Ағылшын жазушысы Тобиас Хиллмен сұхбат

12 Маусым 2014, 09:16

Биылғы жаңа жылды кімнің қалай күткенін білмеймін, өзім айырықша күттім. Оған бір-ақ себеп – жаңа жылдан кейін болатын ағылшын жазушыларымен кездесу еді.

Биылғы жаңа жылды кімнің қалай күткенін білмеймін, өзім айырықша күттім. Оған бір-ақ себеп – жаңа жылдан кейін болатын ағылшын жазушыларымен кездесу еді. Шынымды айтсам, мен үшін келетін адамдарды білу, зерттеудің өзі үлкен ләззат болды. Замандастарымыз болса, ақын болса деген тілектің де болғаны жасырын емес.

Тобиаспен сырттай танысуым солай басталды. Жазушыдан гөрі Голливуд фильмдеріне түсетін актерге көбірек ұқсайтын ол бұрын кездестірген ағылшындардай суық, кеудемсоқ емес, көзі үнемі күлімдеп тұратын, жылы шырайлы жігіт болып шықты. Таңды таңға ұрып әңгімелеспесек те, екеуара болған әңгіме-дүкен кезінде біз Орхан Памуктен бастап, «Өлген ақындар қоғамы» фильміне дейін талқылап үлгердік. Әлбетте, «біздің қоғам тірі ақындардан тұруы керек» деген оның семинар жүргізіп қана қоймай, өз пікірі мен пайымын, кешегісі мен бүгінгісін бүкпесіз ашық айтып, бір мақалаға арқау болар әсер қалдырғаны өз алдына бөлек әңгіме. Бұйырса жазыла жатар ол мақаланы кейінге қалдыра отырып, мен әдебиет сүйер қауымға қазақ журналистерінің, оның ішінде әсіресе әдеби басылымдардың назарынан тыс қалған осы бір мағыналы, маңызды мәслихаттың бір көрінісін осы бір кішігірім сұхбат арқылы жеткізуді өзіме парыз санағанымды жеткізе кеткім келеді.   

Анықтама: Романист, әрі ақын Тобиас Хилл 1970 жылы наурыздың 30 күні Лондонда дүниеге келген. Әуелде Суссекс университетінде, кейіннен Жапонияда ағылшын тілінен сабақ берген. «Trafika» журналының редакторы болған. Үш өлең жинағы, әңгімелер жинағы мен үш романның авторы. «Тастар махаббаты» (2001ж.) деп аталатын екінші романы жеті тілге аударылып, он бір елде жарық көрген. Қазір Granada Films оны экранға шығаруға дайындап жатыр. Т.Хилл «Sunday Telegraph» басылымында музыка сыншысы (негізінен, рок-музыка бағытында), ал «Richmond Review»-да поэзия бөлімінің редакторы қызметтерін атқарған. Эрик Грегори сыйлығының лауреаты (1995ж.). «Skin» әңгімелер жинағы үшін Иэн Сент-Джеймс пен PEN/Macmillan Silver Pen (1997ж.) сыйлықтарын алған. Лондонда тұрады. 

–Тобиас, ағылшын қаламгері ретінде сенің «Гарри Поттердің» авторына деген көзқарасыңды білсек деп едік.

– Роулингтің мен үшін маңызы шамалы. Оның ойлап тапқыштық қасиеті Роальд Дальды (1916-1990, арғы тегі норвег фантаст-жазушы) еске түсіреді. Британияда одан да мықты балалар жазушылары баршылық. Айырықша жазушылардың бірі - Филип Пулман (1946 ж.т. балалар жазушысы).

– Ұлыбританияның даңқын асқақтатқан У.Шекспир десек, бүгінгілердің әдебиетке деген көзқарасы қалай?

– Маған британдықтардың жазу-сызумен туыстығы бар сияқты көрінеді. Өз болжамым бойынша (анау айтқандай маңызды болмаса да), қай өнер түрі болса да ол белгілі бір елдің климаты пен мәдениетіне тікелей тәуелді болады. Соның бір мысалы – Британияның күн райы. Жарты жыл бойы жаңбыр толастамайтын елде адам құрғақ жерде отырып істейтін кәсіп іздейді. Британдықтардың кітап оқумен, жазумен айналысып, түрлі-түрлі ойын түрлерін ойлап тауып жүргендері де сондықтан. Олар француздар немесе испандықтар сияқты сурет салуға немесе сауық кештеріне аса үйірсек емес. Бұл тұрғыда, Қазақстан жайлы не айтуға болады екен, ә?

- Библиографиялық тізімге қарап отырсам, соңғы уақытта  негізінен прозалық кітаптар жазып жатқан сияқтысың. Бұл коммерциялық мақсатты көздей ме, жоқ әлде оның басқа да себептері бар ма?

– Шынтуайтында, «Батқан күн ноктюрны» деп аталатын соңғы кітабым - поэзиялық жинақ.  Бұдан тыс, биыл балаларға арналған кітабым жарық көрсе, қаңтар айында төртінші романым кітап болып шықпақ. Оның ар жағында новеллалар мен қысқа әңгімелер тұр. Өлең мен новелла жазатындардың қай-қайсысына да аласапыран уақытта жазамын дегендерін жазу анағұрлым оңай. Мен өлең жазуға қалай болғанда да уақыт табуға тырысамын. Өзімнің мықтылығымды көрсетсем деймін. Ал ол әзірге өлең болып тұр.

 Сені әдебиетке әкелген не? Және жазушылық жолды таңдағаныңа өкінесің бе?

– Мені әдебиетке әкелген нәрсе, ол өз бойымдағыны сыртқа шығарсам деген тілек пен кітапқұмар ортадан шыққаным болса керек. Жалпы, жазу өзімнің табиғатымда бар нәрсе. Оған еш өкінген де емеспін. Жазу арқылы нәпақа тауып отырып олай деу асқандық болар еді.  

– Қай елдің әдебиетін мықты деп есептейсің? 

- Әдетте, қай ел болса да әдебиеттің тек бір саласымен ғана мақтанып жатады.  Бұл орайда, Британияның үш бірдей жанрға (поэзия, роман және драма) да таласы бар. Содан кейін, өз ойымша, мықты ұлттық әдеби дәстүр қалыптастырған бір ел болса, ол – Ресей. Орыс жазушылары поэзия, роман, драма мен қысқа әңгіме жазуда да зау биікке көтеріліп кеткен.

- Өз айтуың бойынша, бұл сенің Қазақстанға бірінші келуің. Қазақстан жайлы бұрын білген бе едің? Ендігі әсерің қандай?

– Алматыға келмес бұрын мен Google-ден тапқан Абайдың өлеңдері, ондағы өте сараң жазылған тарихи деректер мен YouTube-тің мәліметтерін ғана білетінмін. Келгеннен кейін көзіме бірден шалынғаны екі бөлек мәдениет болды. Казақстанның  ұлттық келбетін іздеуге ұмтылысы түсінікті жайт. Десе де, менің осындағы орыс тілінде жазғаны үшін қазақыланған жаңа Қазақстанда шетқақпай көріп жүрген жазушыларға жаным ашыды. 

 Бұлай ойлауыңа не себеп болды? Мұны сұрап отырғаным, орыс тілді қаламгерлер Қазақстанда қай уақытта да үкімет тарапынан қолдау көріп келген. Бір-ақ мысал, осы семинарға қатысушылардың ішінде қазақ тілінде жазатындардан (қазақстандық 20 өкілден) бар-жоғы жалғыз адам болған жоқ па?!

-  Бұл енді менің өз ойым. Сенің жалғыз-жарым қалуыңа Британ Кеңесінің орыс тілінде жазатын жазушыларды жарнамалауы себеп болып отыр. Бірақ, мен үшін бұл айырықша, күтпеген жағдай болды. Бұдан сен мені қазақ мәдениетінің қайта түлеуіне қарсы екен деп ойлап қалма. Жоқ, мен Қазақстан ғана емес, бүкіл пост-кеңестік елдерде өз ойын орыс тілінде жеткізетін қаламгер қауымның өздерін бөтен жұртта қалғандай күй кешіп жатқанын айтып отырмын. Қазақ мәдениетінің қайта түлеуі жеңіс болса, орыс мәдениетінің оқшаулануы – жеңіліс. Жеңілістің аты – жеңіліс, бұдан қашып құтыла алмайсыз. Бірақ, ол жеңіліс тапқандар үшін өте ауыр. Семинар кезінде жұмыс тілін таңдаудың өте шетін мәселе болғаны рас. Сендердің өзара тіл табысып, жақсы жұмыс істегендеріңе қарап проблема жоқ деуге болмайды.   

-  Оқырмандармен кездесу кезінде («Книгомания» дүкенінде) Абайдың қара сөздерін мысалға алдың. Оның кітабын қайдан тауып жүрсің? Оның өлеңдерін оқып көрдің бе? Қазақ жазушыларынан Абайдан басқа кімді білесің?

– Абайдың шығармасын онлайннан таптым. Оқып шығып таң-тамаша болдым. Айырықша тұлға екен. Әлемдік масштабқа лайық адам. Басқа қазақ жазушыларынан Абайға қатыстылары мен Алматыда кездескендерді ғана білемін. 

– Бүгінгі ағылшын әдебиеті жайлы не айта аласың? Альбион үміт артып отырған қаламгердің аты-жөнін өз аузыңнан естісек...

– Бір қорқыныштысы – кешегі әдемі Альбионның бүгінгі үміті әлсіз. Америка әдебиеті мен Британ әдебиетіндегі айырмашылық – Британ Арманы жайлы ешкім қалам тербемейді. Англияның  ащы шындығы осы. Ағылшындар өткенге қандай қорқынышпен қараса, ертеңге де солай қарайды. Британияның мақтанышына айналған бірқатар дүниелер сияқты Британ әдебиетінде де мақтан тұтар біраз еңбектер бар да шығар?! Бірақ, бүгінгі қоғамда табалау мен бөлінушіліктің күш алғаны сондай, мұндағы бірде-бір жазушы мықты ретінде таныла қойған жоқ. 

– Бүгінде британдықтар үшін сұранысқа ие шетелдік жазушылар бар ма? Лондонда жақсы кітаптың бағасы қанша тұрады?

– Шет ел жазушыларының аударылмай жатқаны өкінішті-ақ. Кей кезде ағылшын тілінде жазатындардың оқырманы көп те болып жатады. Олардың денін негізінен Үндістан мен Канада жазушылары құрайды. Ал кітаптың бағасы әртүрлі. Классикалық әдебиет бірнеше фунтқа шығып кетсе, ұсталған кітаптар мен сайт арқылы сатылатындары (www.ebay.com) бір фунтқа жетер-жетпес шамада. Жаңа кітаптар әлдеқайда қымбат. Өз кітабым жаңадан жарық көрген сәтте шамамен он-он екі фунттың төңірегінде сатылады.

-  Қанша уақыттан бері байқап жүрмін: ағылшын тіліндегі кітаптарда тираж саны көрсетілмейді. Бұл бұрыннан бар дәстүр ме?

- Оның көрсетілетіндей реті де жоқ. Сонда Қазақстандағы кітаптарда тираж саны көрсетіле ме? Оны бақылап отыру қиын шаруа ғой?!

– Бізде қандай кітап болмасын тираж саны көрсетіледі. Ол  1000 мен 10000-ның арасында болуы мүмкін. Ал, оның қаншалықты сұранысқа ие екендігі - ол енді екінші мәселе.  

– Сұрақты дұрыс түсінбеппін. Ұлыбританияда кітап тиражын негізінен нарық тағайындайды. Баспа кітапты өзі сата алатындай мөлшерде шығарады. Нарық көлемі күннен-күнге тарылып барады. Жүз мыңдаған данамен сатылатын кітаптар өте аз. Кітаптардың көбі дүкендерде тау-тау болып жатып қалатындықтан, бүгінде кітаптар осыдан жиырма жыл бұрынғыдан әлдеқайда аз тиражбен басылады. Соңғы онжылдықта кітап дүкендеріндегі кітап көлемі де айтарлықтай кеміп кетті. 

– Сенің «Тастар махаббаты» (2001) деп аталатын екінші романың  жеті тілге аударылып, он бір елде жарық көрді деп жатыр. Кітап қай тілдерге аударылып, қай елдерде жарық көрді? Оның аудармасына ризасың ба?

- Британ Достастығы елдерін санамағанда, «Тастар махаббаты» тоғыз елде жарық көріп, неміс, орыс, голланд, испан, швед, грек және түрік тілдеріне аударылды. Аударманың дәл берілуі өте күрделі мәселе. Мен «Криптографпен» жұмыс істеу барысында аударманың не екенін көбірек түсіндім. Француз және швед аудармашыларымен жұмыс істеуге біраз уақытымды сарп еттім. Соның арқасында мен аудармашылардың тілдік қиындықтармен ғана емес, ескі және жаңа дәстүр ерекшеліктерімен де бетпе-бет келетініне көзім жетті. Мысалы, «Жыландар мен баспалдақтар» деп аталатын ойынның француздар үшін еш маңызы жоқ болып шықты. Мен мұны шаңырақпен қатысы бар деталь болады ғой деп ойлағам. Келесі романымда («Жұмбақ») аудармашылармен бұдан да тығыз жұмыс істеуге ниет білдіріп отырмын. Әйтпесе, бәрі бекер болатын сияқты. 

– Тобиас, қазақ және өзбек жазушыларына бір апта семинар жүргіздің. Жалпы, Орталық Азия мен Британ қаламгерлерінде бір-біріне ұқсамайтын қандай да бір айырмашылықтар бар ма?

– Орталық Азия деп жалпылама айтпай-ақ қояйын. Британ әдебиетінде де, қазақ әдебиетінде де поэзияның алатын орны ерекше. Қазақ әдебиетінде бүгінгі өмір әлі де зерттелмей жатыр. Әлі де кешегі кеңестік кезең басты тақырыптан түспеген. Бірақ, менің ойымша, ол тез ескіріп, тез өтетін процесс. Қазақ жазушысы бірте-бірте кейін шегіне бастаған орыс мәдениеті, Түркия мен Үндістанның ықпалы, қалалардың өсуі һәм осыншалықты ұлан-ғайыр даладағы жемқорлықты қаламына тиек ете отырып, жиырма бірінші ғасырдағы Қазақстан мемлекеті жайлы шынайы жақсы роман жазған кезде Қазақ әдебиеті қайта түлейді. Бұл енді өз ойым. Келіспеймін десең, өз еркің.

- Әңгіме барысында өзіңе қазақ баспасөзінде жарияланған Нобель сыйлығы жөніндегі ой-пікірлерді айтқаным бар-тын. Өз ойыңша, соңғы он жыл көлемінде алғандардың ішінен расында да сол атаққа лайық деп кімді атар едің?

– Сөз жоқ, Симус Хини. Дегенмен, ол сыйлық қаншалықты әдеби болса, соншалықты саяси. Бұрыннан солай.

– Дей тұрғанмен, өзіңді ақын санайсың ба, жоқ жазушы ма?

– Мен үшін оның айырмасы жоқ. Жазылған дүниенің оқылатыны бар, оқылмайтыны бар. Не жазсам да, оқуға тұратын дүние болса деймін. 

– Қап, осы сұрақ қойылғанда ғой дейтін сұрағың бар ма? 

– Пілдің қанша аяғы бар?

– Қанша аяғы бар сонда?

– Ол сенің нені аяқ деп санайтыныңа байланысты.        

                             

                                            

                                             Сұхбатты жүргізген: Дәурен Берікқажыұлы

Бөлісу: