Абай атындағы ҚазҰПУ мен Фудан университеті меморандумға қол қойды

18 Шілде, 06:43 661

Абай атындағы ҚазҰПУ-да Фудан университетінің (Қытай) өкілдерімен кездесу өтті. Кездесудің мақсаты – оқу орындары арасындағы академиялық және инновациялық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірлескен жобаларды талқылау, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кездесу барысында ынтымақтастықтың бірнеше негізгі бағыттары мен мүмкіндіктері қарастырылды. Екі тарап та коммерцияландыру мәселелеріне ерекше назар аудара отырып, жасанды интеллектті білім беру әдістемелеріне интеграциялау және тиісті зертханалар арасындағы бірлескен жобаларды ілгерілету жөніндегі идеялармен алмасты. Фудан университетінің Чжэнцзян ғылыми-зерттеу институты деканының орынбасары Лу Сяолин бастаған делегация Абай университетімен ынтымақтастыққа үлкен қызығушылық танытты. Кездесуде ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл өзара келісім алдағы уақытта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға негіз болады деп күтілуде.

Фудан университеті QS халықаралық рейтингінде 39-шы орында. Қазіргі таңда университетке 50 миллион доллар көлемінде қомақты кіріс әкелген 500-ден астам жоба жүзеге асырылуда. Университет 5 ұлттық зертхананы қоса алғанда, ғылыми-зерттеу жұмыстарын қолдау үшін өзінің инфрақұрылымын белсенді түрде дамытуда.

Кездесу Абай университеті мен Фудан университеті арасындағы ынтымақтастықты дамытуға, әсіресе ғылыми зерттеулерді, инновацияларды ілгерілетуге және білім беру сапасын арттыруға ықпал етеді.

Перизат Саденова
Бөлісу: