Ақтөбеде қаза болған әскери қызметкерлерді еске алу жиыны өтті

9 Маусым 2016, 11:25

Жиынға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты

Ақтөбеде қаза болған әскери қызметкерлерді еске алу жиыны өтті. Жиынға №6655 әскери бөлімінің қызметкерлері мен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, қазаға көңіл айтты.

Ақтөбе қаласындағы №6655 әскери бөлімінің алдында қаза болған әскери қызметкерлер мен жауынгердің суреті ілулі тұр. Олар: майор Даниель Майлыбаев, кіші сержант Берік Қалиев пен қатардағы жауынгер Досбол Сапар. Бүгін Аза тұту күніне байланысты әскери бөлім қаза болған қызметкерлердің оққа ұшқан жерлерін көрсетті.

Алдымен күзетте тұрған кіші сержант Берік Қалиев автобуспен баса көктеп кіріп келген қарулы топқа қарсы оқ атады. Бірнеше жерінен оқ тиген әскери қызметкер сол жерде қаза болды. Ал майор Даниель Майлыбаев демалыс болса да сол күні жұмысқа келді. Қарусыз қаннен-қаперсіз өз істерімен айналысып жүрген. Тұтқиылдан жасалған шабуыл кезінде жараланып, оқиға орнында көз жұмды.

«Бұл біз үшін ауыр қаза. Ең бастысы, әскерилер мен жауынгер өздерінің қызметтік міндетін атқарды. Қарулы топтың басты мақсаты қару-жарақ қоймасына кіріп, қаруды алу еді. Бірақ күзеттің негізгі құрамы оған жол берген жоқ. Бұл жерде екі жақтың күші екі түрлі болды. Қарулы топ құрамында 17 адам болса, біздің әскери қызметкердің үшеуі ғана қарсы тұрды»,- дейді ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының орынбасары Мұхамбетқали Сатов.

«Сіздерге, әсіресе, жас сарбаздарға рахмет айтамын. Сіздер басқа адамдарға үлгі-өнеге болдыңыздар. Өкінішке қарай, үш адам өмірден озды. Бұл азаматтардың отбасына көңіл айтамын. Олар ерлікпен қаза тапты. Олар Ақтөбе халқын қорғаймыз, тыныштықты сақтаймыз деп қаза болды. Осы оқиға бізді бірлікке, қырағылыққа шақырады деп ойлаймын»,- деді облыс әкімі Б.Сапарбаев.


Ақпарат bnews.kz сайтынан

Бөлісу: