30 Маусым 2014, 12:30
Оқиғалар қайталанады
Бұл сөздiң ақиқаттығына бұрын да сенетiн-тұғынмын. Бiрақ осы жолы оның шын сөз екендiгiне анық иландым десем болады.
Ұзын-ырғасы он бес жылға созылған көшпелi өмiрден кейiн жанашыр ағалардың арқасында тұңғыш пәтерге қолымыз жеткенде қатты қуаныстық. Келiншегiм көңiлiнде аязды ақпанда көгiлдiр көктем орнағандай желпiнiп жүрдi. Құдайы көршiмнiң суретшi болып шыққаны бұл да бiр несiбе едi. Бала кезiнде суретшi болуды армандаған адамға бұдан артық не керек?
Мiне, көршiмнiң пәтерiне кiрiп келе жатырмын. Ол менi өзiнiң шеберханасына бастады. Шеберханасы – үш бөлмелi пәтердiң ең шағын, балалар құжырасы деп аталатын бөлмесi болып шықты. Оңда да, солда да сурет салынған кенептер. Ортада кәдуiлгi көше қиылыстарында кездесе беретiн афиша бағаны iспеттi әлдене тұр. Әр-әр жерлерiне суреттер салыныпты. Олары сәбидiң сызбалары iспеттi көрiндi.
– Иә,– дедiм iшiмнен,– көршiнiң балалары да сурет салатын болып шықты ғой.
Осылай ой түйгенiмше болмады, менi аңсызда бiрнәрсенi бүлдiрiп алудан сақтандырғысы келгендей көршiм:
_ Мына туындым Мюнхенде өткен көрмемнiң темiрқазығы болды,– дедi.
Темiрқазығы деп қол сiлтенген тұсқа көзiмдi тастай бергенiм сол едi, жанарым жаңағы афиша бағаны iспеттi «бiртүрлi» дүниеге барып тiрелдi. Iшiмнен күлiп жiбердiм. Есiме, нақты жадымда жоқ, әлде Пикассо, әлде Манемен, әйтеуiр ұлы суретшiлердiң бiрiмен болған оқиға түсе кеттi. Осы әйгiлi екi суретшiнiң бiрiнiң шеберханасына, әлде шынымен-ақ басқа суретшi ме едi, онда да мен секiлдi бiреу бас сұғып қалатын-тұғын. Бәлкiм, Пикассо, бәлкiм Маненiң, бәлкiм расында да тiптi басқа суретшi болар, еденге шашылып жатқан эскиз сызбаларын көргесiн, жаңағы ақ жарқын қонақ аузына ие бола алмай:
_ Мэтр, балаларыңыздың талабы да таудай екен, түбi сiзден де өткен бек талантты суретшiлер болып шығатынына еш күмәнiм жоқ,– деп жiбередi ғой.
Сонда Пикассо немесе Мане, яки шынтуайтында да өнер тарихында аты қалған басқа қылқалам шеберлерiнiң бiрi шығар:
_ Бұл суреттерге балаларымның еш қатысы жоқ, мұның бәрi менiң өзiмнiң жұмыстарым,– деп жымиған екен. Осы оқиға дәл осы сәтте көршiмнiң шеберханасында қайталанғанына менiң еш күмәнiм жоқ едi. Бұл қайталануды көршiм дәл сол кезде бiлдi ме, бiлмедi ме, түйсiндi ме, түйсiнбедi ме, мәселе онда емес. Мәселе басқада. Сосын оқиғалардың iзбе-iз, нақпа-нақ қайталануы да шарт емес қой.
Ырымшыл қазақ емеспiз бе, осы оқиғадан кейiн мен көршiмнiң Пикассо мен Мане немесе басқа да ұлы суретшiлер секiлдi қайталанбас талант иесi екенiне риясыз сенетiн болдым.
Әкем жарықтық көз жұмарының алдында, өң мен түстiң арасында жатып бiр ес жиғанда:
Шырағым, жаз, көп жаз. Бiрақ оқуды, әсiресе Абайды зерделеп оқуды ұмытпа,– деген болатын. Бұл әкемнiң ақырғы аманаты едi.
Ал әкем аманаттаған сол ұлы Абай жаңағы оқиға туралы былай дептi:
Түзу кел, қисық-қыңыр қырын келмей,
Сыртын танып iс бiтпес, сырын көрмей.
Шу дегенде құлағың тосаңсиды,
Өскен соң мұндай сөздi бұрын көрмей.
Иә, әлдекiм бұл жолдар сурет өнерi емес, өлең туралы ғой деуi бек мүмкiн. Дей берсiн. Ал мен бұл жолдардың суретшi мен оның туындыларын тамашалаушыларға да қатысы бар екенiне әбден сенемiн. Асылы, шамалауымда Абай да жаңағыдай жайсыз оқиғаны бастан кешiрген секiлдi ме, қалай? Әйтпесе, «Сыртын танып iс бiтпес, сырын көрмей» демес едi ғой. Сосын Абай шығармаларының тағдыры да Ван Гог һәм Поль Сезанн туындыларының тағдырын еске түсiредi емес пе! Кейiннен Абай өлеңдерiн, Сезанн мен Ван Гогтың шашылып кеткен туындыларындай, әркiмнiң қолынан өлеңсүйер, өлең түсiнер Мүрсейiт мен Тұрағұлдар жинастырған жоқ па?
Пабло Пикассо бұған дейiнгi бояуын, бұған дейiнгi машығын күрт өзгертiп, 1907 жылы «Авиньон бикештерiн» салғанда, көп жұрт одан терiс айналған көрiнедi. Осыған дейiн оның суреттерiн сатып алып, көрмесiн ұйымдастырып жүрген қалталы әлдекiмдер «Пабло, мынандай сурет салуыңды қой, әйтпесе бiзден қол үзуiңе тура келедi» деп үркiткен, қорқытқан да екен. Ендi ойлаңызшы, осы «Авиньон бикештерi» салынбаса, болашақта Пикассодай генийдiң қылқаламынан ғана шығар «Герника» дүниеге келер ме едi! Ал бүгiн, ХХ ғасырдың сурет өнерi десек, алдымен «Герниканың» ауызға алынатыны өтiрiк емес қой...
Бояу мен сөз немесе Сезанна және Хэмингуэй
Сурет пен сөз өнерiнiң кiндiгi тым ерте, адамзат баласы ендi-ендi саналы ғұмыр кеше бастаған ту-у-у ерте замандарда-ақ бiрге байланған секiлдi. Алғашқы ақындардың өлеңдерi бiзге жеткен жоқ, бiрақ белгiсiз заман суретшiлерi тас жарқабақтарға, үңгiр қабырғаларына бедерлеген бейнелер бүгiнге жетiп отыр. Бiз олардан байырғы бабаларымыздың неден қорқып, неден үмiттенгенiн аңғара аламыз. Кейде ол қорқыныш, ол үмiттер бiздiң түйсiк қапарларымызда әлi күнге дейiн бұғынып, тасаланып жатқандай болып көрiнiп кететiн кездерi де бар. Әрине, бұл бiз емес, психоанализ шұғылданатын шаруа. Әйтсе де, бiздiң де өз тарапымыздан қандай да бiр болмасын сауал көтеруiмiзге болатын секiлдi. Мысалы, сфинкс мүсiнi бұрын пайда болды ма, әлде Эдип патша туралы аңыз бұрын шықты ма деген iспеттi. Әрине, көптеген басқа сауалдар сияқты бұл сауалдың да жауапсыз қалатындығы анық.
Әйтсе де, жоғарыда айтқанымыздай, оқиғалар қайталанып отырады. Демек, сауалдарға да жауап алудың мүмкiндiктерi тумақ.
ХХ ғасырдың ең атақты стилист жазушыларының бiрi Эрнест Хемингуэй өзiнiң әйгiлi телеграф стилiн Поль Сезанның сурет туындыларынан алғанын жасырмайды. Уақыт өте келе Сезанның бояу қолдану машығы Хемингуэйде сөзбен жұмыс iстеу тәсiлi болып қайталанады. Иә, ешқандай артық бояуы жоқ, бiр қарағанда салмақты да салқын көрiнетiн Сезанн полотнолары ұлы жазушыны дүниеге алып келдi. Демек, кезiнде ешкiм бағаламаған Сезанн туындыларында да әлдебiр буырқанған тылсым сырдың болғаны, бұғынып жатқаны ғой. Ал ол тылсым сырды сол кездiң өзiнде-ақ небiр өнер бiлетiн, сурет тани алатын адамдардың түйсiне алмауы нелiктен? Бұл сауалға да Абай жолдарымен жауап беруге болатындай.
Жүректе айна жоқ болса,
Сөз болмайды өңгесi.
Сезанн суретiнiң тылсым сырын ұғынатын сезiм айнасы бертiнiректе, сурет өнерi, сөз өнерi Сезанн ашқан жаңалықтарды өз дамуына керек құрал ретiнде пайдалануға ала бастағанда ғана пайда болды. Рух эволюциясы өз дегенiн iстеп тынды. Ал бұл жүрек айнасы пайда болғанға дейiн Сезанн суреттерi де әр-әр жерлерде шашылып жатты. Көрмелердi емес, сыраханалар мен шарапханаларды, жәлепханалар мен асханаларды безендiрдi.
Сезанның әйгiлi алмалары туралы мынандай бiр күлкiлi әңгiме де бар.
Бiрде сурет сатумен айналысатын бiр дүкенге әлдебiр сатып алушы кiрiп қалады. Ол Сезанның алмалар салынған әйгiлi натюрморттарының бiрiн сұрайды. Сурет сатушы:
– Қараңыз, натюрмортта бес алма бар, олардың әрқайсысы бес франкыдан, тұтас алғанда жиырма бес франк болмақ. Егер қалтаңыз көтермесе, бiр немесе екi алмасын алсаңыз да болады,– дейдi. Сатып алушы сол жерде бес франк төлеп, саудагер оған натюрморттағы алмалардың бiрiн қайшымен кесiп бередi.
Осы сауданы бақылап тұрған тағы бiр әйгiлi суретшi кейiстiгiн бiлдiргенде, саудагер оған:
– Сезанн мұндай алманың күнiге жүзiн сала алады. Одан оның түгi де кетпейдi. Ал егер қаласаңыз, әрқайсысын жиырма бес франкыдан сiздiң жалаңаш әйелдерiңiздi де кесiп сатуға бармын,– деп жауап бередi.
Расында да езуге күлкi жиналғанмен, жүрек жылайтындай-ақ жағдай.
Ендi ойланып көрейiкшi, бiз өзi кiмбiз, сурет сатушымыз ба, әлде алмалары қайшының қиқалауына түскен белгiсiз Сезаннбыз ба?
Жауап айту қиын.
Ең болмағанда Хемингуэй бола алсақ қой дейсiң iштей.
Сурет өнерi және әдебиет
Суретшi мен әдебиетшiнiң миссиясы бiр. Әлде Микеланджело, әлде да Винчи айтты дейтiн «Сурет – көзбен көретiн өлең, өлең – құлақпен еститiн сурет» деген сөз бар. Осы сөз – ақиқат. Буырқанған Пикассо, жаймашуақ Матисс, сырлы Модильяни, аласұрған Сутин, сабырлы Сезанн – осы бағалауларды ұлы ақындарға қаратып та айтуға болады. Тек ақындарға емес, прозашыларға да.
Стендальдiң «Қызыл мен қарасында» Жюльен Сорель деген бас кейiпкер Наполеон Бонапартты пiр тұтады. Оның бейнесiн тұмарға сап сақтайды. Өзi зерек-ақ жiгiт. «Тәуратты» қай бетiнiң қай сөйлемiнен бастамаңыз, ары қарата жатқа зырылдатып ала жөнеледi. Бiрақ Наполеонды қанша пiр тұтқанмен ол бәрiбiр Наполеон бола алмақ емес. Өйткенi, Наполеонның өзi айтқан «Мен әртүрлi жағдайлар мен себептердiң өзара сәйкестене тоғысуынан пайда болған адаммын. Сол жағдайлардың бiрi болмай қалғанда мен ешқашан мен болып қалыптаса алмас едiм» деп келетiн аталы сөзi бар. Қысқасы, Жюльен Сорель мықтағанда тек Жюльен Сорел ғана бола алады. Ал оның ашынасының Наполеонды таққа отырғызатын Жозефина ханым бола алмайтыны және рас.
Еуропа үшiн ХIХ ғасырдың алғашқы жартысы Наполеон бейнесiнiң билiгi астында өттi. Тiптi ұлы Байронның өзi де Бонапарт тұлғасы өзiне маза бермейтiнiн жасырмаған. Ақындық шабытпен дәл Бонапарттай адамдардың жүрегiн жаулауға, сезiмдерiне қанат бiтiруге тырысқан. Ал Бальзак, «Адамзат комедиясының» авторы, «Мен Наполеон қылыштың жүзiмен жауламақ болған әлемдi қаламның күшiмен тiзе бүктiремiн» деп ашық мәлiмдеген болатын. Наполеон образы орыс ақын-жазушыларының шығармаларында да аз көрiнiс тапқан жоқ. Пушкин, Лермонтов, Достоевский, Толстой туындыларында әр қырынан бейнеленiп жатты. Тiптi Толстой бiр хатында «Сiз бiз дөңгелекте айналған тиiн iспеттiмiз дейсiз... Бiрақ бұлай ойлауға және айтуға болмайды. Мен, мысалы, не iстемейiн, өзiме мына пирамидалардың биiгiнен қырық ғасырдың қарап тұрғандығына және мен тоқтап қалсам, бүкiл дүниенiң күйрейтiндiгiне әрдайым сенемiн» деп те жiбердi. Иә, ол «Пирамидалардың биiгiнен қырық ғасырдың қарап тұрғандығына...» деп Наполеонның әйгiлi қанатты сөзiн қайталады. Бiрақ бiз қаншалықты ұлы жазушы болсын, Толстойдың Наполеон бола алмағандығын және жақсы бiлемiз. Бiрақ Наполеон образының Толстойға соңғы демiн алғанша тыным таптырмағаны анық. Қаламгер жан дүниесiнде Наполеонмен бәсеке болмаса, кiм бiледi, «Соғыс пен бейбiтшiлiк», «Анна Карениналар» дүниеге келер ме едi, келмес пе едi? Оның бүкiл адамзат баласының ұстазы болуға тырыспасы және шындық-ты.
Наполеон бейнесiнен суретшiлер де терiс айналған жоқ. Бiздiңше, осылардың iшiндегi ең ғажайыбы ХХ ғасырға, Пикассоның қылқаламына тиесiлi. Оның 1905 жылы салынған «Арлекин» атты туындысынан Наполеон бейнесiнiң сағым сұлбасын аңғаруға болады. Сайқымазақ ойыншының басында Наполеонның үш бұрышты қалпағы бейнеленген. Қалпақ астынан шығып тұрған кекiл де, неге екенi белгiсiз, Наполеонды еске түсiредi. Иә, ХХ ғасырдың сурет өнерiнде Наполеон бейнесi сайқымазақ ойыншы iспеттi бейнелендi. Бiрақ бұл құр қиялдың ойыны, ақиқаттан ауытқу емес болатын. Адамзат тарихында жаңа тарихтың бетiн француз революциясы, Наполеон бейнесi ашса, ақындар да, суретшiлер де жаңа заманға сай өнер туындыларын тудыруға талпынып жатты. Адамтануда кеше ашылған жаңалық бүгiн бұлыңғыр тартты. Кеше қайталанбастай болып көрiнген бояу бүгiн көмескiлендi. «Әр адам өз алдына бiр-бiр жұлдыз. Адам өлсе, құпиясын ашпай жұлдыз да бiрге өледi» деген Гете сөзi ақиқатқа айналды. Ал адам жанының инженерлерi – ақындар, жазушылар, суретшiлер осы құпияның кiлтiн табуға тырысады.
Ақындар суретшiлердiң лагерiне келiп, бұл бағыттағы олардың iзденiстерiмен танысса, суретшiлер өз полотноларына керек шабытты ақынның жолдарынан сүрiстiрдi. Тарихта тiптi ақын суретшi, суретшi ақын болып кеткен кездерi де аз емес. Суретшiлер Модильяни, Пикассо, Шагал, Сальвадор Далилер өлең жазса, қаламгерлер Андрей Белый, Герман Гессе, Генрих Манндар сурет салды. Ал мұндай жағдайда, өнер қазаны буырқанып қайнаған уақытта, кез келген ақын не суретшi түгiлi қарапайым сайқымазақтың да Наполеонға айналып кетуi әбден кәдiктi. Арада аз ғана уақыт өткесiн, Пикассо сайқымазағы расында да актер Чарли Чаплин бейнесiнде әлемдi жаулап алғаны бұл сөзiмiзге әбден дәлел бола алады. Пикассо «Арлекинi», осылайша, көрiпкел суретке айналды. Қысқасы, Пикассо шығармашылығында пайғамбарлыққа тек ақындар емес, суретшiлер де таласуға қақысы бар екенi дәлелдендi.
Модильяни һәм Маралтай
Анна Ахматованың Модильяни туралы естелiгiн оқығаным бар. Ол онда Амедеоны француз поэзиясының бiлгiрi ретiнде суреттейдi. Суретшiнiң Малларме, Верлен, Рембо, Бодлер поэзияларын талмай жатқа оқитынына таң қалады. Данте және басқа да итальян ақындарын оқымағанына, бәлкiм, менiң итальян тiлiм бiлмейтiнiм себепшi болған болар дейдi. Ал осы Модильянидiң әйгiлi Виктор Гюгоны, «Аласталғандардың» авторын, әрине, жазушы емес, ақын Гюгоны не деп бағалағанын бiлесiз бе? Ахматованың жазуынша, «Ал Гюгоңыз – тек тақпақ қана» деп салған. Модильяни Анатоль Франсты да ұнатпаған. Қасаң академиялық әдiс-тәсiлдермен жұмыс iстейдi, онысы адам сезiмiн оятпайды деп санаған. Модильянинiң аталмыш қаламгер туралы осы пiкiрiн оның көптеген замандастары да құптағаны белгiлi.
Ендi осы Модильяни жатқа бiлген француз ақындары туралы тағы бiр әңгiме.
90-жылдардың орта тұсында «Жазушы» баспасынан шыққан жетi жас ақынның алғашқы жыр жинақтарына талантты ақынымыз Мейiрхан Ақдәулетұлы жеке-жеке пiкiр жазды. Бұл пiкiрлер көп ұзамай «Жалын» журналында басылды. Сонда Мейiрхан Ақдәулетұлы осы жетi ақынның бiрi Маралтай туралы «Ол арғы-бергi поэзиядағы iзденiстердiң бәрiн бiледi. Қарақшы Франсуа Вийон да, меланхолик Поль Верлен де, символист Артюр Рембо да, бәрi-бәрi Маралтай түгесiп оқыған, жiлiк майын шағып iшкен ақындар» деп лебiз бiлдiрген едi. Әрине, тамаша пiкiр. Бiрақ бұл пiкiрдiң парадокс жағы да бар болатын. Өйткенi, Мейiрхан Ақдәулетұлы «бiлмей» таныған, ал бiз өзiмiзше ғана «бiлетiн» Маралтайдың көпке дейiн «бұл Вийон, Верлен, Рембо дегендерiңдi тiптi оқыған емеспiн, өздерi қандай ақындар?» деп жүргенi әлi күнге есiмiзде. Iштей Мейiрхан ағамыз да айта бередi екен ғой дегенбiз. Басқаларды қайдам, өз басым Мейiрхан ағамның еш қателеспегенiн, Маралтайды дөп басып танығанын жақында ғана бiлдiм.
Осы таяуда орталық телеарнаның бiрiнен «Модильяни» атты фильм көрсетiлдi. Басты рольде Энди Гарсия ойнайтын бұл фильм көңiлiмдi аламан-тасыр еттi. Есiме 90-жылдардың басы, студент жатақханасындағы тiршiлiк, темекi түтiнi мен iшiмдiк исiне булыққан шағын мүшәйралар, Жамбылдан, бүгiнгi Тараздан Алматыға ат басын жаңадан тiреген жап-жас Маралтай оралды. Ол өзiнiң Жамбыл пединститутының суретшiлер факультетiнде оқығанын, оны түгесе алмай шығып кеткенiн бейнебiр академия не университеттiң екi факультетiн қатар түгескендей тамсана айтатын. Осы Маралтай әп-сәтте Алматыдағы жырсүйер қауымның сүйiктiсiне айналды. Суретшi Маралтай ұмытылып, ақын Маралтай болып танылды. Арада төрт-бес жыл өткенде Мейiрхан ағамыздан жоғарыдағыдай пiкiр естiдi.
Жарайды, ендi осы фильмнiң, Модильянидiң Маралтайға не қатысы бар дейсiз ғой. Қатысы сол – фильмдегi Модильянидiң жүрiс-тұрысы осы кездердегi Маралтайдың жүрiс-тұрысынан бiр аумайтындығы едi. Сол еркiн жүрiс-тұрыс, сол еркiн қимыл-әрекет. Әлдебiр артистизм. Әлде сайқымазақ («Гамлет» пен «Король Лирдегiдей» классикалық үлгiдегi), әлде аристократ, ара жiгiн дәл анықтап байқау мүмкiн емес. Кештеу болса да айтайын, иә, бұл кездердегi Маралтай қазақ Модильяниi болатын.
Мiне, онымен суретшiлер туралы әңгiме қозғап отырмыз. «Париж мектебiнiң суретшiлерi» деп сөз бастай бергенiм сол едi, ол, неге екенiн бiлмеймiн:
– Модильянидiң бояуы ғажап қой,– деп қалды. Ал менiң есiме Модильянидiң суреттерi орала кеткен. Олардың көбiнде жалаңаш әйелдердiң бейнесi көрiнiс тапқан-ды. Бiрақ бұл суреттер порнография түгiлi эротиканың ауылынан да алысты. Олардан, осы бiр қыз-келiншектердiң жүздерiнен әлдебiр қорғансыз сұлулықтың, тек түйсiкпен ғана түйсiнуге болар жылылықтың лебi есетiн-дi. Жүрек көзiн жарқын бояулар үндестiгi қытықтар едi.
Иә, Мейiрхан ағам еш қателеспептi. Вийон, Верлен, Бодлер, Рембо поэзиялары Париж мектебiнiң суретшiлерiнде, iшiнде, әрине, Модильяни де бар, бояу арқылы жаңа қалыпқа, живопись туындыларына трансформацияланса, осы трансформация Маралтай өлеңдерi арқылы қайта түп-тамырын тауыпты. Қазақы өлең, жаңа өлең болып бүршiк жарыпты.
Сау қанатым қалмаған соң
күймеген,
Рухымды қан мен сүтке илеп ем.
(Саған жаным ашитыны тағы рас
Емшегiне еркек ернi тимеген).
Бұл Маралтайдың «Әдилә» атты өлеңiнiң бiр шумағы. Он екiде бiр гүлi ашылмаған, «Қара түстi қалампырды құшақтап, құлпытастан күлiп қарап тұрған қыздың» рухын шақырады ақын бiздiң мүлгiп кеткен санамызды оятуға.
«Рухымды қан мен сүтке илеп ем».
Бұл – Маралтай-Модильянидiң ақындық бояу палитрасы. Басқалай болуы еш мүмкiн емес.
Саған жаным ашитыны тағы рас,
Емшегiне еркек ернi тимеген.
Ғұмыр қысқалығы, оның мазмұнындағы олқы тұстар туралы бұдан артық қалай айтуға болатынын өз басым бiлмеймiн. Жоқ, бұл жерде ешқандай қомағай нәпсi немесе бiздiң жадағай түсiнiгiмiздегi эротика туралы әңгiме болуы еш мүмкiн емес. Бұл – реквием. Бұл – қыршын кеткен, бола алмай кеткен ананы жоқтау. Дүниеге келуi мүмкiн болған сұлулықтың анасын азалау. Тепе-теңдiгi ерте бұзылған гармонияны iздеп аласұру. Модильяни немесе Пикассоның қылқаламына бергiсiз сурет, Амедео нюлары, әйтпесе «Герниканың» қазақ тiлiндегi кiшкентай нұсқасы. Бiрақ шедеврдiң үлкен не кiшiсi болмайтыны және рас.
Кiм бiледi, Пикассоның сөзiн сәл бұрып айтсақ, Модильяни музасы Маралтай жандүниесiнiң көптеген қырының бiрi ғана болар. Бiрақ осы бiр ғана қырға Мейiрхан ағам айтқан француз поэзиясы алыптарының барлығы өз шығармашылықтарымен түгел сыйып кете алатыны анық. Егер бiр қыры аздық етiп жатса, Маралтайдың тек Модильянидi емес, Матисстер мен Пабло Пикассоларды, олардан арыдағы Ван Гогтар мен Поль Сезанндарды да бiлетiнiн ұмытпағанымыз жөн. Ал бұл – оның артында тек әйгiлi суретшiлер ғана емес, әлем әдебиетi, оның iзденiстерi мен iркiлiстерi де тұр деген сөз. Өйткенi, бүгiнгi заман иiрiмдерi әдебиеттi сурет өнерiнен бөлек қарастыру мүмкiн болмай бара жатқанын дәлелдеп отыр.
Кiм бiледi, ХХI ғасырдағы Алматының өз ақын Аполлинерлерi мен суретшi Пикассолары ендiгi дүниеге келiп те үлгерген болар. Егер ендiгi жер басып жүрсе, олардың бiр-бiрiнен бөлектенбейтiнiне, қайта рухани күрес даласында бiр-бiрлерiн iздеп тауып, қоян-қолтықтаса жүрiп шайқасатындықтарына еш күмән жоқ.
Музалар достастығы – бұдан өткен ғажайып бар ма?
2005 жыл.
Әмiрхан Балқыбек, «Қасқыр құдай болған кез»