Ақтауда этномәдени бірлестіктерінің өкілдері арасында «Көктем аруы» байқауы өтті

22 Сәуір 2019, 00:00 3407

Елбасы Н. Назарбаев жариялаған Жастар жылы мен «Қазақтану» жобасы аясында Маңғыстау облысы Қазақстан халқы ассамблеясы өңірдегі этномәдени бірлестіктерінің өкілдері арасында «Көктем аруы» байқауын өткізді.

Сахнаға шығып, сөз алған Маңғыстау облысы ҚХА хатшылығының меңгерушісі Гүлжан Исмурзина байқау қазақ халқының тарихын, мәдениетін, тілін, «Рухани жаңғыру» бағдарламасында көрсетілген мәдени құндылықтарды терең білу мақсатында ұйымдастырылып отырғанын атап өтті.

Оған қоса, арулардың өзін-өзі таныстырып, мақал-мәтелдерді, өлеңдерді мәнерлеп оқуына және ойлау, есте сақтау қабілеттерін, қиялын, қазақ тілін дамытуға септігін тигізеді деген сенімде байқауды ұйымдастырушылар. Байқауға ұлттық киім киген алты ару қатысты. Сахнада оларды біріктірген бір нәрсе болды – қазақ тілінде емін-еркін сөйлеулері.

Бірінші орынға «Атамекен» әнін орындап, алға суырылған Роксана Құрбанова ие болды.

Әзірбайжан этномәдени бірлестігінің атынан шыққан Аида Шарифова ұлы Абайдың адамның рухани, моральдық, отбасылық құндылықтарына, жас ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған қара сөздерін мәнерлеп оқып, екінші орынды місе тұтты.

Нюлифар Базарбаева үшінші орынға табан тіреді.

Сондай-ақ, конкурс барысында қатысушылар өздеріне қойылған сауалдардың мәнін ашып, қазақ халқының салт-дәстүрлері туралы мол мағлұмат берді. Байқаудың жеңімпаздары мен қатысушылары Маңғыстау облысының Қазақстан халқы ассамблеясының дипломдары мен бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

Бөлісу: