Абай облысында өрттен кейін қандай өзгеріс бар және тозығы жеткен жылу желілері қалыпқа келе ме? Әкім жауап берді

23 Қараша 2023, 12:50 1562

ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айта келе өңір әкімі Нұрлан Ұранхаев БАҚ қойған өңірге қатысты мәселесіне жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Журналист жазда Абай облысында болған өртке қатысты сауал қойды. Ол «Өрттен кейін материалдық-техникалық базаны дамыту және қалыпқа келтіру туралы тапсырма берілді. Бұл жұмыс қалай жүріп жатыр? Жылу желілерінің тозуы 68 пайызды құрайтынын айттыңыз. Ол қай қалаларда және оны жою жұмыстары қалай жүзеге асырылуда?» деді.

Жаңа ғана баяндамада атап өткендей, жылу желілерінің тозығы 68 пайызды құрап отыр. Президент тапсырмасына сәйкес бұл бағытта техникалық-экономикалық негіздеме жасалып жатыр. Ол – үшінші ЖЭО құрылысы. Техникалық-экономикалық негіздеме аяқталған соң, құрылыс жұмысы басталады. Осы қараша айында Президент қатысуымен Астана қаласында ЖЭС салу мәселесі бойынша Ресей мен Қазақстан тарапы меморандумға қол қойды. Бізде ЖЭО салынатын болса, көп мәселе шешіледі. Семей қаласында кезінде 57 жылу беретін көз болған. Соның бәрі қазір жабылды. Орнына жаңадан салынған үшінші ЖЭО бар, – деді облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.

Абай облысында болған өрттен 14 азаматтың қаза табуына қатысты да ойын айтты. Облыс әкімі бұл мәселеге қатысты жауапкершіліктен қашпайтынын атап өтті.

Жер де, адам да біздікі. Бұған қатысты бюджеттің деңгейі де бөлек. Семей орманы республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Бірақ біз өзіміздің тараптан көмек көрсеттік. Өрт болғанда барлық қазақ елі көмек көрсетіп, қорға қаражат аударды. Сол қор есебінен біз техника алып, қаза тапқан отбасыларға да қол ұшын бердік, – деді Абай облысының әкімі.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: