Абай облысында 1- сынып оқушысы тарихи фильмге түсті

3 Маусым, 17:42 323

7 жасар оқушы “Соңғы үкім” тарихи фильмнің түсіріліміне қатысып, жұлдызға айналды. Жас актер кастингтен сәтті өтіп, экранда басты кейіпкердің көршісі Мэлс есімді баланың рөлін сомдайды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Екі жыл бойы түсірілген “Соңғы үкім” фильмі Ахмет Байтұрсыновтың тағдырына арналған. Жас актер түсірілім алаңында бір айға жуық уақыт өткізді, онда ол өзінің жасына қарамастан тапсырмаларды құлшыныспен және табандылықпен орындады. Қазақтың ұлы гуманист-күрескері Ахмет Байтұрсынов туралы жаңа фильм жарыққа шықты. Толықметражды тарихи драма А.Байтұрсынұлының өмірінен сыр шертеді.

Алинұр Бейсенгазинов Думанұлы Семей қаласы №16 Төлеубай Аманов атындағы мектепте оқиды. “Соңғы үкім” фильмінен кейін “Мейрам” киностудиясында тағы кастингке қатысып, қысқаметражды балаларға арналған “Мен сенің орныңда болсам” фильмінде басты рөлді сомдайды.

Баланың ата-анасы мен мұғалімдері Алинұрдың жетістігін мақтан тұтады және бұл тәжірибе ол үшін үлкен актерлік өмірге алғашқы қадам болады деп үміттенеді. Алинұр өз қабілеттерін одан әрі дамытып, көрермендерді жаңа рөлдермен қуантуды армандайды.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: