Абай облысында ауыл шаруашылығы техникасы 25%-ға жаңартылды

21 Қараша 2023, 00:19 697

Абай облысында биыл агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне несие беру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын, техника мен технологиялық жабдықтарды сатып алуға лизинг кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауға 2,7 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, қазіргі таңда 2,6 млрд теңге игерілген.

2 700 субсидиялау шартына сәйкес 1 400-ден астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері субсидияланды. Негізгі бағыттар лизингке сатып алынған ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдығының сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау, сондай-ақ несиеге мал сатып алу болып табылады.

2023 жылы жалпы сомасы 11 миллиард теңгеден астам сомаға 550-ден астам жаңа ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынып, бұл ауыл шаруашылығындағы машина-трактор паркі мен құрал-жабдықтарды 25%-ға жаңартуға ықпал етті.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Абай облысының филиалы жыл басынан бері мал шаруашылығын дамыту мақсатында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін жалпы сомасы 4,1 млрд теңгеге қаржыландырды. Оның ішінде 1,7 млрд теңге тікелей қаржыландыру және 2,4 млрд теңге несие серіктестіктері арқылы жүзеге асырылды.

Биыл қосымша бюджет қаражаты түскеннен кейін қазіргі таңда резервте тұрған 470 ұсыныс бойынша субсидиялау туралы келісімге қол қойылады.

Берік Арманов
Бөлісу: