Абай Сүйіншіәлиев: «Ұстаздық еткен жалықпас»

27 Сәуір 2017, 15:22 9737

Саналы ғұмырын сурет салуға ғана емес, кішкентай балаларды сурет өнеріне баулуға арнап келе жатқан Абай Сүйіншіәлиев

Егер сенің ішкі жан дүниең суретші бола алмайсың деп айғайласа, достым, ешнәрсеге қарамастан қылқаламыңды қолыңа ала бер. Күннің бір күнінде бұл дауыс жоғалады.

Ван Гог

Қазақ ешқашан өнерден кенде қалмаған ел. Оның ішінде сурет өнері бізге жат емес. Көне замандарда тасқа қашалып салынған суреттерден бастап, Гүлфайруз Исмайлова, Әбілхан Қастеевтей әлем жұртшылығы мойындаған ұлы тұлғалар бар. Ал бүгінгі күнге келер болсақ, елімізде шын мәнінде өнерге берілген, сурет өнеріне өмірін арнаған тұлғалар қаншама. Олардың еңбегі бірде бағаланса, бірде көлеңкеде қалып қойып жатады. Осындай тұлғалардың бірі, саналы ғұмырын сурет салуға ғана емес, кішкентай балаларды сурет өнеріне баулуға арнап келе жатқан Абай Сүйіншіәлиев. Абай Сүйіншіәлиев өзін кішкентай күнінде қылқалам ұстауға үйреткен өнер мектебіне кәсіби суретші болып оралып, бүгінде талантты шәкірттерді тәрбиелеп отыр.

Балалық шақ

Туған жерім Ақмола облысы. Бұрынғы Целиноград. Сурет өнерімен мектепте оқып жүрген кезден бастап-ақ айналыса бастадым. Әрине ол уақытта суретші болам деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмесе керек. Балалық шағымның ең бір есте қалар сәті деп – өнер мектебінің ашылуын айтар едім. Ол тұста балалардың бос уақытында айналысатын ермегі аз. Барлығымыз жапа-тармағай сол өнер мектебіне бардық. Кәсіби сурет салуға жол ашқан өнер ордасына алғысым шексіз. Ұстаздар салған суреттерімді қарап: «мына баладан суретші шығуы мүмкін» деп баға беретін. Мұндай пікірлер менің шабытымды шыңдай түсті. Түрлі байқаулардан жеңімпаз атанып келетінмін. Жалпылай алғанда, суретші болатынымды сол кішкентай күнімнен сезіп жүрдім.

Студенттік шақ

Мектепті бітіргеннен кейін арман қуып Алматыға оқуға түсуге бардым. Алайда белгісіз себептермен оқуға түсе алмай қалдым. Әскерге кетіп қалайын десем – жасым жетпейді. Сондықтан суретшінің көмекшісі болып жұмысқа орналастым. Бұл менің өмірімнің маңызды бір кезеңі деп есептеймін. Осы тұста атақты суретшілермен танысып, олардан тәжірибе жинай бастадым. Көмекші бола жүріп, өз шығармашылығыма да көңіл бөле бастадым. 1986-1987 жылдары «принтер», «компютер» деген техникалар күнделікті өмірге келе қоймаған кезі. Бұл тұста суретшілер түрлі плакаттар мен баннерлер салумен айналысатын. Үлкен мерекелік концерттер қарсаңында, жарнама жасау кезінде суретшілердің көмегіне жүгінетін. Осылай бір жыл бойы ерінбей еңбек еттім. Осыдан кейін мені әскерге шақырды.  Екі жыл Чехословакия жерінде әскери борышымды өтедім. Әскери өмір мені қатты өзгертті. Тіпті өмірдегі орнымды табуыма көмектесті десем артық айтпаған болар едім. Әскери борышымды абыроймен атқарып, елге оралдым. Елге келісімен оқуға қайта тапсырамын деп шештім. Бұл жолы оқуға түсіп қана қоймай, мені бірден екінші курсқа қабылдады. Оқуға тапсырмас бұрын біршама дайындалғаным бар еді, осы жайт өз көмегін тигізді. Осылайша Орал Таңсықбаев атындағы көркемсурет училищесінің студенті атандым.

Ұстаздық қызмет

Ол уақытта оқуды бітірген студенттерді өңірлерге жіберетін. Менің алып шыққан мамандығым «сурет мәнінің мұғалімі» болғандықтан, мені Ақмола облысы Шучинск қалашығына жіберді. Шучинск қаласында аз-кем қызмет еттім. Бірақ уақыт өткен сайын туған жеріме деген сағыныш үдей түсті. Арада біраз уақыт өткен соң, өзім оқыған мектепке сурет пәнінің мұғалімі болып оралдым. Сол уақыттан бастап ұстаздық қызметпен қатар, шығармашылыққа да ден қоя бастадым. Ең алғашқы кәсіби еңбегім – «Қорқыт» деп аталады. Бұл тақырыпты неліктен таңдағаным есімде жоқ. Дегенмен осыған дейін Қорқыт бабамызды көптеген суретшілер салғандықтан, маған оңай болған жоқ. Көп суреттің арасында менің еңбегім ерекшеленуі керек қой? Екі айға жуық уақытта бірнеше нұсқасын салып көрдім. Жалпы Қорқыт бабамыздың образы қазақ сурет өнеріндегі ең ерекше, мистикаға толы образдың бірі деп есептеймін. Сондықтан мұндай жұмысты тек қана фактілерге ғана сүйеніп салу мүмкін емес. Қорқытты салу үшін барлық ішкі жан дүниеңмен сезінуің керек. Сондықтан мен қобыз, домбыра тыңдап шабыт іздедім. Балам музыка мектебіне барып жүрген кезі еді. Оны отырғызып қойып домбыра тартқыздым. Қорқыт бабамыздың аруағы қолдады ма белгісіз, алғашқы туындым сәтті шықты. Осыдан кейін мен өзімді қайрай бастадым. «Осымен тоқтап қалуға болмайды, сенің қолыңнан келеді» деп, өзімді қамшыладым.

Кәсіби суретші

Менің жұмыстарымды қарап отырсаңыз, барлығында бір философиялық мән бар. Бұл менің ұстанымым. Жай ғана сурет салып қана қоймай, көрерменге белгілі бір ой салу. Реализммен айналысқан адам өзін шеңбердің ішіне қамап қояды. Сол шеңбердің ішінен шығуға болмайды. Ал мен өз жұмыстарымда қалаған нәрсемді жасай аламын. Бұл менің шығармашылық еркіндігім. Еркіндіксіз мен Абай Сүйіншіәлиев болмас едім. Бұл менің қоғамға шығарған эмоциямның көрінісі. Кейде жай ғана бір әдемі сөзден шабыттанып, сурет салатын кездерім болады. Мысалы: бір күні «қарауыл» деген сөзді естіп қалдым. Ұзақ уақыт осы сөз ойымнан шықпай қойды. Осыдан келіп «қарауыл» деген картина дүниеге келді. Сол секілді бір жолы Бекболат Тілеуханның орындауында Қазтуғанның «Еділмен қоштасу» деген өлеңін тыңдап отырғанда туған туындым бар. Кейде жақсы туындыңды бірнеше адам алғысы келеді. Ал сурет біреу-ақ. Осындай кезде бір туындыны бірнеше рет қайталап салуға тура келеді.  

Ұстаздық еткен жалықпас. Бүгінгі күні мектебімізге тек сурет салуды үйренуге қырыққа жуық бала келеді. Біз оларды он екі жастан бастап қабылдаймыз. Жас ерекшелігі жағынан бірнеше топқа бөліп, сурет салудың қыр-сырына үйретеміз. Оқушылар төрт жыл бойы тәлім алады. Оқуды бітіргеннен соң барлығы суретші болып кетпесе де, дизайнер, архитектор секілді сурет өнеріне жақын мамандықтарға барып жатады. Жалпы балаларға сурет салумен шұғылдану өте пайдалы. Көрген нәрсені қағаз бетіне түсіріп үйрену – қойған мақсатыңды жүзеге асырумен пара-пар. Осы тұрғыдан алып қарайтын болсақ, бос уақытын сурет салуға жұмсаған бала болашақта үлкен тұлға болатынын байқап жүрміз. Сонымен қатар, денсаулығында немесе психикасында түрлі ауытқушылықтар бар балаларға сурет салумен айналысудың пайдасын ғалымдар дәлелдеп отыр.

Қорытынды

Америка, Ресей, Жапония секілді алып мемлекеттермен салыстыратын болсақ, біздің сурет өнеріміз олармен бір деңгейде деп сеніммен айта аламын. Талантты шеберлеріміз өте көп. Тек бізде ақсап тұрғаны – ұйымдастырушылық мәселелер. Көрмелерді жиі ұйымдастырып, БАҚ-нан жиі насихаттап халыққа көрсететін болсақ, мақтануға тұрарлық тұлғалар өте көп. Сондықтан мемлекет тарапынан және ауқатты адамдар өнерге көңіл бөлсе екен дейміз

Бөлісу: