Абай облысында прокурорлар мектептердегі қылмысқа тосқауыл қоймақ

15 Наурыз, 22:46 734

Абай облысында жасөспірімдер қылмысы мен кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған құқық бұзушылықтардың өсуіне байланысты алдын алу жөніндегі уәкілетті органдар жұмысының тиімділігін арттыру шаралары қабылдануда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыс бойынша білім беру ұйымдарында 8 мың бейнебақылау камерасы орнатылғанымен, қылмысты азайтуда күтілетін нәтижеге қол жеткізілмеген. Мектеп аумағында немесе оның маңында қылмыс жасау жалғасуда.

Мәселен, ағымдағы жылдың ақпан айында екі студент тоғызыншы сынып оқушысынан 30 мың теңгені пышақпен қорқытып бопсалаған, ол бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Сонымен қатар, облыс орталығында тоғыз жасар баланың мектепке үш жыл бойы бармағаны анықталды. Прокуратура араласқаннан кейін баланың конституциялық құқықтары қалпына келтірілді, ол бірінші сыныпқа қабылданды.

Басқа жағдайда, он алты жасар жасөспірім мектептің орнына бес жыл бойы білім беру мекемелеріне жатпайтын медреседе білім алған. Кейбір аудандарда есепке алу тиісті жүргізілмеу нәтижесінде, екі мектеп жасына дейінгі бала қайтыс болғандар тізіміне енгізілген, ал қайтыс болған бала тірі болып есептелген.

Қазіргі уақытта аталған деректер сәйкес келтірілді. Абай облысы прокуратурасының талдау нәтижелері бойынша мемлекеттік органдардың қатысуымен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесі өткізілді.

Отырыс қорытындысы бойынша мемлекеттік және құқық қорғау органдарына нақты тапсырмалар берілді. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау прокуратураның тұрақты бақылауында.

Перизат Саденова
Бөлісу: