Ақтауда ҚХА-ның жаңа жылдық қайырымдылық шыршасы өтті

26 Желтоқсан 2019, 11:56 3319

Ақтаудағы Достық үйінде Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашевтың қатысуымен Жаңа жыл мерекесіне орай, мүмкіндігі шектеулі, аз қамтылған отбасылар мен ата-ананың қарауынсыз қалған 300-ден астам балаға арналған облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының жаңа жылдық қайырымдылық шыршасы өтті.


Балалар Аяз ата мен Ақшақар және тағы да басқа ертегі кейіпкерлерін ата-аналарымен, мұғалімдерімен келіп тамашалады. Мерекелік кешке әртүрлі кейіпкерлердің киімдерін киген балалар ортаға шығып өз өнерлерін көрсетіп, шыршаны айнала ән айтып, би биледі. Балалар үшін түрлі ойындар ұйымдастырылды.


Облыс әкімінің орынбасары Қ. Жұмашев шыршаға қатысушы балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, бүлдіршіндерге әдемі кеш, көтеріңкі көңіл-күй сыйлағаны үшін ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.


2017 жылғы облыстық және республикалық деңгейдегі «Жомарт жүрек» сыйлығының «Жыл тұлғасы» номинациясының иегері, «Ана мен бала» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Дәметкен Шакенова аталмыш шараны ұйымдастыруға мұрындық болды.


Мереке соңында әр балаға Жаңа жылдық сыйлықтар табысталды. Өңірлік этномәдени бірлестік өкілдері де балаларды Жаңа жыл мерекесмен құттықтап, игі лебіздерін білдірді.


Ата–аналар да ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, ұстаздар қауымы Д. Шакеноваға мектеп басшысының атынан арнайы Алғыс хаттарын табыстады.

Бөлісу: