Қаңтар оқиғасы кезінде ерлік көрсеткен ұландық жауынгер марапатталды

28 Маусым 2022, 00:26 2627

Биылғы қаңтар оқиғасы ел жұртшылығының жадында мәңгі қалары сөзсіз. Еліміздің ішкі тыныштығының қалқаны болған Ұлттық ұлан жауынгерлері осы бір ел басына күн туған қиын кезеңде табандылық танытып, антқа адал екендіктерін дәлелдеді, деп хабарлайды EL.KZ Ұлттық ұланға сілтеме жасап.

Бұл сөзімізге дәлел болар қаншама дәйектер бар. Антына адал сондай азаматтардың бірі – 6506 әскери бөлімінің жауынгері Самандар Ташкенбаев.

Ол Шымкент қаласындағы қақтығыста қарапайым халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында алдыңғы шепте тұрды. 5 қаңтар күні қалалық әкімшілік ғимаратының алдында тыныштықтың сақталуын қадағалап тұрған Ұлттық ұлан жауынгерлері мен полиция қызметкерлерінің қатарын бұзып өтуді көздеген қаскөйлердің жолын кесті.

Дәлірек айтсақ, тәртіп бұзушылардың бірі жақын маңдағы құрылыс алаңында тұрған бульдозерді мініп, жолындағы нысан, кескіннің бәрін таптаған күйі, әкімшілік ғимаратын тура бетке алып, талқанбауға келе жатады. Сонда Самандар өз өміріне қауіп төнгенін біле тұра, мұндай бассыздыққа қалайда тосқауыл керек екенін түсініп, ойланбастан көлікке тұра ұмтылады. Көлік тізгінінде отырған бұзақы құлатпақ болып, барынша қарсылық танытқанмен, заңсыз әрекетін жүзеге асыруына ұландық жауынгер жол бермеді. Бульдозерді қауіпсіз жаққа бұрып әкете алды. Алайда сол жолы, өкінішке орай, ауыр жарақат алды. Самандардың жамбас және ақ тұсына тиген оқтан қансырап тұрғанын көрген командирлері дереу көмекке келіп, шұғыл түрде оны ауруханаға жеткізеді.

Жаппай тәртіпсіздіктер аяқталып, елдегі жағдай тұрақталған соң қатардағы Ташкенбаев Самандар Бахтиярұлы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысының бұйрығымен «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» кеуде белгісімен марапатталған болатын.

«Елің үшін отқа түс, күймейсің!» деп батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай, ұрыс алаңында нағыз Ұлттық ұлан жауынгеріне тән батылдық, ерлік, жылдам шешім қабылдау сияқты асыл қасиеттері арқылы қаншама адамның өмірін ажалдан арашалап қалған 6506 әскери бөлімінің жауынгері қатардағы Самандар Ташкенбаевтың ерлік әрекеті мемлекет тарапынан да жоғары бағаланып, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды.

Награданы сержант Ташкенбаевқа Шымкент қаласының Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков құқық қорғау органдарының 30 жылдық мерекесіне орай табыстады.

Самандардың жасаған бұл ерлігі Ұлттық ұлан жауынгерлеріне ғана емес, өсіп келе жатқан еліміздің болашағы – жас буынға үлгі-өнеге болары сөзсіз.

EL.KZ
Бөлісу: