Абай облысында діни экстремизмге қарсы күрес қалай жүріп жатыр

22 Маусым, 13:17 472

Абай облысында«Экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдың мемлекеттік жүйесін дамытудың 2023 - 2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын» іске асыру, террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуының жай-күйі қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев діни экстремизмге қарсы күресте, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде барлық ведомстволар мен ұйымдардың бірлескен күш-жігерінің маңыздылығын атап өтті. Ол сондай-ақ қала мен аудан әкімдеріне діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу үшін ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажеттігін ескертті.

Қала мен аудан әкімдерінің діни экстремизмнің алдын алу бойынша жүргізіп жатқан жұмыстары тиімділігінің көрсеткішін дәстүрлі емес діни ағымдағылардың санының азаюынан біле аламыз. Осыған байланысты аталған аудан әкімдерінен діни ахуалды тұрақтандыру және халықтың әртүрлі санаттарына әсерін азайту жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды сұраймын, - деді облыс облыс әкімі.

Отырыс барысында ТҚК мүше органдар мен қызметкерлерінің негізгі бағыттары, діни экстремизм мен терроризмнің қатеріне қарсы тұру үшін барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысын іске асырудың негізгі формалары мен әдістері айқындалды.

Халықтың әртүрлі санаттарына назар аудара отырып, облыстың қалалары мен аудандарындағы ақпараттық түсіндіру топтарының профилактикалық жұмысына ерекше көңіл бөлу керек. Атап айтқанда, еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінен қоныс аударушыларға, еңбек мигранттарына, сондай-ақ ауылдық өңірлердегі халықтың әлеуметтік осал топтарына назар аудару қажет, - деді отырысқа қатысқан ҚР ҰҚК облыстық департаментінің басшысы Жанат Нүтпаев.

Жұмыс тобының отырысында әрі қарайғы іс-қимылдардың нақты ұсынымдары мен бағыттары әзірленіп, нақты тапсырмалар берілді.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: