Ағылшын ақыны Паскэйль Петитпен болған сұхбат

12 Маусым 2014, 09:17

Парижде дүниеге келіп, Франция мен Уэльсте өскен Паскэйль Петит қазір Лондонда тұрады.

Парижде дүниеге келіп, Франция мен Уэльсте өскен Паскэйль Петит қазір Лондонда тұрады. Поэзия кітабы қоғамы мен Өнер кеңесі оның есімін 2004 жылы жаңа буын ақындары қатарында атады.

Үш жинақ шығарған ақынның «Аң бейнесіндегі әке» (2001ж.) және «Аңшы» (2005ж.) атты соңғы екі кітабы Т.С.Элиот жүлдесіне ұсынылып қана қоймай, «Таймс» газетіндегі әдеби қосымшаның Жыл кітабы мәртебесіне де ие болды. П.Петит Англиядағы Өнер кеңесінің төрт бірдей бас жүлдесін иемденген қаламгер. «Лондон Поэзиясы» журналының құрылтайшыларының бірі болған ол 1989-2005ж.ж. аралығында аталмыш басылымның әдеби редакторы қызметін атқарды. «Mslexіa» журналы П.Петитті он жылдықтағы ең үздік он ақын әйелдің қатарына жатқызды. Оксфорд университеті, Тейт Модерн мұражайы, Арвон қоры мен Миддлсекс университетінде дәріс оқитын ақынның өлеңдері непал, болгар, қытай, литва, испан, парсы, жапон, португал, орыс, неміс, голланд, румын сияқты бірнеше тілдерге аударылған. Корольдік Өнер колледжін мүсінші мамандығы бойынша бітіріп шыққан.

Бүгінде Австралиядағы дәуірі жүріп тұрған ең айтулы ақын саналатын Лез Маррейдің өзі «Ұлыбританияның қазіргі ең мықты бес-алты ақыны болса, соның бірі» деп баға берген Паскэйль ханыммен менің таныстығым қаңтар айында басталған еді. Сол кезде Қазақстандағы Британ Кеңесінің ұйымдастыруымен өткен «Жаңа Жібек Жолы» атты әдеби семинарға келген Тұманды Альбион елінің өкілдері Қазақстан мен Өзбекстаннан жиналған 35 жасқа дейінгі 28 ақын-жазушымен бір жұма жұмыс істеп, бір мәре-сәре болып қалғанымыз бар-тын. Шетелдерге күн құрғатпай барып-келіп жатқанымызбен, іргеміздегі қырғыз бен өзбек әдебиетінің де немен тыныстап жатқанынан бейхабар қалған заманда бұл шараның «құбылыс» болмасына еш қақы жоқ еді. Келген қонақтарды қазақ оқырмандарына жеткізсем-ау деген сол уақытта туған тілегімді іске асырудың реті енді ғана келгендей...

– Ағылшындар қай елдің поэзиясын оқуға бейіл? 

– Басқаларының не оқитынын мен айта алмаймын. Өз басым көп оқуға тырысамын. Маған жаңа ақындарды танып-білу мен басқалардың не жазып жатқаны қызық. Біраз уақыттан бері Қытай поэзиясын, оның бүгінгісі мен классикасын, әсіресе Таң династиясының еркін поэзиясы – шан-шуи (өзен мен тау) мектебін оқып жүрмін. Көп оқығандарымның ішінде Солтүстік Америка мен біраз Латын Америкасының поэзиясы бар. 

– Өлеңді қаншалықты жиі жазасыз? Жоспармен жазасыз ба, әлде шабыт күтесіз бе? 

– Нәпақамды сабақ беру арқылы табатындықтан, аптасына бір-екі күн болмаса, өлең жазатын уақыт та жоқ. Жазатын дүниемді таңертең жазуға тырысамын. Болмаса, жай ғана үстеліме отырып алып, транс сияқты өлең жазатын күй іздеймін. Шаршап отырғанда өлең жаза алмаймын. Өйткені бұрын болмаған жаңа дүниені өмірге әкелу үшін адамға күш-қайрат керек. Қолым жүріп жатса бір күнде үш өлең жазып тастаймын. Ондай кезде өлең бірінен кейін бірі келе береді. Ал жаза алмаған сәттерде басқа авторлардың қолынан шыққан өлеңдерді зерделеймін, оқимын. Әйтпесе, жай ғана отырып алып, ойға батамын. 

– Егер сізге өміріңізді өзгерте алатындай құдірет берілсе, қай жерде өмір сүріп, қай жерде өлең жазар едіңіз? 

– Бұған жауап беру өте қиын. Өйткені жатып алып, өлең жазғым келетін ондай жерлер тым көп. Ондай, әлемдегі адам аяғы тимеген, таулы-тасты, оңаша жатқан мекендердің арасында Солтүстік Калифорнияның қызылағашты жағалауы, Венесуэла Амазонкасының Тұмса табиғаты, Аннапурнас маңы мен Францияның оңтүстігіндегі Лангедок та бар. Мен Лондонда тұрамын, соны ойласам, жынды болып кете жаздаймын. Себебі маған үлкен қалалар ұнамайды. Бірақ алдағы бірер жылда ауылдық жерге көшуді жоспарлап та қойдым. Құс үнін ести алатын таулы Уэльске. 

– Бүгінгі ағылшын поэзиясындағы өтімді тақырып не? 

– Бүгінгі таңда ақындардың көбі табиғатты жырлайды. Жаңа тақырып көрінгенімен, Британияда табиғатты өлеңге қосу бұрыннан бар дәстүр. Өте ұзақ уақыт қала поэзиясы басымдыққа ие болды. Қаламгерлер жиі оралатын тақырыптардың қатарында соғыс жайлы өлеңдермен бірге, ғаламшарымыздың ертеңіне алаңдаушылық білдірген зорлық-зомбылық пен экологиялық апаттар мәселесі де жоқ емес. Жас иммигрант ақындар аралас нәсіл мен иммигранттар тағдырын жазады. Бұл тұрғыда Лондонның әлемдегі түрлі мәдениеттер шоғыры топтасқан үлкен шаһар екендігінде еш дау жоқ. Ал бұдан Британ поэзиясы өсе түспесе, кеміп қалмайды. 

– Жазған дүниелеріңізге көңіліңіз қаншалықты толады десек? 

– Толатын кезі өте сирек. Ең жақсы деген өлеңдерімнің өзіне көңілім толмайды. Мен өлеңнің дұға сияқты болғанын қалаймын. Оның дұғалық қасиеті болуы керек. 

– Сіздің өлеңдеріңіздің бірнеше тілге аударылғанын білемін. Сіз сол өлеңдеріңіздің аударылу сапасын қалай бағалайсыз? 

– Бағалай алмаймын десем де болады. Сенім білдіруден басқа амал жоқ. Менің «Аң бейнесіндегі әке» атты екінші кітабым Мексикада испан тіліне аударылды. Аудармасы өте сәтті шықты деп ойлаймын. Испан тілін аз-кем білгендіктен емес, әрине. Аударма жасаған Валери Мейер (Мексика) мен Мак Тесттің (АҚШ) өздері де мықты ақын болғандықтан. Олардың жазғандары маған қатты ұнайды. Өлеңдерім испан тіліне жақсы аударылған болуы керек деп отырғаным да сол. Сол сияқты, өлеңдерімнің біразын қытай ақыны Яң Лиан қытай тіліне аударды. Олардың мықты аударма болғанына күмәнім жоқ. Түпнұсқадан (!) күшті болуы да ғажап емес. Өйткені оның өзі сұрапыл ақын. 

– Жиі оқитын өлеңдеріңіз бар ма? 

– Иә. Джон Китстің «Бұлбұлға мадағы» мен Кольридждің «Құбылай Ханын» жата-жастана оқимын. Қолыма қайта-қайта алатын кітаптардың қатарында Шэрон Олдздің «Таңдамалы өлеңдері», Гэлвей Киннел, К.К. Уильямс пен Томас Транстромердің «Топтама өлеңдері» бар. Жекелеген өлеңдерді айтар болсам, Джой Харджоның «Бар еді онда сәйгүлік», Адриен Ричтің «Апатқа ұрынуы» мен Элис Освальдтың «Dunt» атты өлеңі ...Айта берсе, көп. 

– Қазақстанда қатты әсерге бөлеген жайттар жайлы айтып берсеңіз? 

– Ең бірінші айтарым, бұл жердің адамдары жылы шырайлы, дос пейіл және өте қонақжай екен. Біз Алматы әуежайына қаңтар айының бозала бір таңында келіп қондық. Жерден көтерілген тұманның көрінісі ғажап еді. Күн қатты суық болды. Менің көзіме бірден шатырларда тұрған мұз сүңгілері түсті. Әдемі сәттер! Мен бұған дейін де қазақ салт-дәстүрлері, жылқылар мен бүркіт салу, Тянь-Шань таулары мен Берел қорғаны жайлы бірнеше кітаптар оқыған болатынмын. Осылардың барлығы мені таң-тамаша етті. Алтын адам қазбасы жайлы бірнеше кітаптарға тапсырыс та бердім. Қазақстаннан қайтқаннан кейін мен Алтын адам мен оның таңғажайып бас киімі, көмілген жылқылар жайлы екі өлең жаздым. Оның бірі күйеуіме жазылған қысқа ғашықтық өлең болып шықты. Содан кейін мені қатты таңғалдырған бір нәрсе, ол – соңғы күні қолыма бүркіт ұстағаным еді. Мұның Англиядан келген адам үшін қаншалықты таңғаларлық оқиға болғанын айтып жеткізу мүмкін емес. Сол бір сәт ұзағырақ болса ғой деп тілеумен болдым. Ол да ғашықтық өлеңге ұласты. Бүркітті қолға қондыру, күтпеген жерден ғашық болу сезімін еске түсіреді екен. Мен осы бір сәттегі бүркіттің «орны» мен ғашық адамның «орнын» өлеңге түсіргім келді. Кейіннен өзіңнің үлкен бүркітпен түскен суретіңді алған кезде мен оны ұябасар ретінде қабылдадым. Содан тұнып тұрған тылсым болып табылатын ер адамның қолындағы ұябасар жайлы ой бастаған өлеңімнің екінші жартысын жазуға итермеледі. 

– Жалпы, бұл сапарыңыз өз күткендегіңіздей болды ма? 

– Әлбетте, алған әсерім керемет. Кері қарай ұшқан сәтте қазақ даласы төменде жайылып сала берді. Ұшақ ішінде отырып Тянь-Шань тауының көрінісін тамашаладым. Бағыма орай, тура терезе жақтағы орындыққа отырыппын. Одан кейін үш сағат бойы аппақ даланың үстімен ұштық. Дала, кеңдік жайлы ойларға жетелеген әдемі сәттер! Бұл жайында оқыған сайын әсерлене түсем. Менің қорғаннан табылған жауынгер әйел жайында жазылған өлеңімнің әлі сиясы да кеуіп үлгермеді. Оның менің шығармашылығымды байыта түскеніне күмән жоқ. 

– Көптеген елдерде болдыңыз. Солардың ішінде қайтып барғыңыз келетіндері бар ма? Неге? 

– Амазонкаға да, Гималайға да, Қытайға да, Қазақстан, Моңғолия мен Тибетке де барғым келіп тұрады. Маған әлемнің табиғаты бүлінбеген нүктелері ұнайды. Себебі мен онда өзімді өз үйімдегідей сезінемін! 

– Өз замандастарыңыздың арасында бәсекелестік бары сезіле ме? 

– Британиядағы ақындар ортасы өте шағын. Онда бәсекелестік болатындай тағайындалатын жүлделер де көп емес. Өз пайымдауымша, біз бәсекеге түссек, жақсы жазу үшін, қолдан келгенше мықты болу үшін бәсекелесуге тиіспіз. Ал ондай болу үшін беріле жұмыс істеп, үнемі деңгейімізді көтеріп отырсақ, қанеки?! 

– Бос уақытыңызды қалай өткізуге тырысасыз? 

– Бос уақыт деген көп бола бермейді. Кейде тіпті мұрнымызға су жетпей кетеді. Бірақ қандай жағдай болмаса да кітап оқуға уақыт табамын. Көп оқимын. Әсіресе бір жаққа саяхаттағанда, не болмаса метрода. Әлем поэзиясымен қатар, антропология, жаратылыстану тарихы немесе қызығушылығымды туғызған кез келген деректі материалдарды оқи беремін. Қазіргі уақытта бүркіттер, қорғандар, Қазақстан һәм музыкалық үйлесім мен музыканың рухани күші жайлы жазылған ежелгі теорияларды оқып жатырмын. 

– Қазіргі танылып қалған ақындарға тоқталып кетсеңіз... 

– Бүгінде Британиядағы ең танымал ақындар кім десе, өз басым ең әуелі Саймон Армитидж, Кэрол Энн Даффи мен Бенджамин Зефанианы атар едім. Менің ойымша, Симус Хини мен Тэд Хьюз да бүгінгі таңда танымалдылықтан кенде емес. Қалай десек те, бұл сұраққа жауап беру оңай емес. Өйткені менің бар білерім – жұрт аузындағы сөз, нақты дерек емес. 

– Егер сізге әлемдегі ең үздік он ақынның антологиясын құрастыру мүмкіндігі берілсе, оған кімдер кірер еді? 

– Бар-жоғы он ба? Қиын болатыны сөзсіз. Себебі мұндай антологияны жасауға менің білімім аздық етеді! Десе де, өз ұсынысымды айтсам, олар – Пабло Неруда (Чили), Лез Маррей (Австралия), Ференц Юхаш (Мажарстан), Шэрон Олдьз (АҚШ), Сиаран Карсон (Ирландия), Джон Китс (Ұлыбритания), Сэмюель Тэйлор Кольридж (Ұлыбритания), Артюр Рембо (Франция), Яң Лиан мен Ли Бай (екеуі де Қытайдан), Райнер Мария Рильке (Австрия) мен Томас Транстромер (Швеция). Көрдіңіз бе, оннан асып кетті. Мұның өзі толық емес...

 

– Қазақтар турасында білгіңіз келіп тұратын нәрсе не? 

– Білгім келетін нәрселер көп. Мысалы, дәстүрлеріңізді қалай қабылдайтындарыңызды, дәстүрлі музыканың маңыздылығы қаншалықты екендігін білгім келеді. Қобыз әлі де бақсылық аспап ретінде санала ма, жоқ па дегендей... Жергілікті миф, аңыздар, осы елдің поэзиясы, сіздердің туған топырақпен байланыстарыңыздың қаншалықты екендігі де мен үшін қызық. Бізге өз өнерін көрсеткен жырауды тыңдап отырған кезде менің құлағыма тарихи кезеңдердің, жылқы мен даланың үні келді. Ол менің біле түссем екен деген құштарлығымды оятты. Бұл әуен менің есіме туған жер тағдырын ұлттық құндылықтар арқылы жеткізетін Австралия аборигендерінің ән-жырын түсірді. Бұл тұрғыда, Батыстың аталмыш дәстүрлерден үйренері көп. Әсіресе осы бір ғаламдық жылыну мен табиғаттан адамзат баласы барынша алыстаған заманда. Табиғаттың таңғажайып жаратылысы – қыран бүркіт пен жылқы жайында да білгім келетін нәрселер өте көп. Орыстардан бостандық алған қазақтардың өздерін қалай сезінетіндерін, қазақ үшін бостандық мағынасының не екенін білгім келеді. 

Сұхбаттасқан: Дәурен Берікқажыұлы

 

Бөлісу: