдіретін болады.

Бір ай ішінде мотоатқыштар, танк, артиллерия, зениттік бөлімшелердің, жауынгерлік, тылдық және техникалық қамтамасыз ету мамандары, сондай-ақ жауынгерлік машиналардың механик-жүргізушілері де қайта даярлаудан өтеді.

Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары жауынгерлік дайындық пен көлік жүргізу сабақтары өткізілетін оқу орындарын тексерді. Сонымен қатар, далалық лагерьге барып, медициналық пункттің, шаруашылық жабдықтау пункттерінің, тұрмыстық қызмет көрсету бөлмелерінің жарақтандырылуын және далалық моншалардың санитарлық-техникалық жай-күйін байқады.

Әскери жиынға шақырылған резервшілермен кездесу барысында генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов сабақтан кейін дем алып, күш-қуатын қалпына келтіру орнының жағдайы мен тамақтану сапасына қызығушылық танытты.

Бүгінде біздің күш-жігеріміз аумақтық қорғаныс жүйесін дамытуға және нығайтуға бағытталған. Бұл Қарулы күштердің жауынгерлік әлеуетіне де әсер етеді. Қарулы күрестің жаңа тәсілдері мен құралдары пайда болған жағдайда, аумақтық қорғаныс бригадаларының тіркелген құрамының білімін жаңарту және дағдыларын жетілдіру қажеттілігі туындайды, - деді министрдің бірінші орынбасары.

Ол сондай-ақ әскери міндеттілерді даярлауды қажетті деңгейде ұстап тұрудың маңыздылығын атап өтті.

Жалпы жиындар әскери бөлімдердің жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігінің деңгейін арттыруға, керек  кезде Қарулы күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды өрістету үшін қажетті әскери оқыту резервін дайындауға және запаста жинақтауға бағытталған.

Естеріңізге сала кетейік, әскери міндеттілер үшін әскери жиындар кезінде жұмыс орны мен атқаратын лауазымы сақталады. Бұдан басқа, олар орташа айлық жалақыны мемлекет есебінен алады. Ал жұмыс істемейтіндерге ең төменгі жалақы – 85 мың теңге беріледі.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: