Абай облысына кең жолақты интернет қосылады

29 Мамыр 2023, 06:15 660

Жол картасына цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мен Абай облысының әкімі Абай Нұрлан Ұранхаев қол қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өңір басшысы өңірде цифрландыру, оның ішінде байланыспен қамту және интернетке қосылу мәселелері бар екендігін атап өтті.

Өңірде цифрландыруға басымдық берілуде. Облыс әкімдігі мемлекеттік бағдарламалар мен тұжырымдамалар аясында жұмыстар жүргізіп, жобаларды жүзеге асыруда. Цифрландырудың жарқын мысалдарының бірі – «Сергек» жобасы. Сондай-ақ жолаушылар қоғамдық көлікте жол ақысын электронды түрде төлейді. Семейдегі қоғамдық көліктер мұндай жүйемен 100 пайыз қамтамасыз етілген.  Көптеген мәселелер оң шешімін табуда. Бірақ өзекті мәселелердің бірі – ауылдарда интернеттің жоқтығы, – деді Нұрлан Ұранхаев.

Бағдат Мусин алдағы уақытта осындай мәселелер туындамас үшін жаңа шағын ауданның құрылысын жоспарлау кезеңінде қажетті құрал-жабдықтарды орнату үшін алдын ала арнайы орындар қарастыру керектігін баса айтты.

Кейбір жерлерде іс жүзінде байланыс мүлде жоқ. Операторларға айыппұл салынды, олар үш ай ішінде кемшіліктерді жою шараларын қабылдайды. Құрылысқа жер телімін бөлу және қажетті құрал-жабдықтарды орнатуға байланысты мәселелер туындап отыр. Бұл арада әкімдіктің көмегі қажет. Сондықтан жаңа ықшамаудандарды жоспарлау кезінде жабдықтарды орнататын жер телімдерін алдын ала қарастыру маңызды, – деді министр.

Бағдат Мусиннің айтуынша, жол картасы интернетпен қоса, ұялы байланыс сапасын арттыруды көздейді.

Бүгінгі таңда 330 елді мекеннің 116-сында интернет пен оптикалық арналар арқылы байланыс жоқ. Бүгін облыс әкімімен бекітілген Жол картасы аясында интернет пен ұялы байланысқа қатысты мәселелерді кезең-кезеңімен шешетін боламыз. Мұнда нақты шаралар қарастырылған. 25 антенна-діңгекті құрылғы орнатылып, 203 елді мекенге оптикалық байланыс желілері тартылады,- деп атап өтті Бағдат Мусин.

Республикада 5 жыл ішінде 560 миллиард теңге кейінге қалдырылған – бұл қаражат қолжетімді интернет жобасын жүзеге асыруға және оны еліміздің ауылдық округтеріне жеткізуге жұмсалады.

Берік Арманов
Бөлісу: