3 Наурыз 2014, 08:46
Қашағанның дастандары да авторлы ауызша поэзиямыздағы эпикалық дәстүр қорының көрнекті үлгілері қатарында бағаланады. Қазақ сөз өнеріндегі тарихи және көркем шындық тұтастығымен жырланған эпикалық жырлар да халықтық көркемдік ойлаудың көрсеткіштері қатарын құрайды. Көркем тарихнамалық лирикалық-эпикалық тұтастықпен жырланған шығармалар Қашаған ақынның дастандарында халық тарихын құрайтын аңыздық сюжеттер де, кезеңдердердің нақты деректері де, белгілі тұлғалар есімдері де, атамекендердің географиялық-топономикалық атаулары да және т.б. мол дерекнамалық құрылым жүйесі қамтылады.
Өлеңмен жырланған шежірелік шығармалар қазақ поэзиясындағы халық тарихының көп ғасырлық қалыптасу, даму кезеңдерін дәйектейді. Қашағанның «Адай тегі» шежірлелік дастанының сюжеттік-композициялық құрылысы мынадай бөліктерден құралған: біріншісі – қазақ тарихының Байұлы тармағынан тарайтын әулет ұрпақтарын (Қыдырқожа, Есентемір, т.б.), олардың әйелдерін (Жанби, Тотан, т.б.) жүйелеп атау; екіншісі – Қыдырқожа байдың қызы Қанбибінің бұлақты жеңгесімен бірге (Нұрбұлақ, Қарашандақ, Шадыра, Түркістан, Алғи-Нұр), жемісті бақта (Әзірет Алатауы) қыдырып жүріп, ұйықтап жатып маңайда қыдырып жүрген Хазірет Қыдыр пайғамбардан хамила (жүкті) болғандығы; үшіншісі – Қанбибінің әуелде бойына бала біткен жердегі Нұрбұлақтың басында босанғаны, баланы тазалап жібек, мақпалға орап, сол жерге тастап кеткені; төртіншісі – Қыдырқожа бай мен төренің далада қалған ұл баланы тауып алғаны, шежіреші Әспембет қарттың уәжді ақылымен баланы Қыдырқожаның өзіне перзент етіп жариялап, той жасап Адай деп есімін қойғаны, баласы Тазбен егіз болатынын жариялауы. Дастанның тарихи аңыздық желісі қазақтың ататек-әулет негіздерінің Ислам діні тарихымен сабақтастығына құрылғандығы айқынырақ байқалады.
Дастанның басты кейіпкерлеріне қатысты негізгі сюжеттік желіні дәйектеп тұрған тарихи негізі – түркі-монғол, Ислам тарихындағы Құран Кәрім, әулие әнбиелер, пайғамбарлар (Хазіреті Қызыр, Сапи, Салолла, Хазіреті Шейіш, Хазіреті Айса және оның анасы Мариям, Дүйім Баянхан, Шыңғыс хан, т.б.) – бәрі де эпикалық шығарма құрылысын дәйектеу қызметін атқарып тұр. Дастанның ауызша жырлануы сипатынан лиро-эпостық жырлармен үндес поэтикалық көріктеулер де байқалады. Дастанның басты кейіпкерлері – халық өкілдері. Жеке кейіпкерлер де халық ұғымының аясында алынған:
Бұл жиналған көптің ішінде,
Нелер бар да, нелер жоқ;
Билігі көпке би де бар,
Қайраты қалың ер де бар.
Елеуреп тұрған жас та бар.
Халық, қалағаның сөз болса,
Шеберің сөзді астарлар [2, 97].
«Атамекен» – тарихи дастан. Тақырыбы – XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы Жоңғария, қалмақтарының басқыншылық соғысы, идеясы – босқыншылыққа ұшыраған халықтың қасіретті тағдырын және жаумен жағаласып шайқасқан қазақ батырларының ерліктерін таныту. Дастанның құрылысында ақынның лирикалық толғаныстары аясында бірнеше бөліктер байқалады: біріншісі – қазақ халқының ататек-әулет жүйесінің (Үйсін, Дулат – Ұлы жүз; Арғын, Қыпшақ, Жаппас, т.б.) аталуы; екіншісі – қазақ ұрпақтары мекендері байтақ дала атыраптарының, жер-су атауларының айталуы; үшіншісі – қазақтың Адай ататек-әулет жүйесіндегі халыққа жоңғар басқыншыларының шабуылы, Ақпан батыр бастаған қазақ сарбаздарының жаумен бетпе-бет шайқастарын суреттеу.
Дастанның көркемдік түйіні – қазақтың атамекендерін және соны қорғаған батыр ата-бабалар қайсарлығын, ерлік өнегесін ұрпақтарға ұғындыру.
Ақын байырғы қазақ атамекендерін тарихи дерек аясындағы эпикалық баяндаумен жырлаған:
...Үйсін, Дулат – Ұлы жүз,
Мұнарланған тау бойы
Қаптата малын салған жер.
Арғын, Қыпшақ, Жаппастар,
Орта жерде Сыр бойы
«Өзінің қалап қалған жер.
Саланың бойы салқын»,- деп,
«Күнелтсін ұрпақ, халқым!»- деп,
Арқаның кең даласын
Жайлады қазақ баласы
Сырдан төмен салада,
Еділ, Жайық, Жем, Сағыз,
Елек, Қобда саласын
Мекенденіп кетіпті
Кіші жүздің баласы [2, 108-109].
Атамекендердің географиялық атаулары, халықты басқарған хандар, сұлтандар, төрелер, ақсақал, би-шешендер – бәрі де ел тарихының ұмытылмас шежіресі тұрғысында жүйелене жырланған:
...Темірдің басы құба бел,
Сол жақта қалды бөлініп,
Әлім аға бөлек ел.
Еділдің басы – Мыңтөбе,
Жайықтың басы – Орал тау,
Електің басы – Есенбай,
Қобданың басы – Шоңмұрын,
Жемнің басы – Мұңалжар.
Қонысқа солай тараған.
Елдің көбі қалды бер жақта,
Азы өтті ар жаққа –
Нарынның анау бойына
Ішкі Ордаға – хан жаққа.
Бұл қонысқа келгелі,
Билердің жиып құралын,
Әбілқайыр, Нұралы,
Бөкей мен Жәңгір хан болған,
Халықтың басы даң болған.
Бер жағында кешегі
Баймағамбет, Әлен мен
Төресінген Төлендер.
Біріне-бірі жармасты,
Айдаһардай алжасты,
Әл-қуатты барласты.
Арандай ашып ауызын
Бірін-бірі жалмасты.
Біріккен бидің кеңесі
Ақсақал биі, төресі
Халықты алдап, қамдамай,
Көрінді жұртқа албасты [2, 113].
Дастанда қазақ халқының үнемі жатжерліктердің басқыншылығына, шапқыншылығына, отарлық езгісіне түсуіне себепкер билеуші топ адамдарының нашарлығы, сонымен бірге көршілес Қоқан, Хиуа хандықтарының (Хорезм бектерінің) жоңғарлармен, орыстармен қатарлас дұшпандық, жауыздық пиғылда болып келгенін әшекерелей жырлаған. Мысалы, басқыншы жоңғардан ығысып барған халықты қорлаған көрші ел дұшпандығы тарихи шындықпен берілген:
Хорезмнің бектері:
«Шашырай бізге, шеткері
Қазақ деген қашқын келді,- деп, –
Тілекті Алла берді»,- деп, –
Ауылды тонап, малды алып,
Күң мен құл ғып жанды алып,
Тұтқынды қорлап кесектеп,
Қазақтың көрсе жабысып,
Қуалады «Есек!»- деп [2, 111].
Дастанның негізгі көркемдік түйіні – ежелгі замандардан қазіргі кезеңге дейін кең-байтақ даламызды жаулардан тазартып, қорғап, сақтап келген халық қаһармандығын, батырлар ұлағатын дәріптеу. Эпикалық шығарманың идеялық-композициялық желісінде ақынның лирикалық толғаныстарымен ататек-әулетке тән қаһармандық-жауынгерлік, асқақ рух айбыны дәріптеледі:
Адай деген ел едік,
Абайсыз өскен алшаңым,
Тәксіз өскен тарпаңым,
Ерлерім өрдей қасарып,
Жаратып сұлу ат мінген,
Ебейдей төсі салынған.
Егеудей тісі жанылған,
Шеңбердей белі бүгілген,
Еңіреудей көзі үңілген,
Қоғадай жалын төгілтіп,
Шортандай баурын жаратып,
Жорық пен тойда жасанып [2, 110].
Дастан сюжетінің шарықтау шегінде Ақпан батыр бастаған қазақ әскерінің жоңғар басқыншыларымен ұрысқа дайындалғаны, қанды майдан шайқасында қаһармандықпен айқасқаны – өмір шындығымен суреттелген. Атамекен Отан мен халық тағдыры үшін болған ел тарихындағы шайқастарды осы дастандағы жаумен қолма-қол, бетпе-бет болған қиян-кескі қанды оқиға суретінен айқын елестетеміз:
...Екі жақ та айқасып,
Ұрыстың болды ұлысы.
Қатар-қатар тұрысып,
Саржаның тартты кірісін.
Бөріктер ұшып тарсылдап,
Біреулер қалды қорсылдап.
Қай жақтан да ер өлді.
Аз өлмеді, көп өлді,
Күннің көзі тұлданып,
Батысы мен Шығысы.
Басылып ұрыс көнерді.
Шоқысында Қарақұс,
Шығанақ теңіз тұсында,
Жағалай жатқан көп оба
Солардан қалған жер еді [2, 113-114].
«Топан» дастаны да Қазақ тарихының Алтын орда, Ноғайлы дәуіріндегі тарихи шындық деректері негізінде жырланған эпикалық туынды. Дастанның тақырыбы – Атырау (Каспий) теңізінің тасқынынан апатты жағдайға тап болған халық қасіреті, идеясы – фәнидің барлық кезеңдерінде де барды қанағат ету мен болашақтың бақытынан, тіршіліктің жалғасуынан үміт үзбеуді уағыздау. Шығарманың құрылысындағы бірнеше бөліктер саралана байқалады: біріншісі – қазақтың байырғы атақоныс-атамекендерінің (Үшқиян атырабындағы Еділ, Жайық, Маңғыстау, Жем, Наршы, Ырғыз, Торғай, Қара өзен, Сары өзен, Сарытау, Самар, Қазан өңірлері) берекелі сипатын тарихи шындықпен баяндау; екіншісі – атамекендерді мекендеген Қазақ-Ноғайлы халқын, оның би-шешендерін, батырларын, хандарын (Асан Қайғы, Едіге, Тоқтамыс, Телағыс, Орақ, Мамай, Алшы, Смайыл, Қалусары, Тайшық, Ормамбет) даралап атап таныстыру; үшіншісі – халықтың азаюына себепкер болған, құтыру ауруының жұғуынан жәндіктер, құстар, балықтар, адамдар (құрттан торғайға, бүркітке, балыққа, адамға) улануының, пиғылдары бұзылған асқандар мен тасқандардың салдарынан теңіздің күрт көтеріліп адамдар мекендерінің бәрін ғаламат топан судың басқындығы. Дастаның көркемдік түйіні – халықтың құтты қоныстарын, ел тарихын, тұлғалар өнегесін құрметтеу, Жаратушының жарылқаған игілігіне қанағат ету, пендешілікпен асып-таспау. Шығарма желісіндегі құтыру ауруы мен топан су апатының болуы себебі қанағатсыздықтан, ашкөздіктен, барды бағаламай асып-тасудан екендігі ақынның поэтикалық-психологиялық ойларымен мегзеледі.