Ақынжанды жазушы Оралхан Бөкей туралы естеліктер

9 Ақпан 2015, 12:53

Оның әр шығармасынан туған өлкесіне, Алтайдай асқар тауына, қойдай жуас халқына деген сүйіспеншілігі сезіліп тұрады. Оның әңгімелері өмірді сүюге, табиғат жаратылысының әдемілігін көре білуге үйретеді.

Оның әр шығармасынан туған өлкесіне, Алтайдай асқар тауына, қойдай жуас халқына деген сүйіспеншілігі сезіліп тұрады. Оның әңгімелері өмірді сүюге, табиғат жаратылысының әдемілігін көре білуге үйретеді. Ол өз заманындағы қазақ әдебиетін, қазақ журналистикасын заңғар биіктерге көтеріп кеткен ақынжанды жазушы - Оралхан Бөкей. 

«Оралхан Бөкей – жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең сүлей суреткерінің бірі ретінде әлемдік танымдылыққа ие болды. Оралхан азғантай ғұмырында сондай асқаралы биікке өзін де, елін де, туған әдебиетін де шығарып үлгерді».

Әбіш Кекілбаев

«Оралхан – дүниеден озғалы, міне, тура он жыл болды. Кітаптары өмір сүріп келеді, өмір сүре береді. Олар: жасқа – ақыл, кәріге – қуат береді. Бақытқа бақыт қосады. Бақытсызға медет болады».

Шерхан Мұртаза, 2003 ж.

«Оралхан не жазса да қанымен, жанымен жазушы еді. Және қай жанрда жазбасын олардың бірде – бірі қаламдастар мен қалың қауым назарынан тыс қалмайтын».

«Оралхан бір оқылатын жазушы емес. Оралхан қайталап оқуды қажет ететін жазушы, түсінгеніңше оқи беретін күрделі суреткер».

Дулат Исабеков

«Оралхан өзі туған табиғатына ұқсас еді. Алтайдай асқақ, оның оқ жетпес құзар шыңдарындай биік еді! Заңғар тауларынан құлап аққан өзендеріндей тасқын еді. Тауларының сілемдерін жайлаған ерке еліктеріндей елгезек еді. Өркеш - өркеш тастарындай ірі еді. Қалам сілтеген алыптардың бірі еді. Шығыстан жарқырап шыққан жұлдыз еді».

Қасым Қайсенов

«Әдебиетіміздің қазіргі аспанын жарқыратып тұрған аяулы жұлдыздарымыздың бірі, ғажайып нәзік суреткер, тамаша журналист Оралхан Бөкей қапыда,қиыр алыста оралмас сапар кешті, біз тіл жетпейтін өкініш кешіп, тағы жылап қалдық».

Ғафу Қайырбеков

Пикассодан Левитанның пейзажын, Айтматовтан Әуезовтің көсіле суреттеуін ешкім де талап етпейді ғой. Әрқайсысының өзінің қолтаңбасы бар. Мәселе қайтіп айтуда емес, айта білуде. Жалпы, ізденіс атаулыға шошына қарайтын әлгіндей сыни пікірлер әдеби процеске аз зиянын тигізіп жүрген жоқ. Бізде эксперимент өте сирек.

Стилі, тілі, методы, айтары бір-біріне ұқсас шығармалардың көп жазылуының бір ұшығын осыдан іздеу жөн. Демек, кей тұста бояу артық жағылса, ол Дүйісмағанбетов айтқандай «жалаң суреткерлік» емес, ойды жеткізу үшін автордың әдемі қолданған тәсілі, яғни Оралханның өзіндік ерекшелігі, творчестволық даралығы.

Оралхан Бөкеев – кейінгі толқындағы дара дауыс иесі. Творчествосы шағын да болса – өз ерекшелігімен қызық. Бөкеев жазған дүниенің бәріне бірдей біз де таңдай қаға бермейміз. Иә, сын да керек. Бірақ біліп сынайық, жоғарыдағыдай нақақ қиянатқа бармайық. Оның тебірентпейтін шығармалары бар, бірақ ойлантпайтын шығармасы жоқ. Осы – ақиқат.

Сауытбек Абдрахманов, ҚазГУ-дің студенті (1973 ж.)

Орал облысында (Батыс Қаз. обл.) 1943 жы­лы қыркүйек айында туған Оралхан Бөкеев деген бір бала жоғалып кеткен екен. Сол баланың әке-шешесі кейінге дейін менің ағамды өздерінің ба­ласы емес пе екен деп күмәнданып жүрді. Оралхан деген ат біздің жақта сирек кездеседі, оның үсті­не Бөкей деген есім де солай. Күдіктенсе, күдік­тенетіндей еді.
Әкеміз еңбек армиясында, Оралда жүрген кезде ағам туған. Сол себепті Оралдан аман оралсын деп Оралхан қойған. Ал әкемнің шын аты – Бөкей­хан. Репрессия жылдары атамыз Исахан атын Иса­қан­ ғып өзгертіп, баласының ханын алып, Бөкей қы­лып өзгерткен ғой. Сонда, ағамның шын аты-жөні – Оралхан Бөкейханов болып шығады. 

Ауыл­дағы үй шаң болып кетсе, шаңға біздің атымыз­ды жазып қоятын. Мына жерді сүрт дегендей. Кіш­кентай кезімде басымды қарап берші деп алды­ма кеп жата қалатын. Мен шашын қолым­мен тарап, олай қайырып-былай қайырып, ойнап отырушы едім. Сол әдетін өмірінің соңына дейін үзген жоқ.

Әрбір костю­мінде бір-бір орамал болатын. Оның бәрін жуып, үтіктеп отыру менің мойнымда. Бала кезден-ақ, әкелген киімдерін әкеміздің Күләми деген тігінші қа­рындасына сөктіріп, өзіне лайықтап, жаңаша үлгімен қайта тіктіреді екен. Өзіне не жарасатынын жақсы білуші еді. Осы сұлулығы мен сәнқойлығы қашан да айналасындағы адамдардан ерекшелеп тұратын. Алматыда жүргенінде орыстың қыздарына дейін ғашық болып жүреді екен.

Біздің үйге ауылдың ақсақалдары, көршілер көп келетін. Оларды күнде көріп жүрсе де әке-шешем асты-үстіне түсіп күтетін. Ағамның тапсырмасы бойынша мен үлкен адамдардың әңгімесін көп тыңдадым. Олар қызу әңгіме үстінде неше түрлі мақал-мәтелдерді қолданатын. Соны өздері де байқамайтын. Мен соны жазып алып, жинақтап қоятынмын. Ағам өзіне ұнағандарын белгілеп алып, кейбіреулеріне таңдана қарап, «сөзді ұмытып барамыз» дейтін. Ауылдың, үйдің барлық жаңалықтарын жіпке тізгендей етіп хат жазатынмын.

Оралхан ағам жастайынан жазушы болуды армандайтын. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ әдеби шығармаларды көп оқыды. Кейде кітаптан басын көтермей отырғанын көрген ата-анам «көзіңді құртасың оқыма» деп тыйым салатын. Ағамның әдебиетке деген сүйіспеншілігін оятқан осы пәннен сабақ берген өте сауатты мұғалімі Жомарт Нұрғазин болатын. Кейін көркем шығармадан гөрі танымдық дүниелерді көп оқыды. Ағамның күнделігінде мынадай бір қанатты сөзі бар: «Адам армандай білуі керек, армандаса- соған қол жеткізеді. Мен жазушы болуды армандадым, жазушы болдым. Менің парталас досым Жеңіс ұшқыш болуды армандады, ол да ұшқыш болды. Адам армандай отырып, соның жолында күресе білуі керек. Бүкіл адамзат саған қарап тұрғандай, өз-өзіңді шексіз жауапкершілікте сезінгенде ғана ойлаған мақсатыңа жете аласың». 

Ғалия Бөкейқызы, жазушының қарындасы

Бірде Қуанышбай Құрманғалиев елуге толды да, үлкен-кіші бір топ тілеулес достары сол үйде бас қостық. Кешті Оралхан баскарды. Әнімен, әзілімен, ешкімте алабөтен жұмсақ КӨПШІК қоймай отырып-ақ, жинақы жүргізген дастархан мәзірінің бір түсында Шерағаң үйіндегі жеңешеміз:

— Апыр-ай, Оралхан бауырым-ай, мен сені керемет жазушы, қаламы жүйрік журналист ретінде білуші едім, енді аңғарсам, сен елде жок, асаба екенсің ғой, — дегені бар еді сүйсінгенін жасыра алмай. Міне, жазушы Оралханның мен байқаған бір қыры осындай еді. Жігіттің сегіз қырлы, бір сырлы болғанына не жетсін, шіркін.

Сәкен Иманасов 

Онын ең соңғы мақаласы «Қазақ әдебиеті» газетінің 1993 жылғы 30-сәуіріндегі санына жарияланыпты. «Ошақ бұты — үшеу, жағар оты — біреу» деп аталады. «Көкек өз атын өзі шақырмас үшін «жүз», «рушылдық» деген алып-қашты сөзді азайтып, «ұлттық» деген ұғымды қалыптастырайық, соны ғана насихаттайық, ағайын. Дүниеде өзі ауру болған соң бүкіл әлем ауру деп ойлаудан қауіпті де қатерлі де не бар?!» деп аяқтапты ең сонғы ойын. Ұлт татулығы мен ұлт мүддесі — киелі қаламы аркылы тірілерге қалдырған аманаты екен.

Тұманбайұлы К. Тағы да Орағаңа оралу: [Жазушы О. Бөкеев жайлы бірер сөз] // Жас Алаш. – 2002. – 16 мамыр. – 7б. 

Оралханды ойласам... оның жазған кітаптары, сондағы кейіпкерлер есіме түседі. Бәрі де өмірде болған, өзіміз күнде көріп, араласып жүргендей әсер етеді. Себебі, шығармаларының көркемдік қуаты, тіл байлығы, шеберлік кестесі сезіміңді тербеп, ойыңды қозғайды

Жақсыбаев А. Жаны жайсаң жақсылар. Естеліктер, сапарлар, ой-толғамдар. – Алматы: «Білім», 2006. – 145 - 154 б.

Бөлісу: