Ақтауда өткен тіл байқауында ағылшын Камс Камуабо мен қарақалпақ қызы бас жүлдені жеңіп алды

25 Ақпан 2019, 12:46 2274

Қазақстан Халық ассамблеясының Ақтау қаласындағы ғимаратында Халықаралық ана тілі күніне орай «Тіл–тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз» тақырыбында байқау өтті.

23 этнос өкілдерінің басын қосқан осынау байқауды ұйымдастырудағы мақсат—әркімнің өз ана тілінің көркемдігін сезінуі, басқа тілді құрметтей білуге шақыру және тілдік, мәдени әртүрлілікті, тілдік ерекшелікті сақтау, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайту.

Жас айырмашылығы 15-45 аралығындағы сайыскерлердің әрқайсысы өз ұлтының ақын-жазушыларының шығармаларын мәнерлеп оқыды және сол оқыған өлеңдерін мемлекеттік тілдегі аудармасын ұсынды.

Сахнаға алдымен 15-25 жастағы қыз-жігіттер шығып, көрермендерді өз өнерімен тәнті етті. Ал екінші топты 42 жастағы ағылшын Камс Камуабо өзінің ана тілі мен қазақ тіліндегі әсем жырымен түйіндеді. 

Екі тілде жаттаған жырларын поэзия сүйер қауымға барынша әсем жеткізе білген дарындарды бағалау қазылар алқасына да оңай тимесе керек. Дегенмен, жүйріктен жүйрік озар сайыс болған соң оның жеңімпаздары да анықталды.

 Жүлделі I-орынды ағылшын Камс Камуабо мен қарақалпақ қызы Дильназ Жұбайшаева бөлісті. Ал 2-орын орыс ұлттарынан Венера Суровцева мен Ева Вельичконың еншісіне тиді, 3-орынға орыс қызы Валерия Галушко мен қырғыз жігіті Таалайбек Бегейбай табан тіреді.

Ана тілінің қадірін арттырған бұл шараға белсенді қатысқан өңіріміздің этномәдени бірлестіктерінің өнерпаз мүшелері ән-билерімен шашу шашып, кеш ажарын аша түсті.  

Бөлісу: