Абай мен Қазақстанды бір арнада тоғыстыру – ұтымды шешім

9 Қаңтар 2020, 17:06 2885

Белгілі тұлғалар Президент мақаласына пікір білдірді

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы-ақ Ұлы Абайдың 175 жылдығын жоғары деңгейде мерекелеу туралы жарлыққа қол қойғанын жақсы білеміз. Енді, міне мемлекет басшысының «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарияланып отыр. Осы орайда  el.kz тілшісі елге белгілі тұлғалардан пікір алды.

Шөмішбай Сариев, қазақ поэзиясының көрнекті өкілінің бірі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері,  Франц Кофка атындағы Халықаралық алтын медаль иегері:

– ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын ерекше құлшыныспен оқып шықтым. Біріншіден, Абай мен Қазақстанды тоғыстырып, ажырамас бір арнада сөз ету мемлекет басшысының ұтымды шешімі деп білемін. Ұлтымызға ұлы тұлғаны үлгі етіп қоюы өте орынды. Екіншіден, бұл – парасаттылықтың көзі. Ақынның 175 жылдығын жоғары деңгейде атап өту – ұлттық сананы сақтаудың жолы және заман талабына сай мемлекеттік маңызы бар мәселенің бірі. Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай ұлттық сананы жаңғырту арқылы ХХІ ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашылатын болады. Бұл мақала Елбасымыздың алға қойған елді рухани жаңғыртудың жалғасы болып табылады. Сол негізде айтылған Ұлы Абайдың тұжырымдамалары баршамызға азық болары анық. Абай – мәңгіліктің ақыны, ақынның рухани дүниесі арқылы біз ХХІ ғасырда мәңгілік елге айналдық. Рухани жаңғыру негізінде осындай ұлы тұлғамыздың артынан қалдырған асыл мұрасынан үлгі алуымыздың өзі зерделілік деп білемін. Бұтақтары биікте, тамырлары тереңде жатқан халқымыздың, мемлекетіміздің, ел басқарып отырған басшылардың Ұлы Абайды темірқазық жұлдыз етіп алуы – оның қаншалықты маңызды тұлға екенінен хабар береді. Аспан – мәңгілік, жер – мәңгілік, Абай – мәңгілік. Абай поэзиясы жер-анамен бірге өмір сүре бермек.  Қасым-Жомарт Кемелұлының Абай туралы жазған мақаласы әрбір қазақтың жүрегіне жылы тиеді деп ойлаймын.  

Смағұл Елубай, жазушы, кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақала ұлы ақынның 175 жылдығына арналған ең мазмұнды да, көлемді дүние екен. Бұл жерде Президент сонау бір жарым ғасыр бұрын жазған Абай мәтіндеріне жаңашылдықпен қарауға күш салған. Жалпы, Абай ақын-ойшылдың мәтіндерін әртүрлі оқуға болады. Ал Президент бұл мәтіндерді мемлекеттік мүдде тұрғысынан, Қазақстанның болашағы тұрғысынан, қазіргі ел жастарын заманға лайықты ету тұрғысынан қарап, оқыған тәрізді. Осы ретте бұл мақаланы үлкен бағдарламалық мақала деуге лайық екенін айта кеткім келеді. Қазірде Абайды оқушылар көп екенін жақсы білеміз. Алайда, мәселе – оның санының артуында емес, оны бүгінгі заманға қалай жақындатуымызда, Абай айтқан ойдан, өлеңдерден, мәтіндерден бүгінгі заманға сай ұран боларлық өсиеттер табуымызда. Қарап отырсаңыз, Абай мәтіндерін Президент өзгеше оқып шыққан. Бұл оқырмандарды бағыттап отыратын мақала болған. Жасампаздыққа, еңбекқорлыққа, білімдарлыққа, ұлтжандылыққа, жаңашылдыққа, имандылыққа бағыттайтын бағдарламалық мақаладай жанды шыққан.

Мақаланың  тағы бір ұтымды жағы – мемлекет басшының тойға қатысты пікірі. Қазірде бізде не көп? Той көп, бірақ ой көп деп айтуға келмейді. Сол Абай мерейтойын той-тойлауға арнамай, қазақ болашағын, ел болашағын, ұрпақ болашағын ойлауға бағыттайтын мерейтой болса деген Президенттің  ойын өзекті деп білемін. Әрине, Абай көптеген мәселелердің тек шетін шығарып қана айтқаны белгілі. Біздің міндетіміз – Абайдың айтайын деген уағыздарын ары қарай тереңдетіп, бүгінгі күн тұрғысынан талдау. Бүгінгі шыққан Президент мақаласы терең талдауды байқатады.

Мақаланың тағы бір ұнаған тұсы – Абай жайлы мәдениет саласында, әсіресе кино саласында атқарылатын шаруалар. Осы орайда, кино маманы ретінде ұлы ақын жайындағы көркем фильмдерге ерекше мән берілгенін қалаймын. Деректі кинолар бұған дейін де түсірілді, түсіріле де берер. Бірақ, телехикая мен көркем туындыға аса сақтық керек деп білемін. Абайдың тұлғасына дақ келмес үшін сақ болғанымыз дұрыс. Қазақтың кино тарихында ұлы тұлға жайында бірнеше дүниелер дайындалған. Бірақ, өкінішке қарай, олардың бірде бірі Абайдың тұлғасына толықтай лайықты болды деп айта алмаймын. Мінеки, біздің осы ащы сабағымызды еске ала отырып, көркемфильм түсіруде үлкен сақтықпен қарау керек. Мерейтой деген ол 180-190 жылдығында да болатыны белгілі. Той жетті деп апыл-ғұпыл, асығыс дүние жасаудан аулақ болғанымыз жөн. Ертең халық алдында Абайды биіктетеміз деп, төмендетіп алмайық. Сол сияқты аударма мәселесінде де көптеген шаруалар атқарылатыны айтылады. Абай шығармалары 8 тілге аударылуы тиіс екен. Тәржіма – ешқашан өзектілігін жоғалтпаған мәселе. Аударуға да ерекше көңіл бөлгеніміз дұрыс. Өйткені бұл істегі шала-шарпы тірліктер Абай шығармаларының түпнұсқасындағы мән-мағынасын жоғалтып алған жағдайлар кездескен.


Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: