Қаңтар оқиғасында қарулы адамдар көп болған - полиция капитаны

22 Шілде 2022, 17:54 2880

Полиция капитаны Айбек Әбдіманаповпен сұхбат

2022 жылдың басы ел тұрғындары үшін оңай басталмады. Қаңтардағы ойраннан бері жарты жыл өтсе де ел оны ұмытқан жоқ. Жаңаөзеннен басталған бейбіт шеру өзге өңірлерде жалғасын тауып, ары қарай қалай өрбігені баршаға аян. Әкімшілік ғимараттарды өртеу, дүкендерді қиратып тонау, полиция көліктерін өртеп, әуежайды басып алу сынды әрекеттер әсіресе Алматыда орын алғаны белгілі, деп хабарлайды El.kz Baq.kz тілшісіне сілтеме жасап.

Осындай дүрбелең кезінде елдің тыныштығы үшін күрескен құқық қорғау органдары соққының астында қалды. Біз тыныштығымызды сеніп тапсырған кейбір құрылымдар қару сақталған қоймаларын ашық тастап кеткені де кейін белгілі болды. Дегенмен қарулы қаскөйлердің шабуылына тойтарыс беріп, ерлік көрсеткендер де баршылық. Солардың бірі - Алматы ПД-нің Арнайы және жұмылдыру дайындығы басқармасының аға инспекторы, полиция капитаны Айбек Әбдіманаповпен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

Қаңтардың 5-нен 6-на қараған түні содырлар қалалық Полиция департаментіне шабуыл жасап, ондағы қару-жарақты басып алмақ болғанда ол әріптестерімен бірге ғимаратты қорғаған. Сол сәтте Полиция департаменті ғимаратын қорғау бойынша «Қамал» операциясы қолға алынады.

Сол күні кешке қарай мемлекеттік нөмірін алып тастаған бірнеше көлік ғимарат жанында арлы-берлі көп жүріп кетті. Кейін сағат 20:30 шамасында сол көліктен бізге оқ ата бастады. Агрессивті адамдар ешқандай талап қоймастан ғимаратқа тас, жарылғыш заттар лақтырды. Алдымен ПД-і алдындағы азаматтарды қабылдайтын фронт-офисті өртеп жіберді. Кейін әскерилерден тартып алған КАМАЗ көлігімен қақпаны қиратып кірмек болды. Бірақ біз оған жол бермедік, көліктің дөңгелегін атқылап тоқтаттық,-деп еске алды полиция капитаны.

Ғимаратты қорғау барысында ондағы полиция қызметкерлерін жауынгерлік позицияға бөлген. Біздің кейіпкеріміз қақпаны күзету және жоғарыдан өткізбеу позициясына қойлыған. Сонымен қатар ол содырлар ғимараттың 4-5 жағынан шабуыл жасағанын, олардың қарасы өте көп болғанын айтты.

Бұған дейін банданы ұстау бойынша түрлі операцияға қатысып жүрген ол,  лаңкестердің мынандай ауқымды шабуылын бірінші рет көргенін айтады.

Олар әскери соғыс тактикасын жақсы меңгерген адамдар екені байқалып тұрды. Ғимаратқа қарсы тұрған 5 қабатты үйдің төбесінен снайперлер оқ атқаны да белгілі болды. Лаңкестердің шабуылы таңға дейін жалғасты, дегенмен біз өзіміздің қызметтік міндетімізді абыройлы атқарып, ғимаратты қорғап қалдық. Егер олар бұл жерді алса, ондағы қарумен қаланы басып алар еді. Сондықтан бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігі бірінші орында болды,-дейді А.Әбдіманапов.

Айбек Әбдіманаповтың үш баласы бар. Шабуыл кезінде отбасының, елдің тыныштығын естен шығармаған.

Лаңкестер шабуыл жасамай тұрып туыстарым мен жақындарым қоңырау соғып жағдайымды сұрап жатты. Кейін атыс басталып кетті. Ел тыныштығының маңызын түсіне білсек екен. Кез келген бейбіт митингтің арты үлкен қасіретке әкелетінін көріп отырмыз,-дейді  полиция капитаны.

Наразы топтың ішінде қарулы адамдар қатары да көп болған. Өйткені қаладағы 9 қару-жарақ дүкені тоналып, кейбір құқық қорғау органдарының қару қоймалары тоналған. Сондықтан ол күндері жұмысқа шыққан құқық қорғау қызметкерлері, өрт сөндірушілер мен дәрігерлер өлімге бас тікті десек болады. Наразы топ тәртіп сақшыларынан бөлек өрт сөндірушілер  мен жедел жәрдем көліктеріне де шабуыл жасап, көліктерін тартып алып жатты.

Алматыдағы дүрбелең кезінде өрт сөндіру қызметінің 18 техникасы зақымданып, бір адамға оқ тиген. 

Алматы қаласы ТЖД-ның баспасөз хатшысы Гүлдана Нұрымбетова қаладағы аласапыран кезінде өрт сөндірушілер қандай қиындыққа тап болғанын былайша баяндап берген еді.

Қаңтардың 4-нен басталған тәртіпсіздік кезінде өрт сөндірушілер 70-тен астам оқиға орнына барды. Оның 50-і өрт оқиғасы болатын. Алайда, тәртіп бұзушылар өрт сөндірушілердің жұмысына кедергі келтіріп, олардың өздеріне шабуыл жасады. Шабуыл кезінде бір өрт сөндірушінің қолына оқ тиді, тағы сегізі өз міндетін атқару барысында жарақат алды, - деді ол.

Сондай-ақ ол тәртіп бұзушылар ТЖД-ның 18 көлігін зақымдағанын жеткізді.

Шерушілер 7 өрт сөндіру көлігін тартып алып, оларды әкімдік ғимаратына шабуыл жасау мақсатында пайдаланған. Оның бесеуі толығымен өртеніп кетті, - деді ТЖД өкілі.

Оның айтуынша, Алматы әкімдігі ғимаратының өртенгені туралы мәлімет қаңтардың 4-і күні сағат 23:12 шамасында түскен. 

Бірінші күні әкімдік ғимаратында полиция қызметкерлері болғандықтан өрт жылдам сөндірілді.  Ол кезде өрт 50 шаршы метрге жайылған. Қаңтардың бесінен бастап 101 қызметіне қалада өрт көбейгені туралы қоңыраулар түсе бастады. Дегенмен шерушілер өрт сөндірушілерді ұрып-соғып, олардың жұмысына кедергі келтірді.  Яғни, жұмысшылардың өміріне қауіп төндірді.  Өйткені шерушілер арасында өрт сөндірушілер суық су шашады деген сөз тараған, сондықтан оларды таспен атқылап, шабуыл жасады, - деді Нұрымбетова.

Сондай-ақ қаңтар оқиғасы кезінде түсірілген видеолардан наразы топтың тәртіп орнатуға шыққан әскери оқу орындардың курсанттарын аяусыз ұрып-соғып, әскери киімдерін шешіп алып жатқанын көруге болады. Сол күндері Шекара академиясының курсанттары Алматы қаласы әкімдігінің және басқа да стратегиялық нысадарды қорғауға қатысқан. Алматыда бес шекарашы қаза тапты. Олардың ішінде Мейірхан Бітім, Әділхан Жайық және Дәулет Жұпарбеков те бар. Мейірхан мен Дәулет небәрі 19 жаста болған, Жайық 22 жаста еді. ҚР Президентінің Жарлығымен олар үшінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

Сол күндері жедел жәрдем көліктеріне де шабуыл жасалды. Тіптен, Алматының Қалқаман ықшам ауданында орналасқан №7 қалалық аурухананы содырлар қоршауға алып, дәрігерлердің жұмыс істеуіне кедергі келтіргені белгілі болды.

Аталған аурухананың бас дәрігері Манас Рамазанов ақпарат құралдарына берген сұхбатында қарулы адамдар жұмысқа кедергі келтіріп, емдеу мекемесіне жедел жәрдем көліктерін кіргізбегенін айтты.

Біз 5-8 қаңтар аралығында, 3 тәулікке жуық уақыт қоршауда болдық. Аурухана маңайына экстремистік топ қоршау құрып алды. Олар бізден 50-100 метр қашықта болды. Аурухана үш көше арасында тұр: Райымбек, Әшімов, Алтын Алаш. Осы көшелерде қарулы адамдар тобы болды. Олар қоршау тұрығызып аурухана жұмысына кедергі болды. Кіріп-шығуға мүмкіндік бермеді. Жедел жәрдем көліктерін кіргізбеді, - деді бас дәрігер. 

Содырлар от жағып, ауруханаға оқ атқан. Бірнеше рет шабуыл жасап, есік-терезелерді сындырған. Дәрігерлерді қорқытып, дәрі, спирт сұраған және қару кезенген.

Біз терезеден қарап отырдық. Олар аурухананы кепілге ұстап отырды. Психологиялық тұрғыдан жұмыс істеу өте қиын болды, - деді ол.

Бұл кезде клиникада 300-ден астам науқас, 200-ге жуық қызметкер болған. Кей қызметкерлер 3 тәулікке жуық ауруханада жатқан. Оларға шабуыл жасау қаупі болғандықтан екінші ауысым жұмысқа келе алмаған.

Өзімнің көзім жетті, көлігіме қылмыскерлер тобы тап бергенде қашуға тура келді. Бұл таңертеңгі уақыт болатын, таңғы 6-7 шамасы, жұмысқа келген кезім. Жеке сектор арқылы көлікті қалдырып, дуал арқылы қашып, жұмысқа келуге тура келді. 6-7 қаңтар күндері жағдай ушығып кетті, екі күндей жағдай қиын болды. 8 қаңтарда арнайы органдар күштік операцияны бастап, оларды мына жерден шығара бастады, - деді №7 аурухананың бас дәрігері. 

5-6 қаңтарда митинг пен тәртіпсіздіктер кезінде жарақат алғандар ауруханаға түсе бастаған. Ауруханаға жеткізілгендердің екеуі қайтыс болыпты. 

Медициналық қызметкерлер арасында дүрбелең болған жоқ, бірақ қорқыныш болды. Ауруханада көбіне ер адамдар, хирургтар, травматологтар, нейрохирургтар, жеке қауіпсіздік қызметкерлері болды. Әйелдер қауымын қысқартуға тырыстық. Ауруханада болғандарды жоғарғы қабаттарға жасырдық, - деді Рамазанов ақпарат құралдарына берген сұхбатында. 

Ел басына түскен қиын-қыстау шақта өздерінің кәсіби міндеттерін жалғастыра білген бұл жандар кез келген уақытта оққа ұшуы мүмкін еді. Балалары мен жақындарына алаңдаумен қатар олар елдің тыныштығы үшін қызметтерін абыроймен атқарып шықты. 
Бөлісу: