6 Қараша 2015, 03:45
Осыдан 15-20 жыл бұрын шет тілін білу артықшылық болса, бүгінде ол жай ғана қажеттілік. Ағылшын тілінің біздің өміріміздің барлық деңгейіне кеңінен еніп келе жатқандығын ешкім жоққа шығара алмайды. Осыған байланысты аталмыш тілді меңгеру бойынша шығарылатын кітаптар мен оқу курстарының саны күн санап артып келеді. Сонымен қатар тілді қалай тиімді меңгеруге болады деген ақыл-кеңестер де көбеюде. Алайда олардың ішіндегі кейбіреулері ағылшын тілін үйренуге көмектесудің орнына, керісінше зиян тигізіп жатады. Мұндай кеңестер мен ұсыныстар ағылшын тілін меңгерудегі мифтер деп атауды жөн көрдік. Бүгін солардың бірнешеуімен таныстырып өтеміз.
Ағылшын тілін 1 айда (немесе өте қысқа уақыт аралығында) толыққанды меңгеруге болады
Егер де осындай хабарландыру көрсеңіз сенбеңіз. Әрине, әр адамның қабілеті әрқилы, біреу бірнәрсені он күн үйренсе, екіншісіне 10 минут жеткілікті. Дегенмен ағылшын тілі секілді күрделі тілді мұншалықты қысқа уақытта жетік үйрену оңай шаруа емес. Берілген уақыт ішінде ең көп дегенде грамматикалық құрылыммен танысып шығуға болады. Алайда тиянақты жаттығусыз, қажетті көлемдегі сөздерді білмей, грамматиканы да дұрыс игере алмайсыз. Тіл үйренудегі негізгі уақыт сөз жаттауға кетеді. Ағылшын тілі – өте бай тіл, сөз жаттаудың неше түрлі техникасын білсеңіз де, оның бәрін бір айда жаттай алмайсыз. Одан бөлек, тез жатталған сөз кейде тез ұмытылады. Бірақ ағылшын тілін оқуға көп уақыт кетеді екен деп баяу оқуға да болмайды, белсенділікті азайтпаған абзал. Өйткені шет тілін жетік меңгеру өте көп еңбекті қажет етеді.
Оқытушының ана тілі ағылшын тілі болса ғана жақсы үйренемін
Қазақ тілін бәріміз туғанымыздан білеміз, ол біздің ана тіліміз, бірақ бұл бізді автоматты түрде қазақ тілінің үздік оқытушысы ете ме? Қазақша білу басқа, оны филологиялық тұрғыда жетік меңгеру басқа. Бұдан басқа педагогтық қасиет қажет. Дәл осы секілді ағылшын тілінде сөйлеп өскен адам міндетті түрде сол тілдің үздік оқытушысы болуы шарт емес. Қайта керісінше, сізге қазақтілді оқытушы көбірек көмектесуі мүмкін, өйткені ол сіздің қай жерден қиналатыңызды, қай сөздерді жаттай алмайтындығыңызды біледі – ол да бір кездері осы тілді үйренген.
Ағылшын тілді ортада болғанда ғана тілді жақсы деңгейде меңгеремін
Шет тілді сол елде оқығанның артықшылығы көп, айналадағы жазудың бәрі сол тілде, тіліңізді жаттықтырғыңыз келсе көшеде кез келген адаммен сөйлессеңіз болады. Дегенмен, Англияға немесе АҚШ-қа барып ешнәрсе жарытпай келуге де болады, бәрі өзіңізге байланысты. Қажетті ортаны өз еліңізден де жасай аласыз. Қазір тіпті интернет көмегімен сол шетелдіктермен үйде отырып-ақ сөйлесе беруге болады. Ең бастысы, грамматиканы меңгеру, сөз жаттау және жаттығу.
Күрделі сөздерді, ұғымдарды жаттау қарапайым сөздерді жаттауға қарағанда әлдеқайда қиын
Қарапайым сөздерге қарағанда күрделі сөздерді жаттау сіз ойлағаннан жеңіл, себебі олар бірегей, өзге сөздерге қатты ұқсай бермейді және нақты бір мағына береді, дыбысталуында да қате жеткізу немесе дұрыс түсінбей қалу болмайды. Қайта күнделікті қолданылатын дара сөздерден жаңылысу оңай, олар бірнеше мағынаны беруі мүмкін, дыбысталуы жағынан ұқсас сөздері көп.
Ағылшын тілін оқытушысыз-ақ жақсы деңгейде үйренуге болады
Интернетте ағылшын тілін үйренуге байланысты ресурстар өте көп: онлайн-курстар, видеолар, инфографикалар. Ниет болса, іздегеннің бәрін табасыз. Сөйте тұра өздігімен шет тілін оқып жүргендерді аз байқайсыз. Түбі көбі мұғалімге баруға бел буады. Ағылшынды өздігімен оқу үшін адамның ішкі тәртібі өте жоғары болуы шарт. Мұндай қасиет екінің бірінде жоқ. Тіпті ішкі тәртібіңіз мықты болған күннің өзінде де бұл аздық етеді. Өйткені кері байланыс жоқ, сіздің үйренген грамматикаңызды, сөздеріңізді, сөйлеуіңізді бағыттап отыратын адам қажет. Бұрыс бағытқа кетіп бара жатқанда дұрыстап отыру керек болады.
Дархан Өмірбек