Абай күні: елордада ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті

10 Тамыз 2023, 15:46 1352

Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Абай ескерткіші алдына Абай Құнанбайұлының 178 жылдығына орай, «Абай – қазақ болмысының айнасы» мәдени-танымдық шарасы өтті. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

2023 жылғы 10 тамыз – ақын, ағартушы, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының туған күні.
ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 22 мамырдағы №303 қаулысына сәйкес, бұл күн «Абай күні» деп аталып, Қазақстан Республикасының мерекелік күндер тізбесіне енгізілді.

Іс-шара аясында қоғам және мемлекет қайраткерлері, зиялы қауым, шығармашылық сала өкілдері және қала тұрғындарының қатысуымен ұлт перзентіне құрмет жасалып, дәстүрлі гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

Жиынның ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Астана қалалық маслихатының төрағасы Ерлан Каналимов жиналған көпшілікті Абай күнімен құттықтап, оның шығармашылығы қазіргі уақытта қоғамға қажетті бәсекеге қабілеттілік, ұлт ретінде қалыптасу, тәрбие, еңбекқорлық тәрізді құндылықтармен үндес екендігін айтты.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен жиында сөз алып, жұртшылықты құттықтады.

Абай атамыздың өсиеті, өлеңі, қара сөзі – бүгінгі тұрмысымызда, қазіргі қоғамда өзектілігін еш жоғалтқан жоқ. Сондықтан, Абайды тану – өзімізді өзіміз тануымыз. Қазақтың бас ақынына қандай құрмет жасасақ та жарасымды, - деді елорда әкімінің орынбасары.

Мәдени-танымдық іс-шарада академиктер, Абай ұрпақтары, ақындар сөз алып, өз тілек-лебіздерін білдірді. Сондай-ақ шара аясында Астана қалалық Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясының әртістері өнер көрсетіп, Абай шығармашылығынан ән-жыр тарту етті.

EL.KZ
Бөлісу: