20 Тамыз 2014, 03:23
Абақты – қылмыс істеген адамды уақытша қамауға арналған орын. Сот жазасын өтеу үшін қылмыскерді бас бостандығынан айырып, бұрынғы қауіпті қылықтарын одан әрі өрістетпеу мақсатымен, оны басқа адамдардан, қоғамнан оқшаулатып, абақтыға қамаған.
Қылмыскерлерді уақытша ұстаған киіз үй түріндегі абақты.
Байырғы қазақ тұрмысында қылмысты, жазалы адамды уақытша қамау қажет болса қолын артына байлап, кісе белдігін, баскиімін шешіп (әйелмен бірдей болды дегенді білдіреді), тізерлетіп, бетіне күйе жағып киіз үйдің керегесіне немесе үлкен арбаның доңғалағына таңып тастайды. Қасына күзетші қояды. Сондай-ақ, уақытша қамаудың киіз туырлыққа орап таңып тастау тәрізді жолдары да болған. Абақты сөзінің тағы бір көне нұсқасы лабақты.
Қылмысты жанның орыны,
Аты жаман абақты.
Абыржытып көңілді,
Көтертпейді қабақты.
Қызыл етке дүрелеп,
Қыл қамшымен ұрады.
Сүйрелеп барып тепкілеп,
Абақтыға тығады
(А.Бабиұлы)
Жазалы, қылмысты адамды қауымнан оңашалаудың мырзақамақ, түрме деген түрлері қазақ ортасында ХІХ ғ.-дан тарала бастады (толығырақ қ. Мырзақамақ). Ертеде көшпелілер арасында болмаған, кейінгі кезде пайда болған орыс отаршылдығымен бірге келген бұл «құбылысты», қазақтар тосырқап қабылдағанын Арқадағы әнші Мәдидің:
Абақты қатар-қатар болады екен,
Ішіне жақсы-жаман толады екен,
Ішіне сол шіркіннің кіріп барсаң,
Көңілің су сепкендей болады екен, – деген өлеңінен байқауға болады.
«Жігіттің жақсысы ортамда сыналады, аттың жақсысы арбада сыналады», – деген мақалдағы ортам жерден терең етіп ор қазылып, жан-жағы айналдыры- ла қоршалды (арнайы там тұрғызылғанға да ұқсайды). Қылмыскердің аяқ-қолын байлап, А.-ның осы түрі ортамға салып қойған. Айыпты адамды ұстайтын ортамға ұқсас, жерден мүлдем терең етіп қазылған А.-ның түрі – зындан шығыс елдерінде ертеде кең таралған (толығырақ қ. Зындан).
Әдеб.: Бабиұлы А. Таңдамалы шығармалары. Өлгий, 1987; Омарханов Қ. Қазақ елінің дәстүрлі құқығы. Астана: Елорда, 2003; ҚӘТС. 1-том, Алматы: Арыс, 2006.
Абақты кесу – айыптыға белгіленетін жазаның бір түрі. Жазаның бұл түрі дәстүрлі әдеттік құқықтың кіші жинақтары деп аталатын ережелерде көрсетілген. Билердің төтенше съездері заңдастырылған ереже бойынша айыпкердің айыбын дәстүрлі жаза түрлерімен өтеуге жағдайы болмаса немесе айыпкер оны өтеуге құлықты болмаса да бас тартуға ерік берілгендіктен, өз ықтияры бойынша абақтыға отырғызған (толығырақ қ. Ереже). Мысалы, егер біреу әке-шешесін ренжітсе әке-шешесінің қалауымен 1885 жылғы Қарамола ережесіне сәйкес қазақ ғұрпы жосынымен жаза тағайындалады. Егер молданы немесе басқа да құрметті кісілерді ренжітсе ат-шапан айып немесе тіпті атан бастатқан тоғызға дейін айып төледі. Сондай-ақ, біреуді қол жұмсағаны үшін айыпкерге бір тоғыздан үш тоғызға дейін айып салынған; егер айыпкер кесілген айыпты алмаймын десе, айыпкер белгілі бір мерзімге (мысалы, бір айға) абақтыға отырғызылады. Ал ұрыс, төбелес шығарғандар билердің үкімімен ат-шапаннан бастап, үш тоғызға дейін сұраушының пайдасына айып төлейді (толығырақ қ. Құқық / Әдеттік құқық). Бірақ, ұрыс-төбелесті бастаушы өзге серіктерінен гөрі айыпты артығырақ төлейтін болған. Бұзықтық шығарған адамдар болыстың шешімімен (приговор) немесе ереже бойынша билердің ұйғарымымен ақшалай болмаса абақтыға отырғызуға жазаланды.
Әдеб.: Қарамола ережесі // Қазақтың ата заңдары. 5-том. Алматы: Жеті жарғы, 2005.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»