Абай облысында өрт сөндірушілер мен орманшыларға ескерткіш ашылды

8 Қазан, 20:28 446

Абай облысында орман өртімен күресте қаза тапқан өрт сөндірушілер мен орманшыларға ескерткіш ашылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев, облыстық мәслихат төрағасы Қуаныш Сүлейменов, қаза тапқан орманшылардың туыстары, мемлекеттік органдардың қызметкерлері және жергілікті тұрғындар қатысты. Шарада батырлардың құрметіне гүл шоқтарын қою рәсімі де өткізілді.

Аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев жерлестеріміздің ерлік даңқы өшпейтіндігін ерекше атап өтті.

Қара орманды қадірлеп, батылдық пен батырлықтың жарқын үлгісін көрсеткендер ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Бұл тұғыртас табиғаттың тосын мінезіне төтеп берген азаматтардың атын әйгілеу үшін арнайы қойылып отыр. Есімдері тарих тақтасына алтын әріппен жазылып, ұрпағы мақтан етер жерлестерімізге, біз, қашанда басымызды иеміз!, - доблыс әкімі.

(Фото: t.me/abai_oblysynyn_akimdigi)

Шарада қаза тапқан орманшылардың туыстары сөз сөйледі. Солардың бірі Арай Әмірханова ескерткіш батырларға құрмет екенін атап өтті.

Ашылған ескерткіш  бейбіт күннің батырларына көрсетілген құрмет деп есептеймін. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауды сол қайғылы күннен бері сезініп келеміз. Бірі жарынан, бірі ұлынан, бірі аға-бауырынан айырылған қайғылы жағдайды ел болып бірге өткердік. Бүгін міне еңселі ескерткіш орнатылды. Алғаш рет бізбен кездескенде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы барлық көмекті аласыздар деп айтқан болатын. Президентімізге  қолдау көрсетіп, көмек қолын созғаны үшін зор алғыс білдіремін. Барлық көмекті алдық, оған мың да бір алғыс,- деді Арай Әмірханова.

Әкімдік мәліметінше, ескерткіш авторы — мүсінші Нұрбол Қалиев. Гранит тұғырға орнатылған сегіз метрлік ескерткіш тілсіз жауға қарсы тұрған «Семей Орманы» резерватының батыл орманшыларының рухына тағзым іспеттес.  Қоладан жасалған ескерткіш қаза тапқандардың батылдығы мен өз істеріне деген адалдығын бейнелейтін рельефтермен безендірілген.

(Фото: t.me/abai_oblysynyn_akimdigi)

Ескерткіш Бородулиха ауданындағы Камышенка орманшылығының маңы мен республикалық күре жолдың бойында орналасқан. Бұл батылдық пен адалдықтың мәңгілік символына айналып, өз халқының қауіпсіздігі мен табиғатты қорғау үшін өзін құрбан еткендерді еске салады.

Зарина Арман
Бөлісу: