Ақтөбе облысында биылғы жыл Бала жылы деп жарияланған болатын. Соның аясында өңірде "Бақытты бала" атты ауқымды жоба ұйыдастырылды.
Өткен демалыс күндері Ақтөбеде осы ауқымды шараның мәреге жетуіне орай қорытынды мерекесі өтті.
Шараға ҚР Парламентінің Сенат және Мәжіліс депутаттары, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, Ақтөбе мен облыстың барлық аудандарынан келген балалар қатысты. Жиналғандар алдында сөз сөйлеген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев атап өткеніндей:
«Осы жыл қазақстандықтар үшін ерекше – ұлттық-рухани және жалпы адамзаттық құндылықтардың өркендеу және жаңа күшпен даму жылы. Мемлекет басшысының тапсырмаларына, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес біздің облыста ағымдағы жыл Бала жылы деп жарияланып, соның аясында өткізілетін шаралар «Бақытты бала» жобасына біріктірілді.
Жыл басынан бері жоба аясында көптеген өте маңызды бастамалар жүзеге асырылды. Елбасы 2019 жылды жастар Жылы деп жаряилауына байланысты жоба келесі жылы өз жалғасын табатын болады», - деп атап көрсетті Б. Сапарбаев.
«Бақытты бала» жобасы ЮНИСЕФ, БҰҰ ДБ халықаралық қоғамдық ұйымдары, қайырымдылық қорлары, ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылған болатын.
«Жобаның тек Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде де аналогі жоқ. Облыста балаларды, әсіресе мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау және қорғауда үлкен жұмыстар атқарылуда. Бұл тәжірибені өзге өңірлерге де тарату керек», - деп атап өтті Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева.
Жобаның нәтижелері расымен де таңғалдырарлық. Тек биылдың өзінде Ақтөбе облысында еліміздегі тұңғыш жыл бойғы сауықтыру инклюзивті «Күншуақ» лагері құрылып, бюджет қаражатынан тыс қаржыға аутизмі бар балаларға арналған орталық, коррекциялық балабақша, мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығы ашылды.
177 спорттық-ойын алаңы, жазғы Аквапарк, Мұз сарайы, Теннис орталығы пайдалануға берілді, жеңіл атлетикалық манеждің құрылысы жүріп жатыр. 25 IT-класс ашылды, мектептер 24 3D-принтерлермен, 27 робот техникасының жиынтығымен, 28 ультрақысқа фокусты проектормен жабдықталған.
Облыстағы 120 мың бала жазғы демалыспен қамтылды, соның ішінде 15 мың бала Қазақстанның киелі және көрікті жерлеріне аттанса, 700-ден аса дарынды бала еліміздегі, алыс-жақын шетелдердегі үздік жазғы сауықтыру және білім беру лагерьлерінде болып қайтты. Сондай-ақ, тұңғыш рет облыста «Әсем» жыл бойғы оқу-танымдық лагері ашылды.
Жоба аясында жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды жан-жақты қолдауға да басымдық берілді. Нәтижесінде кәсіпорындар мен мемлекеттік органдар балалардың "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі" есепшоттарын жыл басынан бері 80 млн теңгеге толықтырған, 81 жетім балаға жаңа пәтерлер мен үйлердің кілттері табыс етілді.
Облыс әкімі шараны қорытындылай келе жобаны жүзеге асыруға ат салысқандарды марапаттады. Олардың қатарында Хромтау және Мұғалжар аудандарының әкімдері Аманғали Бердалин мен Ербол Данағұлов, «Ақтөбе мыс компаниясының» бас директоры Елена Бондаренко, «Әсем» лагерінің құрылтайшысы Рабиға Тасыбаева, «Күншуақ» балалар лагерінің директоры Кенжеғазы Байғазин, «СНПС Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директоры Ван Цзюнь Жень мен тағы басқалар бар.
Шара мыңнан аса бала қатысқан әдемі театрландырылған көрініспен жалғасты.
Асан ҚАЛИАХМЕТ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.