Қазақстан халқы ассамблеясының Маңғыстау облыстық филиалында Билер кеңесін құру және олардың мүшелерін сайлау жөнінде алғашқы кеңес отырысы өтті. Оған қоғамдық бірлестік ретінде құрылатын Билер кеңесінің төрағасы болып бірауыздан химия ғылымдарының кандидаты, қалалық мәслихат депутаты Марат Молдағұлов, хатшысы болып отставкадағы судья Гүлжахан Имангалиева сайланды.
Сондай-ақ, Билер кеңесінің 9 мүшесі мен 3 адамнан тұратын жұмыс тобы да белгілі болып, 2019 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.
Өңірде алғаш пайда болған Билер кеңесінің құрамына қоғам қайраткерлері, отставкадағы судьялар мен облыстың құрметті азаматтары кірді. Аталған құрам қоғамда орын алған дауларды бітімгерлікпен шешу жолдарын қарастыратын болады.
Кеңес төрағасы алдағы жұмыс бағыттарымен, кеңес мүшелерінің міндеттері мен құқықтарын түсіндірді. Билер кеңесінің аудан, қалаларда тұратын мүшелері өз тұрғылықты жері бойынша тараптарды қабылдауға құқылы.
Осыдан соң, облыс сотының, Маңғыстау облысы Қазақстан халқы ассамблеясының бірігіп ұйымдастырған «Билер кеңесінің жұмыс бағыты» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға судьялар, Ш.Есенов атындағы университеттің оқытушылар құрамы мен медиаторлар, өңірдің қариялары мен отставкадағы судьялар қатысты.
Дөңгелек үстелде сөз алған Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Ержан Даулиев қоғамдағы түрлі әлеуметтік, азаматтық, экономикалық даулардың қатары көбейіп, әрбір үшінші адам сот әуресінде жүргенін айтып, дауларды азайтудың бір тетігі – татуластыру рәсімдерін қолдану аясын кеңейту екендігіне назар аударды.
Одан әрі Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Сәкеев дауларды сотқа дейін шешу тетіктерін іске қосу, билер кеңесінің жұмысын ұйымдастыру, медиаторлардың қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында республика бойынша 200-ге тарта «Билер кеңесі» құрылғандығын атап өтті. Сондай-ақ, ол өңірде «Билер кеңесінің» атқаратын жұмысы мен қоғамдағы рөлі туралы баяндады.
Жиын барысында облыстық соттың төрағасы өңірде медиация кабинеттерінен бөлек Маңғыстау облысы ҚХА жаныңда, университетте және Кәсіподақтар үйінде татуластыру орталықтары, «Атамекен» ҰКП облыстық филиалында татуластыру секторы қызмет көрсететінін, алайда, осы жұмыстардың барлығы әлі де қоғамда дауды азайта алмай отырғанын айтып, Билер кеңесі осы кемшілікті азайтуға септігін тигізетініне сенім білдірді.
Іс-шара барысында «Билер кеңесінің» жұмысы туралы арнайы дайындалған бейнеролик көрсетіліп, кеңес мүшелерін жаңа қызметтерімен құттықтап, оларға естелік ретінде киелі Маңғыстау өңірі мен аңыздары туралы кітаптар сыйға тартылды.